Шекарадағы фитосанитарлық бақылау күшейеді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслиxатында ҚР ҰЭМ «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров: «Жақында қос ел президенттері қол қойған «Жол картасы» бойынша Қырғызстанға өз тауарларын сараптау, сертификаттау жұмыстарын Қазақстан орталықтарында жүргізу, өз мамандарын біздің елде оқыту немесе тәжірибе алмасу секілді мүмкіндіктер берілмек.

Қабылданған «Жол картасының» аясында 50-ге жуық шара қарастырылған. Қысқы уақытта 16 шара, сондай-ақ жүйелі түрде жасалатын барлық шараны қосқанда 29 шара болады. Қарастырылатын шаралар, біріншіден, фискальді әкімшілендіру, яғни кедендік, салықтық әкімшілендіруге байланысты, оның ішінде «Жол картасы» аясында Қырғызстан және Қазақстан тарапы өзара ақпарат алмасады. Шекарада фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау күшейтіледі.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында реестр бар. Осы реестрде жоқ кәсіпорындар тауарларын шекарадан өткізбеуге байланысты жұмыстарды күшейтеміз. Санитарлық бақылау өткізетін орталықтар мен лабораториялардың материалдық-теxникалық базасын жарақтандыру, сонымен бірге жоғары деңгейлі лабораториялық бақылау жүргізетін мамандардың біліктілігін арттыру және оқыту, тауарлық сертификаттарды беру секілді көптеген жұмыстар атқару керек»,— деп мәлімдеді.