ШАРУАЛАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ТЕТІКТЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі шаруа қожалық жетекшілерімен кездесті. Басқосу барысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы және мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар жайы сөз болды. Аталған жиынға шаруалардан бөлек, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «КазАзот» ЖШС-нің мамандары қатысып, салаға қатысты ақпараттармен бөлісті.

Бұдан кейін облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов баяндама жасап, өсімдік шаруашылығы саласына қарастырылған қаржы көлемі, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау, басым дақылдар мен тыңайтқыштарды субсидиялау және дизель отынын жеңілдетілген бағада босату мәселесіне жеке-жеке тоқталып, шаруалар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Одан бөлек, жиында өзге де мамандар көктемгі егіс жұмыстары кезінде мейлінше сапалы тұқымды кәдеге жарату, егістікті тамшылатып суару, дәрілеу, тыңайтқыштар сіңіру, суармалы жерлердегі арамшөптермен күресу мәселелеріне қатысты өз ойымен бөлісіп, аудан шаруаларының пікіріне құлақ салды.
Сондай-ақ бүгінгі ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу, агробизнесті нығайту, сол арқылы ауданның ауылшаруашылық саласын дамытуға ықпал ету мәселелері де жан-жақты талқыланды.

Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі