ШЕГЕ

Әкем қора жөндеу кезінде тақтайлардан ескі шегелерді жұлғызып, соны түзеттіріп қоятын. Негізі шелегімен су жаңа шегелер болады, оны нағыз шеге түгесілгенде болмаса пайдаланбайды. Жаңа шегені пайдалануға болмайды. Оның сырын ең соңынан айтам. Не керек әкемнің тапсырмасы солай, мен қораны жөндеуге шегенің тек ескісін түзетуім керек. Жаңасы бар ғой деп әкеме қарсы ауыз ашуыма болмайды. Тіпті ондай ой басыма келіп тұрса да оны ұмытуға тырысам. Әке айтты — ол заң! Басқалай болуы мүмкін емес! Әке біледі, бала оны тыңдауы керек. Бітті шаруа. Содан бір көлеңкеге отырып алып, балғам мен төсімді алып, қисық шегелерді түзеп тықылдатам келіп. Майсық шеге, соның ішінде қисықтың қисығы болған қыңыр шегесі құрғырыңды көп-ақ, түзету қиынның қиыны, өзі өмірі бітпейді. Клубтағы үнді мен соғыс кинодан қалғаным аздай, ойыннан да қағылдым. Бел болса үзілердей талады. Мұрнымды қорсылдатып тартып қойып, не жеңіме сүйкей салып, әкемнің тапсырмасымен отырам. Сөйтіп шеге түзейміз деп жүргенде саусағымызды да балғамен оңдырмай соғып алып, ақ тырнағымызды көгертіп қоямыз. Өзімді өзім ұрып, оны қисық шегеден көремін. Әкем ұрысады. «Байқамайсың ба? Көзің қайда?» Балғаның ызасы өтіп тұрғанда әкеңнен ұрыс есту одан да өткен ауыр соққы. Келесіде мұқият боласың. Содан сол түзеткен шегелерді іске жаратамыз ғой. Бірақ бір майысқан дүние сол тұсынан тағы да майысады екен. Оны көріп, «Сен бала дұрыс ұра алмайсың, міне былай соғады» деп әкем балғаны менің қолымнан алып жіберіп, небір қиқа-жиқа, майысқалы тұрған шегенің өзін су жаңа шегедей ағашқа оп-оңай қаға салады. Сонда мен ойлайтынмын «Әкемнен темірге шейін қорқады екен» деп. Тақтай қатты болып, шеге кірмей жатса, сол араға түкіре қояды сәл, сосын әлгі шегенің шекесінен періп-періп жібергенде тоңмайға сұққан балқасықтай сіңіп жүре береді. Ал соқаға шұңқыр қазғанда да жер тасты болып, күрек өтпей зықыңды шығаратыны бар емес пе, сондайда әкем қолына күрек алса, бітті қара жер жібіп береді. Тас па, тоң ба, бәрібір, қопарылып түседі. Алақанына түкіріп жіберіп, «Әп» деп кіріскенде маған әкем Қап тауын қақыратып тесіп шығардай сондай алып күш иесі болып көрінеді. Менің әкемді көрсе көшедегі кез-келген қабаған иттің үні өшеді.
