«Шарана шайқау» дәстүрі туралы не білеміз?
Сәби өмірге келмей тұрып орындала бастайтын дәстүрлердің бірі – шарана шайқау. Aqjolgazet.kz сайтының тілшісі «шарана шайқау» қандай дәстүр, оны қай кезде шайқайды?, «шілде суы» дегеніміз не және ол қандай ауруларға ем болады?» деген сынды бірнеше сауалдарға жауап ұсынады.
Жаңадан түскен келіншек ауыл-үйді аралап, жұбайының туыстарымен жақыннан танысады. Жасы үлкен апалар мен абысын-ажындар оған күміс теңге, маржан-моншақ, жүзік, сырға, білезік секілді әртүрлі асыл тастар береді. Сыйға берілген бұйымдарды келін сақтап қалуы тиіс.
Келіншекке түрлі бұйымдар беруінде үлкен даналық бар. Мұндай бұйымдарды «жас келін тезірек бала сүю бақытына ие болып, сәбиді шомылдыратын күнге жетсін»деген ниетпен ырымдап, тарту еткен. Келіннің аяғы ауырлап, дүниеге бала әкелгенде оны шаранасынан шайқап, жуады. Су құйылған ыдыстың ішіне жүктілік кезінде берілген әсем бұйымдар салынады.
Ата-бабамыз сонау ықылым заманнан бастап алтынға қарағанда күмісті көбірек қолданған. Себебі, күмістің адам денсаулығына пайдасы мол. Нәрестені жуындырған алғашқы суды «шарана суы» немесе «шілде суы» деп атайды. Бір топ әйел бөбекті бірге шомылдырады. Жаңадан туылған сәбиді кейбірі кіндігі түскенге дейін, екінші біреулері кіндігі түспей тұрып-ақ шомылдыруды бастап кетеді. Соңында судағы дүниелерге барлығы таласып, шайқап алады. Яғни басқа келіншекшерге де жұғысты болсын деп ырымдайды. «Шарана шайқау»деген осыдан қалған.
Ал, енді шілде суының пайдасын атап өтсек. Шақалақты шомылдырған алғашқы шарана суы көптеген ауруға: аллергиялық, инфекциялық жаралар мен тері ауруларына дауа. Мәселен, баланың құлағы, қолтығы немесе тамағы ауырып, асты қызарғанда, шілде суымен сүртіп жіберсе, тез қайтады. Қазақ мұны ертеден біліп, судың аузын мықтап жауып, сақтап қоятын болған. Осылайша ертеректе, дәрілік заттарға адамның қолы жете бермейтін уақыттарда шілде суын кәдеге жаратқан.
/Фото ашық дереккөзден алынды
/ruh.kz материалы негізінде дайындалды