ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ «ӘН АҒА – ЖАН АҒА» АТТЫ КОНЦЕРТІ ӨТТІ

Шымкент қаласында жақында ашылған «Tulip hall» кешенінде алпыс жылдық тарихы бар Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония өнер шеберлерінің кезекті «Ән аға – жан аға» атты концерті өтті. Кешке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, филармония ұжымын құттықтап, өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі. Сондайа-қ концертке арнайы шақырылған ән падишасының қарындасы Райхан Қалдаяқоваға құрмет көрсетілді.
Фойеде скрипкашылар ансамблі Шәмші әндерін әуеніне қосып көрерменді қарсы алды. Сондай-ақ әнсүйер қауым Шəмші Қалдаяқов музей үйінің арнайы әзірлеген көрмесінен дарынды композитордың өзі тұтынған заттарын тамашалады. Ал тақтайшаларда ұсынылған таңдаулы 6 әнінің шығу тарихымен танысты. Бұған дейін көпшілік назарына ұсынылмаған Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтер көрсетілді.
Кеште филармония өнер шеберлерінің орындауында Шәмшінің шығармаларынан өзге халық әні, классикалық туындылар мен әлемдік саз әуендері шырқалды. Кеш шымылдығын ҚР Ерен еңбегі үшін медаль иегері Наркенже Серікбаева ашты. Өнерпаздарды 22 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестр, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі сүйемелдеді. Сонымен қатар кеште «Фараб», «Ғасыр» би ансамблдері өнер көрсетті.
Қазақ музыка өнеріне 300-ден астам туынды олжалаған Шәмші атамыз көзі тірісінде: «Халқым барда менің әндерім тыңдаушысыз қалмақ емес» дегендей «Tulip hall» залы Шәмші әндерін сағынған халықпен толыққандығы және филармония өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасын асыға күтетіндігі өнер ордасы үшін үлкен мәртебе. Жалпы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнер ұжымы маусым сайын жаңа сарын, жоғары деңгейдегі ауқымды кештерін көрерменге ұсынып келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі