ШАЛҒАЙ АУЫЛДА ЖАҢА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНЫЛУҒА БЕРІЛДІ

Ауырған адамға араша, жаны қиналғанға жанашыр болатын дәрігерлерге қолайлы жағдай жасау — бүгінгі күннің талабы.
Осы орайда бүгін Қамқалы ауылдық округінің Жайлаукөл ауылында 30 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Бүгінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қолға алынған «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы біздің ауданда да табысты жүзеге асырылуда.
Ауданымызда денсаулық сақтау жүйесі үнемі нығайтылып, жаңа медпункттер бой көтеріп, күрделі жөндеуден өтіп, емдеу мекемелері заманауи құралдармен, жаңа медициналық технологиялармен жабдықталып келеді.
Жалпы ауданда бойынша «Халықты тіркеу жүйесінде» тіркелген 38 мыңнан аса тұрғынға 630 медицина қызметкері қызмет жасайды. Оның ішінде 77 — дәрігер, 335 — орта буынды медицина қызметкерлері. Аудан бойынша 26 — медициналық нысан бар.
Сондай-ақ, биылғы жыл төменгі Шу бойындағы ауылдар үшін мерейтойға толы жыл болды.
Шығанақ, Қамқалы ауылдарының 60 жылдық мерейтойын шалқар шабытпен атап өтті. Ауыл азаматтарының демеушілігімен ауылдардың келбетін жақсартатын түрлі нысандар пайдалануға берілді.
Осы Жайлаукөл ауылында еңселі мешіт ашылды. Енді міне, жаңа дәрігерлік амбулатория да тұрғындарға қызмет етіп, ауылдың көркіне көрік қосатыны сөзсіз.
Міне, бүгінгі шалғай өңірдегі жаңа дәрігерлік амбулаторияның пайдалануға берілуі — осының дәлелі.
Жаңа нысан заман талабына сай құралдармен жабдықталып, ауыл тұрғындарының қажетті медициналық көмек алуына жағдай жасалған.
Құрылыс жұмыстарына 254 млн. 384,8 мың теңге қаржыны құраған ғимарат заман талабына сай жабдықталған.
797 тұрғыны бар Жайлаукөл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда 1-дәрігер 7- орта буынды медициналық қызмет атқаратын болады. Сонымен қатар, 30 төсек орынға арналған күндізгі емдеу бөлімі ашылған, дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген.
Нысанның ашылу салтанатына аудан əкімі Сәкен Мамытов қатысып, қуанышқа кенелген ауыл тұрғындарына ізгі тілегін жолдады: — Кез келген мемлекеттің басты байлығы халық болса, халықтың баға жетпес байлығы ол — денсаулық. Ендеше, жаңа нысанда ақ желеңді абзал жандарымыз тұрғындарға денсаулықтың маңызын насихаттап, оны қорғау бағытында жалықпай еңбек етеді деп сенім білдіреміз.
Баршаңызды жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, -деп, жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
Балтыры сыздап, бүйрегі ауырған жандарға ем болар жаңа амбулатория ел игілігі жолында жемісті еңбек ете береді деген сенімдеміз.