Шаруалар мемлекеттің қолдауын сезініп келеді

Қазір аймақта пияз жинау науқаны қызған шақ. Осы қарбалыс жұмысқа Бурыл ауылдық округіндегі шаруалар да білек сыбана кірісіп кеткен. Соның бірі «Байжанова.Н.» шаруа қожалығы.
Жайқалып тұрған балтамыр алқабының қожайыны Несіпкүл Байжанова биыл қант қызылшасын 30, пиязды 60 гектарға орналастырыпты. Жарты ғасырдан аса тəтті түбір баптаумен айналысып келе жатқан көпбалалы ананың ұл-қыздары да осында еңбек етуде. Ұлдары механизатор болса, қыздары мен келіндері бау-бақша өсірумен айналысады. Қожалықтың 16 мүшесі бар, барлығы да жер баптап, күн көруде.

– Еңбектің арқасында жаман болғанымыз жоқ. Өткен жылы тəтті түбірдің əрбір гектарынан 570 центнерден өнім жинадық, биылғы шығымына қарап 900 центнерден өнім жинап қалармыз деген болжамымыз бар. Біз осы өнімге тамшылатып суару технологиясын тиімді пайдалану арқылы жетудеміз. Ағын судан да мәселе жоқ. Шаруалар мемлекеттің қолдауын барынша сезінуде. Қант қызылшасынан түскен былтырғы табысымызға трактор, ауыл шаруашылығы тіркемелерін алдық. Қазір қожалықта 8 трактор, 30 ауыл шаруашылығы тіркемесі бар. Ендігі өнімімізге қант қызылшасын жинайтын комбайн алуды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.

Қожалық тəтті түбір қасындағы пияз алқабын жинауды да жақын күндері бастамақ. Онда пиязың ерте пісетін сұрыптары орналастырылған екен. 36 гектарға егілген дақылды 3-4 күнде жинауға 50-60 маусымдық жұмысшы жалдап жинап алмақ ниетте. Бұдан бөлек қожалықтың 5 гектар жүгерісі мен 3 гектар алқапта орналасқан сəбізі де өнім бере бастапты. Сол сияқты Темірбек ауылдық округінде шаруасын жолға қойған «Молдебек» шаруа қожалығы да жер баптап, бақша салған. Қожалық меңгерушісі Ержан Мейірбековтің айтуынша, пиязды 38, картопты 60, дарбызды 16, ал сəбізді 3 гектар алқапқа орналастырған.

– Биыл барлық дақыл жақсы. Картобымыз гүлдесе, пиязымыз түп салуда. Қарбыз алқаптары пісуде. Өкінішке қарай, бағасы көңілдегідей болмай тұр. Алы сақ жоқ. Былтыр қарбызды Ресейге өткізіп едік. Алқаптан алып кететін. Өнімі болғанмен, табысы болмай тұр, – дейді ол. Шаруа қарбыздан түспеген табысты басқа дақылдардан еселеп аламыз деген үмітінің барын да айтты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ Байзақ ауданы.