Шалғай ауданның өзекті мәселелері қолға алынады
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен Қызылқоға ауданында болды. Ауданның Мұқыр ауылында жобалық құны 302 млн. теңгеге бағамдалған мәдениет үйі салынуда. 400 орындықты ғимарат құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Ауылда спорт кешені жоқ. Осы мәселеге назар аударылды. Тұрғындардың айтқан тілегіне орай аймақ басшысы жергілікті жауапты адамдарға ұсыныс жасауға тапсырмалар берді.
Мұнан соң Сағыз ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде болып, осыдан жеті жыл бұрын пайдалануға берілген спорт үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін көрді. Бұл мәселе бойынша облыстық мәслихат сессиясына ұсыныс түсіру қажеттігі айтылды. Сағыз ауылында да 400 орындық мәдениет үйі мен 290 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде. Құрылыстардың кешеуілдеп жүріп жатқанына өңір басшысы ескерту жасады. Маңызды нысандардың тұрғындар игілігіне уақытында тапсырылуын ескертті.
Аудан орталығы Миялы селосында өткен жылы күзде ашылған мал сою цехының жұмысымен танысты. Мұнда 3 айда 500 ден астам ірі қара мал сойылып, тұтынушыларға жөнелтілген. Заманға сай жабдықталған цехты алдағы кезде кеңейту, технологиялармен жетілдіру жоспарлануда.
Аудандық орталықтандырылған ауруханада болған кезде тұрғындар денсаулығына байланысты өткір тұрған мәселелер назардан тыс қалмады. Ауданда туберкулез ауруына шалдыққандар саны артқан, ауруханаларда медициналық заманауи аппаратуралар мен жабдықтар жеткіліксіз, көптеген дәрігер-мамандар жетіспейді. Көліктерге арналған гараждың болмауы да дәрігерлік қызметке қолайсыздық туғызуда.
Облыс әкімі Н.Ноғаев сондай-ақ Ы.Шөреков атындағы ұлттық гимназия мектебінде болып, ұжымның оқу-тәрбие жұмысымен танысты.
Аймақта ветеринар мамандардың жетіспеуі, мал ауруы, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы ауданда өткізілген көшпелі мәжілісте айтылды.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауы арқасында мұнайлы аймақтағы ауыл шаруашылығы саласында соңғы жылдары оң өзгерістер болды. Агроөнеркәсіп кешенінде жаңа жобалар жүзеге асып, бұрын өңірде қолға алынбай келген дайын өнім шығару мен өңдеу ісі бастау алды. Өткен 2017 жылы облыста мал басы көбейді. Соның ішінде түйе мен жылқы саны 13,5 және 3,6 пайызға дейін артты.
Облыс әкімі мал ауруының, соның ішінде бруцеллездің алдын алуда нақты шаралар қабылдау керектігін айтты. Осы салада мамандар дайындау, тарту, медициникалық препараттар мен вакциналар алу, мал сою цехтарын салу, тұрғындар арасында санитарлық мәдениетті арттыру бойынша кешенді бағдарлама жасауды тапсырды. Мәліметтерге сәйкес мал ауруының 80 пайызы жеке қолдағы төрт түлік арасында кездеседі.
— Бізге мамандар тарту керек. Студенттерді оқытуға грант бөлу жүйесі бар. Қанша грант керек болса, сонша береміз. Бастысы, осы салада білім алуға талаптанатын жастар болуы керек, — деді Нұрлан Ноғаев. Ветеринар мамандарды тұрғын үйді жеңілдікпен алушылар қатарына қосатын, басқа да әлеуметтік жәрдемақылар төленетін санатқа қосу мәселесін шешуді жауапты адамдарға тапсырды.
Мемлекеттік қолдау шараларына келсек, аймақта ауыл шаруашылығын субсидиялау он бағдарлама бойынша жүргізіледі. Сол арқылы 720 шаруа қожалығы 2,6 млрд. теңге сомасында мемлекеттік қолдауға ие болған. Бұл бағыттағы жұмыстар Махамбет, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында жақсы жүзеге асып жатыр. Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2,9 млрд. теңге бөлінді. Облыс әкімі осы реттегі жұмыстардың қатаң бақылауда болатынын да атап айтты.
-Бұл өте маңызды мәселе, сондықтан баршаңыздың да жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын, — деді Нұрлан Ноғаев. – Шаруалар субсидияны уақытылы алып отырулары керек. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қолдау қажеттігі жайлы үнемі айтады. Біз қолдаудың қажет кезде және қажет уақытында болуына жағдай жасайық. Кәсіпкерлер проблемаларының шешілу мерзімі ұзап кететініне, субсидия әбден жұмысты бітіріп болған соң ғана берілетініне шағымданбасын. Субсидия шаруаларға әбден аяқталғаннан кейін емес, нақты жұмыс барысы кезінде керек.
Бүгінде аймақ картопқа деген қажеттіліктің 46 пайызын, көкөністерге деген қажеттіліктің 154,8 пайызын, бақша өнімдерінің 129,3 пайызын өзі қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта жаңа технологияларды дендеп енгізу арқылы картопқа қажеттілікті толық жабу қолға алынуда.
Светлана Муньянова,
Атырау облысы
Қызылқоға ауданы