Шекарасыз мейірімділік

Павлодар қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің ағылшын тілі мұғалімі Тоғжан Ынтықбаева құрбысы Нүсіпбекова Гүлмирамен бірлесіп, Орталық Африка Республикасындағы аштыққа ұшыраған 280 отбасыға материалдық көмек көрсетті. Бұл туралы Тоғжан өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды.

Қасиетті Рамазан айында сауапты іс жасауды ойлаған Тоғжан достарымен бірге қосымша шынайылық карточкаларын сату арқылы екі жарым миллион теңге көлемінде қаражат жинайды. Тоғжанның жұбайы Жағыпаров Азаматтың айтуынша ол жиналған қаражатты аштыққа душар болған Орталық Африка Республикасына жіберуге шешім қабылдаған еді.

Орталық Африка Республикасының үкіметімен хабарласқаннан кейін жергілікті шенеуніктер Тоғжанға ресми шақыру жібереді. Осылайша, қазіргі кезде декреттік демалыста отырған Тоғжан құрбысы Гүлмирамен бірге қара континенттің орталығына аттанады. Африкалық шенеуніктер қазақстандық мұғалім жинаған қаражатқа екі жүз сексен отбасы үшін бір айға жетерлік азық-түлік сатып алды. Жалпы алғанда, олар бір тонна ұн, 750 келі күріш, 750 келі қант, 250 келі тұз, кофе, томат сатып алған.

Ресми шақыртумен Орталық Африка Республикасына арнайы келген Тоғжан құрбысы Гүлмирамен бірге азық-түлік пакеттерін таратып, жергілікті халықтың алғысын алды.

Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бері Орталық Африка Республикасындағы саяси жағдай шиеленісіп кетті. 2012 жылы ОАР президенті Франсуа Бозизе биліктен кетірілген соң, елдегі жекелеген исламдық және христиандық топтар өзара билікке күресіп жатыр. «Селека» және «Революция мен әділдік» қарулы күштерінің қайшылықтарынан туындаған қарулы қақтығыстардың кесірінен жергілікті халық жапа шегіп, көршілес Чад республикасына бас саудалап кетіп жатыр.

Өткен жылдың соңында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 72-ші Бас ассамблеясында сөз сөйлеген ОАР-ың президенті Фостен-Арканж Туадера әлем елдерін Орталық Африкадағы жағдайға бей-жай қарамауын сұраған еді. Бұған жауап ретінде Орталық Африка Республикасында баспасөз конференциясын өткізген БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш халықаралық қауымдастықты осы елдегі жағдайды тұрақтандыруға шақырды.

Әлихан Рахметоллаұлы