Шаруаларға ағын су кедергісіз жеткізілуі тиіс
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте вегетациялық кезеңге дайындық, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы тарапынан атқарылып жатқан жұмыс барысы қаралды.
Бүгінгі таңда облысымыздағы республикалық меншіктегі су қоймаларына жиналған судың орташа көлемі 90 пайызды құраған. Сонымен қатар, Қырғыз мемлекеті тарапымен вегетациялық кезеңіне алдын ала «Киров» су қоймасынан 520 миллион текшеметр, Шу өзені бойынша 222 миллион текшеметр су алуға келісім жасалып, су алу кестесі алдағы «Шу-Талас» комиссия отырысында бекітілмек. Су пайдаланушылармен 492,5 миллион текшеметр үшін 1488 келісімшартқа қол қойылған, осы жылдың вегетация кезеңіне 750 миллион текшеметрге су алып, 107,5 мың гектарға су беру жоспарлануда. Бұл туралы басқосуда «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Ерлан Өтегенов баяндады.
Оның айтуынша, каналдар арқылы су беру басталған. Сонымен қатар, 24 сәуірден бастап «Киров» су қоймасынан секундына 13 текшеметр су жіберу қолға алынбақ. Сондай- ақ, жиында бүгінгі күнге су қоймалар жинаған судың орташа көлемі 72,6 пайызды құрайтындығы айтылды.
Облыс әкімі су каналдарын реттеу және жөндеу жұмыстары бойынша мәселелерді сынға алды.
– Вегетациялық кезеңде шаруаларға ешқандай кедергісіз қажетті су мөлшері жеткізілуі тиіс. Сіздер айтып отырған түрлі сылтаулар қабылданбайды. Бұл бойынша бұған дейін оншақты рет жиналыс өтіп, нақты тапсырмалар берілген болатын. Тапсырмалардың орындалуы ойдағыдай емес. Ертең шаруалар мәселенің шешілуін әкімдіктерден сұрайды. Алайда, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылды. Қалған шаруаларды өңірдегі «Қазсушар» мекемесі бақылауға алып, уақтылы орындауы тиіс болатын.
Біз шаруаларға қағазбастылық, құжатқа қатысты мәселелерді айтып, ақтала алмаймыз. Оларға нақты нәтиже керек. Осы тұрғыда жұмысқа деген көзқарасты өзгерту керектігін үнемі айтып келемін. Жауаптылар су каналдарын күнара аралап, жұмыстардың басы-қасында жүруі тиіс. Қажет болса, күні-түні жұмыс істеңіздер. Тек су беруде мәселе туындамауы қажет, – деді Нұржан Нұржігітов.
Аймақ басшысы «Қазсушар» РМК облыстық филиалының жұмысына қатысты арыз-шағымдарға, берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуына саралау жүргізу керектігін тапсырды. Жиында өзге де тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
Жамбыл облысы әкімдігі