ШАПАЛАҚ ЖЕМЕГЕНДЕР ЗАЛАЛЫ

 Бір елде ашаршылық болған екен. Халық улап-шулап көшеге шығыпты. Патша баласы әкесінен «Бұлар неге дүрлігіп жүр» деп сұрапты. Патша «Халық аш болған соң наразылық білдіріп жатыр» десе, баласы «Олар неге күрішті суға бұқтырып жей бермейді» деп таң қалған екен. Сол айтпақшы, барлықта өскен бала «Жоқ» дегеннің қандай мағына беретінін түсінбейді. Сол сияқты зұлымдықты, жауыздықты, мына өмірдің тәшпүшін көрмеген адам да оған керағар — мейрімнің, жақсылықтың не екенін, өмірдің ұдайы қалыпты бір арнамен аға бермейтіндігін ұғына бермейді. Мынандай бір тәмсіл бар.

Ілгері дәуірде Иран елін Нуширауан деген өте әділетті әмірші билеген екен. Оның әділдігі көрші елдерді де таң қалдырыпты. Бірде одан Қытай елшісі мұншалықты әділ болуының себебін сұрайды.

Сонда Нуширауан оған:

«Мен жас кезімде бір ұстаздан дәріс алдым. Бірде ұстазым мені жағымнан еш жазықсыз шапалақпен тартып жіберді. Бұл оқиға жадымда өшпестей болып сақталып қалды. Кейін әкемнің орнына таққа отырдым. Сол кезде баяғы ұстазымды шақыртып алып, жас кезімде неліктен жазықсыздан-жазықсыз ұрғандығының себебін сұрадым.

Сонда ұстазым:

«Мен сенің әкеңнің орнына таққа отыратындығыңды білдім. Саған жазықсыз жапа шеккен адамның қандай күйде болатындығын ұғындыру үшін әдейі ұрдым. Зұлымдықты өз басынан өткермеген адам оның қандай болатынын сезінбейді. Сол сияқты қиыншылық көрмеген адам мейрімнен мақұрым болады. Ашықпаған адам тоқтықтың қадірін білмейді. Жалпы адам әділетсіздік зардабын өз жанымен сезінбейінше ақиқаттан аттап кетуге бейім тұрады» деді. Менің әділетті болума себепкер болған сол шапалақ» деп жауап береді.

Қазір ислам діні 73 тармаққа бөлінді. Әлемді жайлаған жаманшылықтың бәрі ислам діні атынан жасалатын болды. Бірақ соған соншалықты бір алаңдап отырған да ешкім жоқ. Сол үшін де бүкіл мұсылмандар атынан пәтуә шығарып отырған ана бір елдегі орамал тартқан шейxтардың жағынан тартып жіберетін біреу керек болып тұр…

Құдияр Біләлдің фб-дағы парақшасынан