ШЕНДІЛЕР ЕЛБАСЫ МЕН АТА ЗАҢҒА БАҒЫНБАЙ МА?

Парламент — ел көз тіккен құзіретті орган. Ол жерден шыққан әр сөз діттеген жеріне дөп тиіп жатады. Мемлекеттік тілдің де қарым-қабілеті сол жерден байқалады. Бір қызығы Парламент Мәжілісінде отырған өзге ұлт өкілдері көп жағдайда министрлерге өзекті ойларын, Үкіметке депутаттық сауалдарын мемлекеттік тілде беруге талпынып жатады. Бұл қуанарлық жағдай.

Керісінше, бақайшағына дейін қазақ кей депутаттар ресми тілге «құштарлығын» көрсетіп, өз қағынан жеріп тұратыны жанға батады. Әттең дейсің осыны көргенде…

25 қыркүйек күні Мәжілісте өткен Үкімет сағатында осы айтқандарымыз тағы бір көрініс берді. Жиынның басынан соңына дейін шама-шарқы жеткенше  төраға Владимир Карпович (Владимир Божко – мәжіліс төрағасының орынбасары) қазақ тілінде жүргізіп отырды. Қайтсін енді. (Әлде аузынан абайсызда шығып кеткен анау бір сөзі үшін (ауыл жастарына қатысты) ұялып жүр ме екен?

Сонымен Үкімет сағатында депутат Магеррамов мырза баяндамасын таза қазақ тілінде оқып шықты. Снежанна Имашева деген келіншек те  қазақ тілінде сайрады. Ал Шиповских өз әдетінен танбай сұрағын қазақша қойды. (Қазақтың тілі мен салт-дәстүрін  құрметтейтін осы жігіттің ниеті түзу.  Мәжілістегі барша депутаттарға үлгі болса, шіркін!).

Біздің айтқымыз келгені Үкімет сағатында қазақша көп сөйленіп кетті деді ме, жиынға қатысып отырған баяндамашы министрлер мен шенеуніктер қазақша қойылған сауалдардың бәріне дерлік орыс тілінде жауап беріп ұятқа қалды. Баяғыдай айтып-айтып кете береміз деп ойласа керек.

Мемлекеттік тілдің абыройын түсіріп, астамсып кеткен шенділерге шыдай алмай кетті білем,  мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайым былайша тіл қатты.  «Бүгінгі біздің талқылап жатқан сұрақ өте маңызды және өзекті. Бірақ бұдан да зор бір мәселеге біз бүгін жауап таппадық, құрметті әріптестер. Және ол менің көңіліме, намысыма қатты тиді. Мемлекеттік тілде берілген сұрақтың  12-сінің 11-іне орыс тілінде жауап берілді. Кімдер жауап берді? Министр, Әкімнің орынбасары, әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, олар кіммен жұмыс істейді? Егер  халықпен жұмыс істесе бүйтпеуі керек еді. Олар халықтың сұрағына қазақ тілінде жауап бере алмаса, қалай жұмыс істейді?!», — деп ренішін жасырмады депутат.

Осылай деп қара қылды қақ жарған халық қалаулысы Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында «мемлекеттік тілді құрметтеу — тәуелсіздікті құрметтеу» деп айтқанын  жиналғандардың есіне салды.

Сөзінің соңында депутат: «Біздің регламентте қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап берілуі керек деп тікелей көрсетілген. Біз бұған қазір шектеу қоймасақ, осылай жалғаса береді. Сол себептен, төраға мырза, менің өтінішім, болашақта бізге келетін лауазымды қызметкерлер мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруге тырыссын», — деген өтінішін ашық білдірді.

RS

Елбасының өзі «Қазақпен қазақ өз ана тіліңде сөйлес» деп жатқанда, өзге ұлт өкілдері қазақша сөйлеуге талаптана бастағанда, ел сенім артқан шенділер мен депутаттарға не көрінді? Әлде олар Елбасының сөзі мен Ата заңға түкіргені бар ма?

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК