Шерхан Мұртазаның қанатты сөздері
Қазақтың біртуар ұлы, белгілі қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы әңгіме-естеліктер мен эссе-новеллалар көп жазылған. Қазақ әдебиетімен қоса журналистикасында өшпес өз із қалдырған, тілі шұрайлы, ойы құнарлы жазушының ел есінде қалған қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. Дарынды дарын таниды.
*** Айтса, дуалы ауыз айтсын.
*** Шындықты ақтарыла айту – қиынның қиыны.
*** Мәдениеттің мәйегі – кітап. *** Заң дегеніміз – ноқта.
*** Ауыл кетсе, ұлттың ұйтқысы кетеді.
*** Пейілі жаманды құдай табады.
*** Шын жазушының көзі көкірегінде болады.
*** Шындық – ащы һәм ажарсыз. *** Рухани азып-тозу – өліммен тең.
*** Күйреген рухты қайта көтеру – міне, қазіргі таңдағы басты мақсат осы!
*** Ана тіліміздің мәртебесін көтеру – басқа тілдердің жолын кесіп, бағын байлау емес. «Өзің өлме – өзгені де өлтірме» деген сөз. Зорлықпен тұншықтырылған қазақ тілін тірілту әрекеті. Осы да ұлтшылдық па? Жоқ, әлде әлдекімдердің көңіліне қарап өле беру керек пе?
*** Оңай олжа бермейді.
*** Өкініш түбі – өрт.
*** Улы араның денесінен тәтті бал тамшылайды.
*** Сенім жоғалған өмір – сергелдең өмір.
*** Сақтасаң, қазаққа жау болған қазақтан сақта!
*** Шикі долбар шикі ойдан туады.
*** Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл.
*** Әскерге мылтықтан бұрын, тәртіп пен иман үйрету керек.
*** Тәуелсіздік адам құнымен өлшенеді.
*** Театр көбейсе, түрме азаяды.
*** Күнәнің ең үлкені – жас баланы алдау.
*** Тура келген ажалға амал жоқ. Ал тежей тұруға болатын сәтте көпе-көрнеу қол ұшын бермеу – нағыз тасқұдайлық.
*** Алтын бар жерде әзәзіл бар.
*** Мойныңа қарыз қарғыбауын тағып алғаннан артық ауыр нәрсе жоқ.
*** Тәуелсіздіктің жолы – қатты, дәмі – тәтті.
*** Теледидар – құдіретті күш. Ол да баяғы ертектегі дәу пері сияқты: кімнің «сиқырлы сақинасы» бар – соның құлақкесті құлы. «Адамдарды жаппай мәңгүрт ет» десе, мәңгүрт ете салады. «Жаппай иманды ет» десе, иманды ете алады.
*** Жаңаның тамыры – көне.
*** Уақыт – елеуіш: кез келген іс-әрекетті, оқиғаны мән-мағынасына қарай елеп-екшеп отырады.
*** Жер-ананың өкпе-бауыры – орман. Шыбық шаншы, тал тік!
*** Өтірік мақтау – асқа у қосып берумен бірдей.
*** Жау жаманы – жарамсақ.
*** Тарихи кезеңдер қайталанатын сияқты: жоғалғанды табу, шашылғанды жинау міндеті тағы да алдымыздан шығып тұр.
*** Рух азса, намыс тозады.
*** Оптимист болған жақсы, реалист болған одан да жақсы.
*** Онсыз да кірленген дүниені кір басқан дүрбімен қарауға болмайды.
*** «Қала! Қала!» дегенмен, қала қазаққа төрін беріп жатқан жоқ. Төрі тұрмақ, босағасынан орын таба алмай жүргендер қаншама.
*** Адамды ақылынан, жігерінен ажыратсаң, ар жағы кеуік: түртіп қалсаң, құлай береді. Мұндай тобыр сазбалшыққа илеуге өте икемді.
*** Рух пен намыс – егіз.
*** Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет!
Толығырақ: https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/asyil_soz/51543/