Сүзеген өгіз басын тұқыртып, кейін шегінеді. Соның бәрін көріп өскен соң ба, әкемді асқар тауға, тау көтерген Толағайдай алыпқа баладым. Тіпті ол өмірі аурмайды, ауырса да бәрін жеңіп шығады деп ойлаппын. Ол болса, «Ер арыса аруақ» деген жүдеп бітіпті дерттен, мен студентпін, үйге бір барғанда суға шомылдырғам, әлгі батыр, алып адам жеп-жеңіл екен, балам құсатып әкемді құшағыма алып оп-оңай көтеріп, төсегіне апарып салдым. Тау көтерген алпамса алыпты менің бұлай көтергенімнің өзі қалай деп ештеңені ұға алар емеспін. Әкемнің мойнына мініп, арқасынан түспей ат қып ойнаған мен, жұмған жұдырығының ішіндегі кәмпитті алам деп ақ тер, көк тер болатын, төрт саусағын өзі ашып, біреуі қалғанда соған әлім жетпей титықтап, жыларман болатын мен енді келіп әкемді бала құсатып көтеріп алыппын? Әкем бойындағы бүкіл күш-қуатын маған бере салған ба сонда? Содан соң оңаша қалғанда егілдім, еңіредім, еңкілдеп жыладым. Әкем сал болып жүре алмай қалғасын, қоларба әпердік. Сол арбаға бір-ақ рет отырып, «Мені аулаға шығарыңдар» депті. Ауланы, үй айналасын және қораны қарап шығыпты. Бәрінің орын-орында екенін көріп, «Осы тазалықты ұстап тұрыңдар!» депті. Әкем әрқашан әрбір аспаптың, құрал-жабдықтың өз орнында болғанын қалайтын. Бір нәрсені қозғап қойсаң, бірден біледі. Әкем тәртіпті сүйді, бірақ бұл ол кісінің әсіре тәртіпшілдігі еместұғын, тазалыққа аса мән беретіндігінің салдары деп түйген жөн. Себебі, өтірік айтуды білмейтін сондай жаны таза жан болатын. Көршіміз Қанатқали ағаның кішкентай ұл баласы ойнап жүріп, біздің қой қораға кіріп кетіп, бір қошақанға қолын тигізген екен, соны көрген әкем сол қозыны көршімнің баласына атадым деп, сол бойда ұстатып жіберген ғой. Ақсуаттан бір ағамыз келген, жас оттасы, көтерілсін деп, он саулықты бере қойғаны да менің көз алдымда. Қарыз сұрағандарға өзінде артық ақша болса да болмаса да береді және сол кісілердің кім екенін артынан ұмытып қалады. Сол ауру бізге көшіпті, қызық-ай. Менің әкем кеңес заманының тәрбиесімен өссе де, Құдайды таныды, дұға қылды, Аллаға сенімі болды. Құран сүрелерін жатқа білді. Әкем намаз оқымаса да әр жұмысын Аллаға сиынбай бастамайтыны есімде.
Бүгін ойға шомып отырғаным, біз де бір сол әкелердің қолынан шыққан шегеміз ғой. Майыссақ та қисайсақ та түзетті. Мінімізді үзбей күзетті. «Қызға қырық үйден тыйым» десе, ұлға одан да бетер ме деп ойлаймын, асылы ұлға қырық рудан тыйым болуы керек. Иә, әкенің, азаматтың қамқорлығы, ақылы, өмір өнегесі балаға қашанда азық, онсыз болмайды, онсыз елдің ертеңі бұлыңғыр. Әкелеріңізді ренжітпеңіздер. Өздерің де әке болғанда «Ата-ананың қадірін түсінесің», соған шейін де іштей әзірленгенге, дайын болғанға Құдайым молынан игілігін нәсіп етеді. Ұл баланы ер азамат болуға, ал ерді әке болуға тәрбиелемей қазақ қоғамы кім көрінгеннің жетегінде кетеді. Айтпақшы, әкемнің қисық шегені түзетіп, оны пайдаланудағы ақылы мынаған келіп тіреледі, ол бізге айтатын: «Ескі шеге ыстық-суыққа сыналған, шыныққан. Оны қақсаң өзінің татымен-ақ тұтып қалады, бос болмайды, мықты ұстайды. Ал су жаңа шеге ол жылтырап тұрады, сәл жел соқса суырылып кетеді, сөйтіп соқаң босап, қабырғаң құлап қалады» деп. Су жаңа шеге жауын-шашынды, аяз-боранды, аптап ыстықты көрмеген ғой, сол себепті қораны желден қорғай алмайды, ескі, тәжірибелі шеге қанша майысса да түзетуін тапса, кәдеге жаратсаң, тұтас қабырғаны жалғыз өзі ұстап тұрады, яғни бұл шеге біз сияқты. Жас бала, жас жігіт ақылы толыспаса ел мен жерге ие бола алмайды, сәл қиындыққа шыдас мінез көрсетуге жарамайды, ал оның қасында әкелер болуы қажет, сонда ғана «Әке көрген оқ жонады», «Әкелі бала — жаужүрек, Әкесіз бала — сужүрек» дейтініміз содан. Мен өзімнің марқұм әкемді есіме алған сайын, балаларыма нені айтуды, нені үйретуді анық білем, жерден тот басқан қисық шеге көрсем, көзіме жас үйіріледі… Ол шегені түзететін бұл елде бала қалмаған ба, түзеттіретін әкелер қайда деп қайғырам… «Әке балаға сыншы», қисық шеге жерде жатпасын.
Мұнайдар Балмолда