Шардарада жаңа балық зауыты іске қосылды
Бүгін Шардара ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жаңадан балық зауыты іске қосылды деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 200 млн. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілген жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
-Құрметті шардаралықтар! Мереке қарсаңында 40 адамды жұмыспен қамтыған жаңа зауыт ашылып жатыр. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыратын бұл жұмыс орны құтты болсын. Зауыттың іске қосылуына мұрындық болған жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбаевқа алғысым шексіз. Ол өз өнімімізді ұқсатып, алыс және шет елге шығарып отыр. Олай болса, жаңа кәсіпорын игіліктеріңізге жұмыс істей берсін дегім келеді, — деген Жансейіт Қансейітұлы бір топ ардагерлермен бірге жаңа ғимараттың лентасын қиды.
Кәсіпорын басшысы Талғат Жалғасбаев облыс әкіміне зауыттың іші-сыртын көрсетіп, балық өңдеу процесімен таныстырды. Теңіз жағасынан бой көтерген балық өңдеу кәсіпорнында балық еті мен тұздалған және қақталған балық өнімдері өндіріледі. Ал жылдық қуаттылығы 600 мың тонна балық өнімдерін құрайды.
Бәсекеге қабілетті балық өнімдерін шығарып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл зауыттың маңызы зор екенін айтқан аймақ басшысы кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бұған дейін ауданда екі балық өңдеу зауыты жұмыс істеп келген болатын. «Хамит» СТК-і мен «Шардара балық – 1» балық өңдеу зауыттары биылғы жылы есепті мерзімде 3700 тн. балық өнімдерін өндіріп, алыс-жақын шет елдерге экспортқа шығарып отыр.
Шардара ауданына жұмыс сапары барысында әкім Шардара су электр стансасының жұмысымен де танысты.