ШЕРАҒАҢ МЕН ОРАҒАҢ
(Суретсөз)
Аға мен іні. Ұстаз бен шәкірт. Басшы мен қосшы. Айтушы мен тыңдаушы. Ұлағат пен ұғымталдық…
Шерағаң туралы көп жазылды. Орағаң туралы да аз жазылған жоқ. Екеуінің ерекше қарым-қатынасы, жарасымды сыйластығы жөнінде қалам тербегендер де жеткілікті. Қос қаламгер ара-тұра бір-бірінің болмыс-бітімі жайлы жылы лебіздерін де білдіріп қоятын. Сондықтан, ойлы оқырманның Шерағаң мен Орағаңа қатысты мәліметі мол. Шерхан Мұртаза өр Алтайда Кербұғыдай көсіле шауып, еркін қалам сілтеп жүрген жап-жас Оралхан Бөкейді Алматыға алдырып, бірден «Лениншіл жастың» бөлім меңгерушілігіне тағайындаған. Сөйтіп, оған ғаламат өріс ашты. Сол сол-ақ екен, Орағаң құлашын кең жазып, әдебиет кеңістігінде жасын ойнатты. Кейін ағалы-інілі екеуі бірлесіп, «Қазақ әдебиеті» газетін ең оқылымды басылымға айналдырды. «Аға, төменге зер салыңызшы, мен көріне ме екем?!» — деген Оралханның Шерханға арналған әйгілі жазбасы қай-қайсымыздың да жадымызда жатталды.
Олар бір-бірін құдайдай сыйлады. Ағасы өктемдік емес, өнеге көрсетті. Інісі ірілік емес, ізеттілік танытты. Қазақтың ұланғайыр даласының екі қиырында туған қос қаламгер бір-бірін емеуріннен түсініп, қас-қабақтан ұғысты. Бір әке, бір шешеден туған ағайынның өзі қызыға да, қызғана да қарайтын, адам айтқысыз ғажайып үйлесім еді бұл. Әншейінде Алтайдай асқақ, Мұзтаудай биік, өр мінез Оралхан Шерағаңның алдын кесе өтпей, сөзін білмей, ешқашан жолынан жаңылмаған деседі.
Ізетті інінің айбарлы ағаның әр айтқанын ықыластана тыңдап тұрған сондай бір сәтін фототілші Болат Омарәлиев тарихтың таспасына баяғыда-ақ шегелеп әрі шегендеп тастапты. Алқаптағы алыптарды Сыр бойында ма, әлде Қыр бойында ма, кездейсоқ жолықтырып, қыр соңынан қалмай жүріп, көңіл көзінің қарауылына іліктіріпті. Әрине, көздегенін қалт жібермепті. Қараңызшы енді… Сурет болғанда қандай! Сөйтіп, біздің бағанадан бері тәптіштеп жатқанымыздың бәрі Болат ағамыздың жалғыз кадрының жемсауына жұтылды да кетті. Рас қой… Бір сурет. Әңгімеден де әсерлі. Суреттеуден де сиқырлы. Кейіптеуден де көркемірек. Бейнелеуден де бедерлірек. Қысқасы, шеберлікте шек жоқ.
Сонымен, елу төрттегі Шерхан… Қырық үштегі Оралхан… Басталды бір терең әңгіме…
Бауыржан Омаровтың фб парақшасынан