«Шараппен жуыңдар мен өлген күні
Қазақ тілді оқырмандар Омар Хайям рубаиларын ақын Қуандық Шаңғытбаевтың тәржімасы арқылы танып өстік. Обалы не керек, шығыс шайырын Шаңғытбаев орыс тілінен қазақшаға мөлдіретіп-ақ аударған. Десек те, Хайям өлеңдері бізге түпнұсқадан емес, өзге тілден, оның ішінде өзге дінді ел арқылы жеткенiн ескеруге тиiспiз.
Жалпы бізге ғана емес, әлемге алдымен ағылшындар арқылы тарады. Бұл деген — Шығыстың нәзік әлемінен бейхабар Батыс жұрты арқылы Омар өлеңдерінің терең иірімдері бұрмаланды деген сөз. Бұрмаланған жоқ деп есептегеннің өзінде ол өлеңдердің мән-мағынасы ұзақ жылдар бойы теріс түсіндіріліп келгені анық.
Орта ғасырда Омар Хайямды ешкім де ақын санамаған, тек атақты оқымысты, көрнекті ғалым деп білген. Ал қазіргілер оны керісінше ең атақты ақындардың бірі санайды, ал ғалым ретінде білмейді. Омардың аты шулы рубаиларының әлемдік даңққа жетуі үшін бақандай жеті ғасыр керек болды. 1857 жылы ағылшын тіліне тұңғыш рет аударылды. Сол екен ағылшын тілді әлемде ең көп оқылатын ақынға айналып шыға келді. Атағы Англиядан асып Еуропаға, одан әрмен Америкаға тез-ақ тарады. Ал Ресейде 1891 жылы орыс тіліне бірінші рет аударылды. Осылайша алдымен ағылшындар, сосын орыстар Омарды суперақын ретінде көкке көтеріп әкетті. «Алқаш философ», «басбұзар бүлікші ақын» ретінде саналарға сіңірілді.
Кешегі кеңестік атеистік қоғам Омарды өте жақсы пайдаланды, оны «Құдайға сенбейтін дінсіз, қожа-молдаларды аяусыз әшкерелеген» деп насихаттады. Діннен мақұрым қарапайым жұрт «Омар сұлу әйел көрсе тұра алмайтын зинақор, шәйханадан шықпайтын алқаш, құдайдан безген мұнафық, желөкпе, әңгүдік ақын болған» деген жалған түсініктің жетегінде жүрді. Соған сай христиан шіркеуіндегі шарапқұмар «орыс Хайямның» образы сомдалып, өлеңдері тек дастарқан басында айтылу үшін жазылғандай жеңіл қабылданып келді. Әрине, ол кезде Омар өлеңдерінің терең мән-мағынасы ашылса, онда ол Кеңес қоғамында цензурадан өтпес еді және миллиондаған таралыммен басылмас та еді…
«Бүгін бір ішейінші, құйшы шарап!
Моламнан, өлсем, исі тұрсын тарап.
Тұсымнан қабірімнің өткен адам
Елітіп, естен танып, қалсын қарап.
Шараппен жуыңдар мен өлген күні,
Жоқтаңдар, шарапты айтып, көмген күні.
Орнынан шарапхана мені іздеңдер,
Дүрілдеп ақырзаман келген күні»
(Қ. Шаңғытбаев аудармасы).
Бұл жердегі шарап көп жұрт ойлайтындай алкогольді ішімдік емес. Оның терең метофизикалық мәні бар. Шарап -Алланың нұры. Шарап толы кесе (қалб) — жүрек. Яғни, Алланың нұрына бөленген жүрек. Оған мас болу — Аллаға ғашықтықтан рухани ләззат кешу. Ал қыз (жар) парсы тілінен аударғанда «дос» дегенді білдіреді. Ал әулиелер — Алланың достары. Америкалық теолог Т. Паркердің «Дін — махаббаттың ең жоғарғы формасы» деуі бекер емес. Омардың қыз құшып, шарап ішуі тайыздар түсініп жүргендей емес, ол бұл жерде Аллаға деген ұлы ғибадатты, Құдайға деген ессіз ғашықтықты тұспалдап отыр. Мұның бәрі сопылық поэзиядағы шартты түрде алынған тұнып тұрған образдар, теңеулер, символдар.
Омар үшін шарап — дәрі, жүректің емі. Шарапсыз дүние — бос қараң, жүрек -іші бос қуыс әншейін бір түйір ет. Шарап — ол жұмақ суы. «Іш, — дейді сондықтан да Омар ақын, — онсыз сен қайдан келгеніңді, не үшін келгеніңді және қайда баратыныңды білмейсің. Іш, — дейді ол, — онсыз бұл өмірдің ешқандай мән-мағынасы жоқ. Яғни Жаратқанды танымасаң, оның мейірім-шапағатынан құр қаласың деп жұмбақтап отыр.
Өзіміздің Қожа Ахмет Яссауи да:
«Нұр дидарын ғашықтарға уәде қылды,
Ғашық жолына жаным қиып жүрдiм мiне.
