Шаруалар су үнемдеу технологиясын қолдануда

Шын дала көктемде жасыл желек жамылғандай көрінгенімен, көктемнің соңы, жаздың басында-ақ сарғайып сала береді. Бұл жақтың жер емген шаруалары ағын сусыз табысқа жете алмайтыны белгілі. Сол үшін де биыл суару маусымына дайындық барысы ерте қолға алынып, ұзындығы 56,4 шақырымды құрайтын 21 канал механикалық тазалаудан өтті. Оның ішінде «КазСушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны есебіндегі ұзындығы 23,4 шақырым болатын 13 канал тазаланды. Сонымен қатар ұзындығы 33 шақырым 8 канал асарлатып тазартудан өтті.
Бұдан бөлек, «КазСушар» РМК-ның Ақкөл өндірістік бөлімшесі өздерінің теңгеріміндегі «Жартас» су қоймасының бас су құрылғысы мен дамбасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны теңгеріміндегі «Қазақбай» су қоймасы дамбасының 1,5 шақырым, «Тамды» су қоймасы дамбасының 500 метр жеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді.
– Осы жылы жөндеуден өткізу үшін аудандық коммуналдық меншіктегі 8 каналдың 526 997,0 мың теңге болатын жобалық-сметалық құжаттары жасалып, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына қайта қалпына келтіру үшін ұсынылды. Оның ішінде Ақкөл ауылдық округіндегі 4 латок (Р-2, Р-3, Р-4, Р-5) арықтары мен Тамды ауылдық округіндегі 4 латок (№3,4,5,6) арықтарын қайта қалпына келтіру жоспарлануда. Сонымен қатар, Тамды ауылдық округінде «Дулатбай» су қоймасы, Қызыләуіт ауылдық округінде «Әбдірәсіл» су қоймасын қайта қалпына келтіру үшін құжаттары заңдастырылуда, – дейді Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай.
Негізінде шаруалардың тек ағын суға иек артуы дұрыс емес. Алқапты байырғы тәсілмен, яғни жер арықтармен ылғалдандырудан арылуы керек. Аудандағы Талас, Аса өзендерінің шілдеге жетпей суы тартылып, алқап біткеннің аңқасы кеуіп, диқандар ағын су тапшылығының зардабын тартып жүргеніне біршама жыл болды. Сол үшінде ауданда қазір су үнемдеу технологиясын қолдану кең етек жайып келеді. Биылғы жылы 8 шаруа қожалық 250 гектардан аса егістік алқапқа тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолдануда. Оның ішінде Бостандық ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарды ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда «Нұр-Дәулет» шаруа қожалығы өткен жылы 77 миллион теңгеге инвестициялық жоба жасап, жаңбырлатып суару құрал-жабдығын және су сорғысын сатып алған. Осы арқылы 50 гектар көпжылдық шөпті жаңбырлатып суарып отыр. Сол секілді «Зерхат» шаруа қожалығы 70 гектар жерге көкөніс, бақша, картоп егіп, алқапты осы технология көмегімен суландырса, «Жаңалық» шаруа қожалығы да 30 гектар жерді тамшылатып суаруда.

merzim.kz