Шаңырақтың иесі деп қазақ ұлының бос белбеу боп өсуіне жол бермеген
Шаңырақтың иесі деп қазақ ұлының бос белбеу боп өсуіне жол бермеген. Қазір мамандар жалғыз басты аналардың көбеюі ер бала тәрбиесіне кері әсер етіп отыр дейді.
Кез келген отбасы ұл баланың дүниеге келуін асыға күтеді. Өйткені қызды қонақ, ұлды ұрпақ жалғастырушы деп санайды. Сондықтан тілі шығып, тәй-тәй басқан сәтінен бастап, ұл баланы әке өз тәрбиесіне алған. Болашақ шаңырақ иесіне өз ісімен үлгі болып, баланың сегіз қырлы, бір сырлы болып ер жетуіне барын салған.
Үш ұлдың әкесі Сәлімгерей Бижанов ұрпақ тәрбиесінде алға қойған мақсатына жеткенін айтады. Оның айтуынша, үш ұлы – білікті маман ғана емес, мықты спортшы.
– Кішкене кездерінен олардың алдымен сабақтарын оқып, дұрыс білім алуына көп көңіл бөлдім. Сабақтан босаған уақытта үй шаруасына баулыдым. Болашақта қоғамға пайдалы болып өсулерін мақсат еттім. Бірақ бала тәрбиесінде ата-ананың ғана емес, мұғалімнің де қосар үлесі зор. Сондай-ақ араласатын ортасы да сана-сезімі енді қалыптасып келе жатқан баланың өмірінде үлкен рөл атқарады, – дейді ол.
Бойындағы күшін ер бала спортқа жұмсауы керек
Сәлімгерей Бижановтың екі ұлы – мемлекеттік қызметкер, ал кіші ұлы Қазақстандағы мықты спортшылардың қатарында тұр. Ол ер баланың бұзықтық жасауына бойындағы энергиясын дұрыс жұмсамауы себеп болады дейді.
– Менің үш ұлым да спорттан құралақан емес. Бірақ кішісі Нұрымды спортқа бет бұрғаннан бастап, жаттығуларына қатысып, қадағалап жүрдім. Соны байқаған балам өзінің дұрыс жолды таңдағанын түсініп, бойында сенімділік пайда болып, масаттанып қалатын. Осыдан он шақты жыл бұрын спорт саласы айтарлықтай қаржыландырылған жоқ. Сондықтан бар тапқан қаражатымды ұлыма жұмсадым. Басқа облыстарға жарысқа барып қатысуы үшін жол шығынын өзім төлейтінмін. Қазір Нұрым Сәлімгерей – спортта біраз жетістіктерге қол жеткізген, өзіндік қолтаңбасы бар азамат атанды. Сол еңбегімнің еш кетпегенін ойласам, кеудемді қуаныш билейді.
Ал үлкен ұлым Жәдігер әскери қызметкер болуды армандады. Арманына қол жеткізу үшін Алматыға оқуға тапсырған. Бірақ бірнеше күн қатарынан тапсырған ауыр физикалық дене шынықтыру сынағына шыдамай, жолдастарын тыңдап, емтиханнан бас тартты. Қателік жасап тұрғанын түсіндіру үшін ұлыма психологиялық шабуыл жасауыма тура келді. Оған «мынадай кішкене қиындыққа шыдай алмасаң, ертеңгі күні өзіңді, отаныңды, бізді қалай қорғайсың» деп қайрадым. Ертеңіне қатесін түсініп, емтиханды тапсырып, оқуға түсіп кетті. Қазір білдей қызметкер болып жүр. Екінші ұлым да – мемлекеттік қызметкер.
Жалпы ұл бала тәрбиесіне анасы араласқан жоқ. Өйткені ананың жүрегі жұмсақ, аяушылық танытады. Әкенің міндеті – алдағы қиыншылықтарға төтеп бере алатын батыр да батыл ұрпақ тәрбиелеу. Ал мен әке ретінде өз міндетімді дұрыс атқардым деп ойлаймын, – дейді Сәлімгерей Бижанов.
