«Шаңырақ» аналар кеңесі нәрестеге домбыра сыйлады
«Ұлттық домбыра күні» мерекесінде Атырау қалалық перзентханасында ерекше бір шара ұйымдастырылды. Ертеңгілік мұнда қалалық әкімдіктің бастамашылығымен, Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Шаңырақ» аналар кеңесінің мүшелері: «ҚР Білім беру саласының үздігі», тыл ардагері, Күміс алқа иегері Жұмағыз Баймұрзина, қоғам белсенділері: Салтанат Убдиянова, Әлия Бахтиярова, «Светоч» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Раиса Биткова және қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлбаршын Меңдіқұлова келді.
Перзентхана заманауи медициналық құралдармен, аппаратуралармен жабдықталған, пайдаланылуға берілгеніне 5 жыл болған облыстағы жаңа ғимаратты мекеме. Мұнда барлығы 150 адам жұмыс жасайды. Өткен жылы мұнда 4700 бала сау-саламат өмірге келген болатын. Биылғы жоспар бойынша 5500 нәрестенің кіндігі кесіледі деген жақсы жаңалық бар. Осындағы 17 маман-дәрігер, 70-тен аса орта буын медицина қызметкерлері жыл сайын өздерінің салалық білімдерін көтеріп, жаңа медициналық технология құралдарын меңгерудегі оқуларын жалғастырып, курстарда, семинарларда оқып отырады.
Қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынбасары Назымгүл Меңдешева осы сөткеде 12 сәбидің аман-есен өмірге келгенін қуана айтты.
— Елімізде ана мен балаға деген қамқорлық өте жоғары. Күн сайын біз сан ұлт сәбилерінің дені сау болып өмірге келуі үшін, аналарының аман-есен қол аяғын бауырына алуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Бала – еліміздің байлығы. Бүгінгі «Ұлттық домбыра күні» біздерге келіп, аналарға құрмет жасап жатқандарыңыз үшін көп рахмет! Перзентханамыздағы мұндай жаңа дәстүр баршамызға қуаныш пен ұлттық мақтаныш сезімін сыйлады, — деп толқыды Назымгүл Орынбасарқызы.
Осы сөткеде 12 ана бөпелі болып, олардың 7-і айтулы күн басталғанда «жеңілденген». Сондықтанда мейрам күні «оянған» бір ұл бала мен алты қызға, олардың аналарына сый-сияпаттар жасалды. Атаулы күнде алғашқы болып дүние есігін ашқан ұл балаға домбыра, ал анасына жібек ақжаулық пен гүл, өзге де сайлықтар тарту етілді.
Бұл өзі сондай бір көңілдерді толқытқан қуанышты сәт болды. Домбыраны ұсынған Жұмағыз апа жас анаға домбыраның қасиетін әңгімелеп, кішкентай сәбиін өнегемен тәрбиелеуіне, мына домбыра үнімен әлдилеп, ұлтымыздың құндылықтарын бойына сіңіріп, азамат етіп өсіруіне ақ тілегін тіледі. 18 жасар ана Айжарқын Әмірбекова да толқуын жасырмай алғыс сезімін жеткізді.
Жас ананың тұла бойы тұңғышының осындай айтулы күнде өмірге келіп, осындай ардақты аналардан бата алғаны жақсы ырым болды. Бөлмелерді аралап шыққан аналар мұндағы өзге де келіншектерге ақ орамал мен гүлдерін, сыйлықтарын таратып, перзентті болуларымен құттықтады. Жақсы тілектерін айтты.
«Светоч» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Раиса Биткова да өз тілегін арнады:
— Осы «Ұлттық домбыра күні» баршамызға жақсылығын, көңілімізге рухани байлығын, еліміздің халқына ынтымағын әкелсін! Домбыра енді тек қуанышты, бірлікті, ынтымақ пен достықты жырласын! Осы балаларымыз ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, азамат болып өсіп, елімізді көркейтсін! Ал оларға қызмет етіп жатқан медицина қызметкерлеріне, өсіріп тәрбиелейтін ата-аналарына, құттықтауға келген қоғам мүшелеріне зор рахмет! – деді Раиса Афанасьевна Биткова.
Кездесуге келгендерге перзентхана қызметі туралы да деректер айтылып таныстырылды. Перзентханада тұрғындарға қызмет көрсету орталығының өкілі арқылы сәбидің туу туралы куәлігін алу цифрландырылғаны соны қызметтердің бірі.
Мұнан соң Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Шаңырақ» аналар кеңесінің мүшелері мен перзентхананың сол күнгі кезекші медицина қызметкерлері естелік фотоға түсті.
Светлана Муньянова,
Суреттерді түсірген автор