Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ «Егемендегі» ерліктері:
1. «Социалистік Қазақстан» деген атауды – «Егеменді Қазақстанға» ауыстырды. Шер-Ағаңның өзі ұсынған атау – «Азат Қазақстан» болатын. Орталық комитет «Кімнен азатпыз?» деп отырсыздар» дегеннен кейін «Қазақстан» нұсқасына тоқтағанбыз. Жауапты хатшы Жанат Елшібек газеттің жаңа логотипін әзірлеп те қойған-ды. Аяғында «Егеменді Қазақстан» болды. «Ді» дегенді Әбіш Кекілбайұлы алдыртып, «Егемен Қазақстан» атауымен шығып келеді…
2. Шер-Ағаң Бас редактор болғанша газеттің шығу деректеріндегі ай аттары орысша нұсқада болды. Қазақша ай атауларын бір күнде газеттің маңдайшасына жаздыртты. Апрель айы – «көкек» деген ежелгі атауымен шыққанда Орталық партия комитетінен «Лениннің Апрель тезистері» деген еңбегін «Көкек тезистері» деп жазамыз ба? Көкекті – Сәуірге өзгертіңдер» — деген пәрмен келді.
3. Бір күнде «ов», және «ев» дегенді алып тастады. «Мен – Шерхан Мұртазаев емес, Шерхан МҰРТАЗА болғым келеді» деді. Бас редактордың алғауымен бәріміз осы үрдіске көшіп кеттік. Тек Аян Нысаналы ағамыз мақаласының соңына «Аян» деп қана қол қойып жүрді. «Әкесінің аты өзіне керек болмаса, солай-ақ жүре берсін» деген еді Шер-Ағаң.
4. Шер-ағаң редакцияның кадрлық корпусын жастармен толықтырды. Компартия мен Жоғарғы Кеңестің және үкіметтің органы ретінде шығып келе жатқан газеттің басшылық құрамындағы орта жас – 60-65- ті құрайтын. Әр аймақта жүрген жастар жұмысқа тартылды. Жас журналистерге үлкен сенім артты, әрдайым қолдап отырды.
5. Сол тұста КСРО кәсіпорындарында демократия өрістеп, баламалы жолмен сайлау үрдісі басталған болатын. «Егеменді Қазақстан» газетінің редакциясында 15-ке жуық бөлім болатын. Солардың бәрін ірілендіріп, 5-6 бөлім жасады. Бөлім редакторы қызметіне демократиялық жолмен ашық сайлау өткізілді. Ақпарат бөліміне – Қайнар Олжай, Руханият бөліміне – Аян Нысаналы, Заң бөліміне – Нури Муфтах, Саясат бөліміне – Рысбек Сәрсенбайұлы, Экономика бөліміне – Нұртөре Жүсіп ашық дауыспен сайланып, бәрі бірден редакциялық алқа мүшесі болды.
6. Газетке ұлттық рух пен айрықша батылдық, әділдік пен туралық әкелді. Сын мен өткірлікті күшейтті. Тайраңдаған талай шенеунік газет сынына ілікті. Ресми газетке жан бітірді.
7. Бас редактордың өзі тілшіліерге жазу үлгісін көрсетті. «Бір ауыз сөз» деген жаңа айдар арқылы талай нәрсе жазды. Сол «Бір ауыз сөз» кейін «Бір кем дүниеге» айналды…
Туған күніңіз құтты болсын, ардақты Аға! Сіздің шекпеніңіздің бір түймесі бола алсақ, қанеки!
P.S. «Айқын» газетінің 2017 жылғы 27 қыркүйектегі нөмірінде «Шерхан Мұртаза орталығы болса несі айып?» деген мәселе көтеріп, ұсыныс тастадық. Алматыда Шер-Ағаң мұралары негізінде «Қазақ журналистикасының музейін» ашатын уақыт жеткен сияқты. Сол музейде Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей, Қалтай Мұхамеджанов, Тұманбай Молдағалиев, Мұзаффар Әлімбаев, Қасым Шәріпов, Фариза Оңғарсынова тәрізді қазақ баспасөзінде әр жылдары бас редактор болған көрнекті тұлғаларымыздың жеке тұтынған заттары мен мұралары жинақталса, қазақ журналистикасының мәртебесін биіктеткен болар едік.
Нұртөре ЖҮСІП, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.