Шамалғанда 30-ға жуық жігіт атысқан
Алматы облысының Полиция департаменті Қарасай ауданында соңы атыспен аяқталған жас жігіттер арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді
Нақты айтқанда, 7 мамырда полицияға Шамалған ауылы маңында шамамен 30 шақты адамның арасында түсініспеушілік туындағаны, қару дауысы естіліп жатқаны туралы ақпарат түскен.
«Оқиға орнынан оқ жарақатын алған 30 жастағы жігіт табылды. Ол дереу ауруханаға жеткізілді. Әртүрлі калибрлі қарулардың патрондары мен гильзалар, сондай-ақ екі Lexus және «ВАЗ» автокөлігі табылды. Алдын ала анықталғандай, жанжалға екі ауылдық округтің тұрғындары, яғни 25-30 жас аралығындағы ауыл жастары қатысқан», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қазір тәртіп сақшылары жанжалға не себеп болғанын анықтап жатыр.
«Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір бұл жайтқа қатысушылардың бәрін ұстап, полицияға жеткізуге бағытталған іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Жағдай бақылауда», – деп қосты ведомстводан.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жезқазғанда екі топқа бөлініп, жаппай төбелескен жігіттер видеоға түсіп қалған болатын. Қарағанды облыстық ПД мәліметінше, бұл жайттан кейін де Қылмыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалған.