Шектен шығып кетпесек екен!
Өтірік айту үлкен күнә. Бірақ кейбір жерлерде жақсылыққа, қайырға себеп болғаны үшін жаиз болады. Соғыста, дұшпандардың зиянынан сақтану үшін, екі мұсылманды татуластыру үшін, біреуінен екіншісіне жақсы сөз тасу үшін өтірік айту жаиз болады. Хадис шәрифте былай делінген:
«Екі кісіні татуластыру үшін қайырлы сөз айтқан адам өтірікші болмайды.» (Мүслим)
Бұлардан өзге мәселелерде қалжыңдап болса да өтірік айтпау керек. Бұл жөніндегі хадис шәрифте былай делінеді: «Мүмін кез келген қателікке жол беруі мүмкін. Бірақ аманатқа қиянат жасай алмайды және өтірік айта алмайды.» (Ибн Әби Шәйбә)
Бірақ, «Өтірік айтпасқа амалым болмады…» – деген тіркесті саналы жасыңызда тым құрығанда бір рет айтқан шығарсыз. Айтпаған күннің өзінде де, сізге ешкім сене қоймас. Сөйтіп, жалған сөйлеу, өтірік айту, алдау-арбау сынды жағымсыз қасиеттерді бүгінгі тіршілігіміздің ажырамас бір бөлігіне айналдырып алдық та, елу жылда бір рет оның кері жақтарын есімізге түсірер-түсірмес жағдайға жеттік. Бір-бірімізге шетінен, кілең өтірікші болып көрінетініміз де осындайда байқалады-ау. Шыныңды айтсаң да – өтірікшісің, өтірігіңді айтсаң да – өтірікшісің.
Мүмкін, әр адамның ішінде өтірікші – егізі өмір сүретін шығар.
Кейде осы ағыңнан жарылып, ішіңдегі бар шыныңды айтып жатқанда сенбейтіндердің күмәнді сұрақтарынан кейін, өз шындығыңнан өзің күмәнданып, біреудің өтірігіне қалай сеніп қалғаныңды да байқамайтын жағдай да болады ғой.
Бір жағынан, «өтірік» – адамның аса дамыған санасының жемісі сияқты. Біздің миымыздың мол мүмкіндігі дем арасында өтірік айтып, сан алуан проблемалық немесе даулы жағдайдан құтылып кетуге мүмкіндік беріп отыр. Әлі күнге дейін сыры толық ашылмаған жұмбақ миымыздың төңірегінде талай зерттеулер жүргізілді, әлде де жүргізіліп келеді. Мәселен, Жер бетінде пайда болған алғашқы адамдардың миы бүгінгі адамның миының үштен бір бөлігін ғана құрапты. Сәйкесінше, алғашқы адамдар тіршіліктен хабарсыз, аңқау, санасыз, зердесіз, ақылсыз болды. Ондай жағдайда өтірікті қайдан айтсын?
Ал қазіргі адамның миының салмағы мың грамнан екі мың грамға дейін жетеді екен. Алайда, барлық адамдардың миы біркелкі жұмыс істей бермейді. Сондай-ақ, барлық адамдар бірдей өтірік айтпайды және өтірікке алданбайды. Адам санасының дамығаны соншалық, ол көптеген эволюциялық үрдістерден өтіп, өзінің ашкөздігі мен тоғышарлығынан өтірікті де айтып, сатқындықты да жасап (ол да бір өтірік), екіжүзділікті де көрсетіп жүр. Сөйтіп, адамда макиавеллиандық зерде, яғни әзәзілдік пен қаталдықтың, рахымсыздық пен жалғандықтың арқасында әлеуметтік әрекет қалыптасты. Адамзат баласы жақсылықты көп байқай бермейміз, бағаламаймыз. Ал, бүгін бізді біреу алдап, тақырға отырғызып кетсінші, ертең өле-өлгенше ондай әрекеттің қайталануына жол бермейміз. Түрлі жағдайларға байланысты біреулер абайсызда өтірік айтады, екіншілері қалай өтірік айтқанын өздері де байқамай қалады.
Өтірік айту адамның тегінде бар нәрсе. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаса керек. Баланы бесіктен өтірік айтпауға тәрбиелеген дұрыс. Мысалы, алты жасар Асқар үйдегі кесені сындырып қояды да, бірақ анасына оны үш жасар қарындасы Айша сындырды дейді. Осылайша, бала бесіктен белі шықпай жатып, өтірік айтуға дағдыланады. Ертең, бала өскен сайын ол өтіріктің салмағы да ауырлайтынын ескере бермейміз.
Әлбетте, адамның құлағына жаман шындықтан гөрі, жақсы өтірік майдай жағатыны…
Мәселен, 1-сәуір алдау күні, күлкі күні деп атап жатамыз. Осы күннің шығу туралы бірнеше дерек бар.
«15-ші ғасырдың соңында, христиандар мұсылмандардың Андалусиядағы ең соңғы қамалын қоршап алады. Соғыс қыстың суық ызғар себебінен ұзаққа созылды, және мұсылмандар ерлікпен қайтпастан шайқасты. Християндардың қолбасшысы, өзінің қиын жағдайға түскенін көріп, қулық істеуге көшеді.
31-ші наурыз күні қамалдың алдына, бір қолында Құран, бір қолында Інжілді ұстап алып, егер осы түні мұсылмандар берілетін болса, онда ешкiмге тиіспейміз деп ант ішеді. Жиналыстан соң, мұсылмандар өз өмірлерін сақтап қалу үшін, қамалды християндарға босатып береді.
Таңертең, яғни 1-ші сәуір күні, християн қолбасшысы барлық мұсылмандарды өлтіруге бұйырады. Уәде бергенін ескерткен адамдарға, «мен тек қана сендерді кеше түнде өлтірмеймін деген едім, бүгін емес!»
Содан бері 1-сәуір християндар үшін: «Қулық пен алдау, өтірік айту» күні болып аталып келеді. Өкінішке орай, біз християндардың барлық жеркенішті мейрамдарының арасынан, бұл «мейрамын» да ұмытқан жоқпыз… Егер бұл мейрамның түбін зерттесек, мұсылмандардың қанының иісі келгеніне байқауға болады»-дейді бір жазбаларда.
Ал тағы бір деректе, көптеген христиан дінін ұстанатын елдер 1 сәуірде күн мен түн теңелуі мен Пасха мерекесін атап өткен. Мереке күні күллі жамағат ойын-сауық құрып, әзіл-қалжыңға толы әрекеттермен көңілдерін көтеретін. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасуда.
Күлкі күнінің шығу тарихы туралы келесі әңгіме 1582 жылы Рим папасы Григорий енгізген григориан күнтізбесіне көшумен тығыз байланысты. Орта ғасырларда Жаңа Жыл мерекесі 1 қаңтарда емес, наурыз айының соңғы күндері тойланатын. Жаңа Жылды тойлау 25 наурыздан бастау алып, 1 сәуірге дейін жалғасатын. Мерекелік апта бойы әзіл-қалжыңға толы әрекеттер жасалып, көңіл көтерілетін. Жаңа күнтізбеге көшкен соң, бұл дәстүр өз күшін жоғалтқан жоқ. Жаңа Жылды тойламаса да, әзілге жақын жамағат ойын-сауықты жалғастыруды тоқтатпады.
Кейбір деректерде күлкі күні Ежелгі Үнді елінен шыққан делінеді. Үндістанда 31 наурызда әзіл-оспақ күні атап өтіледі.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Ежелгі Рим күлкі күнінің шығуына себеп болды. Ақпан айының ортасында «Зердесіздер мерекесі» тойлана бастады. Күлкіге толы мереке сәуір айына дейін жалғасатын. Бұл мереке Күлкі құдайының құрметіне орай атап өтілетін.
18 ғасырда күлкі күні кеңінен танылып, ауқымды әзілге толы шараға айналды. Күлкі күнінде міндетті түрде өзгелермен әзілдесіп, барлығын алдау керек. Еуропадан бастау алған бұл шара уақыт өте келе әлемнің басқа да мемлекеттеріне кеңінен таралды.
Ендеше бірінші сәуір күні әзілге толы іс-әрекеттер мен ойындарға жол беруге болатын секілді. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегендей, бұл күні үлкен-кіші, жас-кәріні бір залалсыз әзіл-қалжыңмен алдап қою сонша ауыр күнә болмаса керек… Тек шектен шығып кетпесек болды да!