Шалғайдағы Мирный ауылында балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.
Мирный ауылы тұрғындарының көптен сұранған өтінішіне сәйкес, бүгін балаларға арналған заманауи ойын алаңы мен Street workout алаңы ауыл халқы мен балаларының игілігіне пайдалануға берілді.
Шалғай ауылдың қуанышын бөлісуге Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының басшысы М.Тулеулиев барып, өзінің құттықтау сөзінде Мирный ауылының аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдардың бірі екенін, дегенмен мұндағы жастар мен бүлдіршіндер де бұқаралық спортпен айналысуы үшін бюджеттен арнайы қаржы қаралып, бүгін пайдалануға беріліп отырғанын қуанышпен жеткізді. Жалпы соңғы жылдары ауданда бұқаралық спортқа үлкен көңіл бөлінуде. Биыл ауданда жыл басынан Мыңарал және Ұланбел ауылдарында демеушілер есебінен футбол алаңдары берілсе, Ақбақай ауылында аудандық бюджет есебінен футбол алаңы ел игілігіне берілгенін алға тартты.
Ойын алаңының ашылу салтанатында Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының басшысы М.Тулеулиев пен Мирный ауылының тұрғыны, аналар кеңесінің мүшесі, алтын алқа иегері Қ.Алдашевамен бірге алаңның лентасын қиды.
Одан кейін Мирный ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы М.Салибеков ақсақал өз құттықтау сөзін айта келе елімізге тыныштық пен бейбіт өмір тілеп өз батасын берді. Әжелеріміз жаңа ашылған ойын алаңына тәттіден шашуын шашып балалардың қуанышын бөлісті.