Шалғайдағы шаруалардың да шаруасы шалқиды

«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жанданған жамбылдық жоба бүгінде іс жүзінде өзінің өміршеңдігін көрсете бастады. Пилоттық жобаға таңдалынып алынған ауылдардың барлығында қызу тірлік жүргізілуде. Тіпті Жамбыл облысына қарасты шалғай Мойынқұм мен Шу аудандарындағы Кеңес пен Жаңақоғам ауылдық округтерінде де тұрғындар бизнес бастауларына берілетін несиені асыға күтуде.

Рас, ауылдағы ағайынның басым бөлігі табыстың көзін өз ауласынан табуға болатындығын бастапқы да түсінбеді. Сонда ғана ауыл дамиды, елдің еңсесі көтеріліп, жағдайы жақсаратынын да сезінбеді. Алайда биылғы жыл басынан бері облыс әкімі бастаған жұмыс тобы өңірдегі барлық ауылдық елді мекендерге арнайы барып, 138 мың ауланы толық зерделеп шықты.

Жұртшылықтың 60 пайызы ауылда тұратын Жамбыл облысы үшін қарапайым заттар экономикасын дамытудың нақты қажеттілігі туындап отырғаны да ақиқат. Осы мәселе көтерілгелі оған ат салысып, мемлекеттік саясатты қолдап отырған жандар елді мекендерде бүгінде асып жығылады.

Мәселен Жуалы ауданында тұратын Тоқтарбек Спатаевтың отбасы өз үйі маңын қосалқы шаруашылыққа айналдырып, табысын тамның іргесінен тауып отыр.

Жуалы ауданы Билікөл ауылдық округініңде тұратын Спатаевтар отбасы өз үйінің ауласын тиімді пайдаланып отырғанымен көпке үлгі. Өткен жылдан бастап, мал және құс шаруашылығы бағытындағы жұмыстарды қолға алған еңбек адамы қарапайым заттар экономикасы бойынша 2,5 пайызбен несие алу ауыл халқы үшін орасан пайда дейді. Билікөл тұрғыны өз ауласында 200 құс пен 100 ден астам қой өсіріп отырған еңбек адамы.

Ауыл тұрғыны көл маңында тұратын болғандықтан мұнда мал өсіруге, балық шаруашылығын дамытуға қолайлы жер көп. Сулы аймақтың жері де нулы келетінін билікөлдіктер жіті түсінеді. Биыл 120 бас мал бордақылау кешенін салған Тоқтарбек Спатаев бұл жердің табиғи жағдайын ескеріп, қораны да ерекше тұрғызуға күш салған.

Спатаевтар отбасы алдағы уақытта мұнда сүт және ет бағытындағы жұмыстарды жандандыратындығын алға тартып отыр. Ол үшін қора қопсы дайын, ннді әкімдік тарапынан жеңілдетілген несие берілсе шаруашылықты бұдан да ширату мақсаты тұр. Үйінің айналасына гүл отырғызып, жасыл –желекпен көмкеріп отырған отбасы келер көктемде ауласындағы бос жатқан жерге көкөніс егуді де жоспарлауда.

Иә, осылайша қосалқы шаруашылықты дамыту жұмыстары бүгінде Жамбыл облысында қарқын алуда.

Дедек Төлен