Баланы 13 жастан отау иесі болуға дайындаған
Халқымыз 12-15 жасынан бастап, ер баласына алдында өмірдің дайындаған талай қиын-қыстау шақтары мен қуанышты сәттер барын мақал-мәтелдермен ескертіп отырған. «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық», «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт», «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген.
Қазақ «ер баланы алты жасқа дейін хандай көр, алты жастан құлыңдай жұмса, 16 жастан кейін сырласыңдай көр» деп, жасына қарай тәрбие берген. Сөйтіп ұл баланы 13 жасынан бастап отау иесі болуға дайындаған. Өйткені қазақ салтында ұл бала 13 жасында балиғат жасына жеткен болып саналатын. Сондықтан ата-ана, бауырларының алдында жауапкершілікті санасына сіңіре бастаған.
Үш сөзбен берілген тәрбие
Қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген: Ұят болады. Жаман болады. Обал болады.
Ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті, жаным арымның садағасы дегені.
Жаман болады дегені – жақсы сөз жарым ырыс, жамандықтан аулақ жүр, жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді дегені.
Обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған нәрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін, ешкімге көлеңкең түспесін дегені.
Жас ерекшеліктері
Ер баланың жеті жас пен он жас аралығын «қозы жасы» деп, бұл жастағы балаларға әр түлік мал мен оның төлдерінің бөгенайын, белгі, қасиеттерін жыға тану талабын қойған.
10-нан 20-ға дейінгі жасты «қой жасы», «қотан жасы» деп атап, осы он мен жиырма жас аралығындағы ер балаларға қойдың қырық қайырымын білу, астық жинаудың «ұрық таңдау, айдау, баптау, ору, жию, қамбалау» сияқты алты әдісін, бағбандықтың көшет отырғызу, баптау, жалғау, бұтау, үзу, сақтау, сияқты амалдарын толық меңгеру талабы қойылған.
20 -дан 30-ға дейінгі жасты «жылқышы жасы» деп атап, бұл жастағы азаматтарға ел, жер танып, жылқының жиырма қасиетін біліп, жеті қараңғыда адаспай жол табатын, қауіп қатерге жолыққанда ерлік көрсете алатын қасиеттерді бойына сіңіруді, батыл да батыр болу талабын қояды.
Бұл тәрбие ұл баланың отбасына, балалар мен аналарға, ел-жұртына қамқоршы, қорған болу сезімін жоғарылатады. Сонымен қатар намысқой, батыл, батыр, халықшыл азамат болып қалыптасуына жол ашады деп түсінген.
Жігіттің үш жұрты бар
Қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша ер азаматтың үш жұрты болады. Үш жұрты да жанашыр, сүйеніш, қорғаныш болады. Дана халқымыз әр жұрттың бітім-болмысына қарап, сипаттама берген.
Өз жұртың күншіл келеді. Бар болса, көре алмайды. Жоқ болса, бере алмайды. Жақсы болсаң, күндейді, жаман болсаң, жүндейді.
Қайын жұртың міншіл келеді. Қолыңның ұзындығына, жағыңның қызылдығына қарайды. Берсең, жағасың, бермесең, дауға қаласың.
Нағашы жұрт сыншыл келеді. Жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілеп, қамқоршы болады.
Ертегі арқылы адами қасиеттер дарыған
Тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Құралай Сәрсембина қазақ халқы ұрпағының бойына намыс, ар, ұят, адалдық сынды адамдық қасиеттерді жас кезінен бесік жыры, ертегілер, жырлар, даналыққа толы хикаялар арқылы дарытқан дейді.
