ШАНЫШҚЫЛЫНЫҢ ҚЫЗДАРЫНДА ҒАНА БАР ЕРЕКШЕ ҚАСИЕТ

(Шаншудың емі туралы)
Күзгі салқында арқаңыздың шаншулап қалу қаупі аса жоғары. Таяуда осылай шаншу қадалып, әбден қиналдым.
Шаншу қатты қадалғанда тіпті дем ала алмай қалдым. Арқам мен бел тұсымда басталған шаншу қабырға астына, мықын, санның ішкі бетіне қарай таралып, жанымды көзіме көрсетті. Әп-сәтте отырсам тұра алмайтын, тұрсам отыра алмайтын жағдайға жеттім.
Түрлі ем жасап көрдім: таза ара балын алдырдым. Бал суықты тез кетіреді деп, оны ыстық шайға салып іштім. Денеме де сіңдіре жағып, массаж жасаттым. Өзгеріс болмады.
Сосын лимонға көштім: денедегі суықты шығарсын деп шайға лимон қосып іштім. Жылы киім киіп, терлеуге әрекеттендім. Бос әурешілік болды.
Бұдан кейін біреулер йодтың пайдалы екенін айтты. Шаншу қадалып тұрған жерді йодпен торлатқыздым, содан кейін қойдың құйрық майын жағып көрдім. Арқамды 40 проценттік спиртпен сүртіп, сүлгі қойып, жылы жатып та көрдім. Бұдан да нәтиже шықпады.
Осылай аурудың азабын тартып жатқанымда, үйге көрші үйдің келіні келді. Менің дем алуға қиналып отырғанымды көріп, өзінің анасы шанышқылы руының қызы екенін, үйіне көп адам келіп, ол кісіге шаншытып, ауруларынан айығатынын айтты деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Мен қайтсем мына шаншудан құтылар екенмін деп отырғандықтан, келінге жата жабыстым. Сөйтіп 20 минуттан соң келіннің анасының алдында отырдым.
«Халқымыз «Ауруда – шаншу жаман, сөзде – қаңқу жаман» деп дөп тауып айтқан, – деді Жәмила апай. – Ел ішінде ілгеріден барлық ауру ыстық, суық, жел-құздан болады деп айтады. Ет пен сүйектің, буынның арасына жиналған суық ең алдымен шаншып, адамға белгі береді. Сондықтан бірден суықты денеден шығаруға мән беру қажет. Себебі ұзақ уақытқа денеде қалып қойған суық адамның ең әлсіз дене мүшесінің бірін ауру етуі мүмкін. Бізге, яғни шанышқылы руынан шыққан әрбір қызға Алла-тағалам осындай қасиет дарытқан. Біздің қолымызға ошақ көсейтін көсеуді алып, ата-бабамыздың әруағын аузымызға алып, Алладан сұраған тілегіміз ниет еткен адамға ем қондырады».
Осылайша қолына көсеуін алып Жәмила апай мынадай сөздерді айтып, мені емдеуге кірісіп кетті:
«Бисмиллаһи рахмани рахим!
Шанышқылының қызымын,
Шаншарханның өзімін!
Шанышқылының қызымын,
Шаншарманның өзімін!
Босат кеудесін өзіне, босат! Босат!
Сен шаншу болсаң – мен қаңқумын!
Сен шаншу болсаң – мен қаңқумын!
Мен де кеттім, сен де кет!
Мен де кеттім, сен де кет!
Қараңғыда түнмен кет!
Ағып жатқан сумен кет!
Атып жатқан таңмен кет!
Батып жатқан күнмен кет!
Мен де кеттім, сен де кет!
Мен де кеттім, сен де кет!»
Арқама, омыртқам мен қабырғаларыма көсеуді батырып-батырып сұққылап тұрып, бар даусымен шаншуға «кет-кет!» деп айғайға басты. Бұдан кейін тура осы сөздерді айтып көкірегіме, мойным мен тамағымның астына, асқазаным мен ішіме көсеуді басып-басып, сұққылады.
Өмірімде алғаш рет мұндайды көрген маған бұл қызық болып көрінді. Арқама соншама ем-дом жасағанда кетпеген шаншу бұл әйелдің «кет-кет!» дегеніне кете қойса жақсы ғой деп ішімнен күлкі қысты. Не керек, бұл емнен маған шипа бола қоюына күмәнмен қараған күйі үйге қайттым. Үйге келгенде қас қарайып қалған еді деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Кешкі шайымызды ішіп алып, төсекке қисая кеттім. Қатты шаршағаннан ба, әлде қаншама күннен бері жайсыз жатып ұйқымның қанбағанынан ба, маужырап тез ұйқыға кетіппін.
Таңертең оянсам, арқамның құрысқан-тырысқаны жазылып қалыпты. Дұрыстап тыныс алуға мұрсат бермейтін шаншудың ізі де жоқ. Олай-бұлай қозғалып көрсем, еш жерім ауырмайды. Жәмила апайдың емінен маған Аллам шипа дарытқан екен ғой деп ойлап, кешегі күпірлігім үшін Алладан кешірім сұрадым.
Айтайын дегенім, кейде біз осындай халық арасында көне заманнан келе жатқан ем түрлеріне мән бермейді екенбіз. Ауырмаңыздар, ағайын, жазатайым шаншулап қалғандай болсаңыз, бұндай ем түрінің бар екені қаперіңізде жүрсін!

Жұлдызай АНДАС.
«Ауырмаңыз!» газетінен алынды.