Яссауи хикметiнiң қадiрiне жеткiл,
Ғашық шарабынан бiр тамшы татқыл»,
— деп Алланың нұрына ғашық болып, ғашық шарабынан дәм татуды ұсынады. Ал Шәкәрім болса «Менiң жарым қыз емес, Хақиқаттың шын нұры» дейді.
Бүгінде Омар Хайямның қолынан шыққандығы даусыз рубаилардың саны — 329 делінеді. Қалғандары Омардың атын жамылған жалған шумақтар болуы кәдік. Кім білсін?! Ол тұрмақ, қасиетті Пайғамбарымыздың хадистерінің бірталайы жалған екендігі дәлелденген жоқ па?!
«Мешітке барсам кейде, олла да шын,
Жұрт мені намазшыл деп ойламасын.
Бұрын бір жайнамазын ұрлап едім,
Тағы да көріп жүрмін үр жаңасын»
(Қ.Шаңғытбаев аудармасы).
Ал, енді Хорасанның имамы болған, қажыға барған Омардың мешіттен жайнамаз ұрлауы қай қисынға келеді? Оның осылай жазуы мүмкін бе? Мүмкін. Бұл жерде Омар өзін емес, лирикалық кейіпкерін сөйлетіп отыр. Абай сынды жалған қожа-молдаларды масқаралап отыр деу ақылға қонады.
«Жұбатсаң бір бейшара жылағанды,
Сол жақсы құлпыртқаннан бұ ғаламды.
Жүз құлды құтқарғаннан мың есе артық,
Құл қылсаң ақ пейілмен бір адамды»
(Қ. Шаңғытбаев аудармасы).
Бұл жерде Омар бір адамды Аллаға шынымен құл қылып, бас игізе алсаң, ол мың құлды темір бұғаудан босатқаннан артық деп отырған жоқ па?!
«Сен неге кедейлікке боласың дал?
Тартынбай тіршіліктен аласыңды ал.
Бір сағат шаттық артық мың хажыдан,
Меккеде сенің қай бір нағашың бар!»
десе, бұл да Омардың шындықты шырқыратып айтқаны. «Бала-шағаңның несібесінен жырып, қажыға барып қайтесің» деп шамасына қарамайтын тыраш, малы жоқ кедейге кейіп отыр. Ал хадисте: «Қияметте Алланың теріс қарайтын құлдарының бірі — тәкаппар кедей» делініпті.
«Дейді ғой: тозаққа тек мас барады,
Жұрт қалай айтады, осы, масқараны!
Дозаққа маскүнем мен ғашық барса,
Қалайша пейіш шіркін бос қалады?» —
деп, догмалық қатал дінді сынап, Алланың міндетін өз мойнына артып, Жаратушының атынан сөйлейтін дүмше діндарларды өлтіре әшкерелейді.
«Жететін екі күнге наның болса,
Салқын су құмыраңнан арылмаса.
Өзіңнен төмендерге басыңды име,
Еркін жүр, өзіңдейге жалынғанша».
Міне, бұл нағыз иманды өлең. Қанағат қарын тойғызады, шүкірлік қыл, өзіңдей пендеге құл болма, Аллаға құл бол деп отыр.
«Тікен бар, бізге гүлі бұйырмаса,
Оты бар, бізге нұры бұйырмаса,
Кірес пен қоңыраулы шіркеуі бар,
Мешіт пен бізге діні бұйырмаса»
(Қ.Шаңғытбаев аудармасы). Бұдан не ұқтық? Мұны Омар хақ діннен хабарсыз, пұтқа табынушыларға қаратып айтып отыр-ау, сірә. Яғни ол «кет» демейді, «кел» дейді. Ислам дініне тым болмаса христиан діні арқылы болса да «кел» дегенді меңзеп отыр.
«Сұм тағдыр! Сұмырайларға нан бересің,
Су мен жер, үй, салтанат, сән бересің.
Бір үзім нанға зар боп жүргендер көп,
Алмаған адал жанда бар ма өшің?» деп, бірауық ерекше мейіріміне алғаусыз сенгендіктен, аса қамқор Аллаға еркелейді.
«Надандар мешіт маңын жағалайды,
Өнер-білім қажет деп санамайды.
Жұмаққа үміт артып күн кешеді,
Ғалым адам ондайға қарамайды» деген ұлы ғалымның өлеңі оқуға жеңіл болғанмен, астарында терең философиялық мазмұн жатыр. Көреген ойшыл, дарынды ақын қысқа рубаилары арқылы поэзияның жаңа түрін қалыптастырып кетті. Ғылыми зерттеулері математика мен астрономияны жаңа сатыға көтерді, философиялық еңбектері кейінгі ұрпақтардың ой-өрісін кеңейтті. Америка мен Еуропада әлі күнге ең көп оқылатын шайыр да осы Омар Хайям екен. Ол елдерде Омар ақынды жатқа айтушылар мен қадір тұтушылар қоғамдары бар. Осы қоғамдардың жинаған қаражатына 1934 жылы Нишаһурда Хайямның зиратына ескерткіш тас орнатылған. ЮНЕСКО-ның шешімімен жыл сайын мамыр айында Омар Хайямның құрметіне Бүкіләлемдік еске алу күні өтіп тұрады.+