– Ер балаларды тезірек ер жетсін деген ниетпен қырқынан 37 немесе 39 күн толғанда шығарған. Қазақ салтында сәбилер балалық шақтың бірінші сатысына жеткенде ер бала мен қыз балаға тән тәрбиеге ерекше мән берілген. Сондай-ақ, ер балаларды сүндетке отырғызып, айдар қойған, соның ішінде бес-алты жасқа жеткенде алғаш рет жеке атқа мінгізу рәсімін өткізген. Оны «Ашамайға мінгізу» немесе «Ашамай тойы» деп атаған. Бұл – бала үшін де, ата-ана, туысқандары үшін де ерекше оқиға, үлкен қуаныш болғандықтан той жасап, ат шаптырып, көкпар тартқызған. Ер баланы ерте жастан атқа отырғызу арқылы жас кезінен ат құлағында ойнайтын, қайратты, жүректі ер азаматты тәрбиелеуді мақсат тұтқан.
Дегенмен, қазақ халқы ер азамат, ер, ер жігіт деп қолданған сөздерді қазіргі таңда «еркек» сөзімен ауыстырып пайдаланып жүр. Бұл – қате пайымдау. Ахмет Байтұрсынұлының «Жұбату» өлеңінде: «Ер орнына еркек қалды, көлеңкеде үркек қалды» деген жолдарды кездестіруге болады, – дейді Құралай Сәрсембина.
Ұл тәрбиесіндегі ұлттық ойындардың рөлі
Сонымен қатар Құралай Сәрсембина қазақтың ұлттық ойындары ұл бала тәрбиесінде ерекше рөл атқарған дейді.
– Қазақ халқының ұлттық ойындары бала рухының биік болып жетілуіне ықпал еткен. Ұлттық ойындардың да түр-түрі бар. Мәселен, тұрмыс-салтқа қатысты, аңшылыққа, жануарлар дүниесіне қатысты спорттық ойындарды атауымызға болады. Көшпелі өмір сүрген халық табиғатқа жақын болады. Өзін табиғаттың баласындай сезінген халқымыздың ұлттық ойындарының көпшілігінде табиғи заттар қолданылады. Мал шаруашылығы – көшпелі өмірдің күре тамыры болғандықтан да қазақ халқының ұлттық ойындары да көшпелі өмірге сай болды. Олардың әрқайсысы баланы ептілікке, тапқырлыққа, жылдамдыққа, ержүректілікке, даналыққа үйреткен.
Асық ойнаған аздырмайды
Мәселен, ежелден келе жатқан асық ойыны баланың жастайынан шыңдап, сабырлы болуға, дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Асық ойынының да бірнеше түрлері бар. Мысалы, алша ойыны, омпа, асықты тігіп ойнау, хан, хан талапай, тас қала, құмар.
Сонымен қатар, «Бөрік жасырмақ» ойыны баланы тапқырлыққа дағдыландырады. Асықпен ойналатын ойындардың бірі – «Атбақыл» немесе «Көтеріспек» деп аталатын ойын баланы ептілікке, мергендікке ғана дағдыландырып қоймайды, баланың денесін шынықтырады.
Сондай-ақ жүрелей секіру, жаяу жарыс, айгөлек, білектесу, сірес, арқан тартыс, бәйге мен аламан бәйге, қамалды қорғау, жасырынбақ, ошақ, бес тас және т.б. осылайша тізіліп кете беретін ұлттық ойын түрлері өте көп. Ойындардың барлығы өзіндік тәртіпке негізделгендіктен балалардың жанжалдасуына жол берілмеген, – дейді этнограф Құралай Сәрсембина.
Бала әкенің қаhарын сезіну керек
Психо-аналитик, психолог Зүбайда Кененбаева бала екі екі жарым жастан «мен кіммін» деген сұраққа жауап іздей бастайды дейді.
– Қазіргі әкелер жұмыстан қолдары босай бермейтіндіктен дәл осы сұрақтың жауабын беретін кезде баланың жанынан табылмайды. Сондықтан әйел тәрбиесін көрген ер бала қыз мінезді болып өседі. Өйткені әйел баланы тым еркелетіп жібереді. Содан ерке бала болып өседі. Оның үстіне балабақшада, мектепте де негізінен әйел заты жұмыс істейді. Ер баланың тәрбиеленетін ортасында әйелдің көп болуы оның тәрбиесіне кері әсер етеді. Билік әйелде екенін байқаған бала әкесінен емес, анасынан үлгі алатын болады.
Біз көбіне «неге ер адамдар ұсақталып кетті?» деген сұрақтың жауабын іздейміз. Міне, ер адамның ұсақталып, өзіндік міндетін атқарудан қалып бара жатқанының себебі осында. Базар жағалап нан тауып жүрген әйелдердің көбінің күйеулері бала бағып, тамақ жасап үйде отырғаны шындық.
Тағы бір айта кететін мәселе, әкенің бала алдында беделді, сыйлы болуы анаға байланысты. Баланың санасына әкенің авторитет екенін сіңіру керек. Яғни, қорқыту арқылы емес, «әкең ренжиді немесе әкеңді ренжітесің» деген сияқты сөздермен сыйлата білу. Ата-ана баласының алдында бір-бірінің абыройын түсірмеулері керек. Ал шешесінің үнемі жамандап отырғанын естіген сайын өзін әкесіне ұқсататын, соған еліктейтін бала мен де жаман шығармын деп ойлайтын болады. Бара-бара мінезі бұзылып, жаман әдеттерге бой алдырады. Өйткені бала әкесінің атына айтылған өкпе-ренішті өз атына қабылдайды.
Сондықтан қазақ «Еркек мінезді әйелден, әйел мінезді еркектен без» деп еркекте еркектік, әйелде әйелдік қасиет болуын дәріптейді, – дейді Зүбайда Кененбаева.
Әкесіз өсіп жатқан бала жасқаншақ, именшек болады. Оны басқалары сезеді. Өздерінің күштілігін көрсету үшін әлсізді басынады. Күш көрсетеді. Небір қатігездікке барады. Бүкіл елді дүрліктірген ОҚО Абай ауылындағы 7 жасар баланы зорлау дерегінің түп-тамырына үңілсек осыны көруге болады.
Бұдан шығудың жолы бар
Психо-аналитиктің айтуынша, бала тәрбиесін жолға қоюдың бірден-бір жолы – баланың спортпен айналысуына мүмкіндік жасау.
– Балаға уақытын тиімді пайдалануды үйрету керек. Бірақ мүшел жасқа келгенде көбіне жалғызбасты аналардың балалары анасын тыңдаудан қалады. Өйткені әкесі туралы жаман ой қалыптасқан бала өзін жаманмын деп ойлап, тек жаман әдеттерге бой алдырады. Сондықтан жаттықтырушысы балаға кумир бола білсе, тез дұрыс жолға түсіп кетуіне мүмкіндік туады. Өйткені соған ұқсап, спортшы, тәртіпті болуға тырысады. Бұл әдістің керемет нәтиже беретіне көзім жеткен.
Мен бір мектептің спорт залына жаттығуға келіп жүрген 30 шақты баланың тәрбиеге бағынбайтындардан құралғандығы туралы естігенмін. Олармен әдейі танысуға бардым. Мұны ұйымдастырған жігіттер Алматы қаласының мектептерінен әлеуметтік жағдайы төмен, бұзықтық көп жасайтын балаларды жинап әкелген,сөйтіп олардың спортқа деген қызығушылықтарын оятқан. Балалар біраз уақыттан соң жаттықтырушыларына қарап бой түзеп, мінездері де өзгере бастаған.
Спортқа қызығушылықтары ояна бастаған кезде, жаттықтырушылары сабақтан үлгерімі төмен болса, жаттықтырмайтынын ескертеді. Содан кейін балалар сабақтарын да жақсы оқи бастаған. Бүгінгі күні сол балалардың бірі білдей қызметкер болса, бірі мықты спортшы болып өз жолдарын тапты. Қазір тегін спорттық секциялар бар. Тіпті соған қатысып та уақытын ұтымды пайдалануға болады. Сондықтан Ахмет Байтұрсынов айтқандай «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» деп балаға дұрыс жол сілтеу ата-ананың басты міндеті, – дейді психо-аналитик Зүбайда Кененбаева.
Дереккөз: informburo.kz