ШЕРУГЕ ШЫҚҚАН ЕЛДІҢ ШЕРІН ТЫҢДА, ҮКІМЕТ!

Соңғы жылдары ел ішінде дүмпу көп. Аттандаған дауыстан құлақ тұнады. Тыныштыққа үйренген, қойдан жуас халықтың берекесі қаша бастады. Қайда қарасаң да тұманды келешек сұлбасы қарауытады. Жоқшылық пен таршылық «жыры» маңайыңнан азынап тұр. Денең түршігеді тіпті. Жақсылықты жарнамалауға, ізгілікті істерді көрсетуге пейіл аз болғандықтан, қатігездіктің қанжары сумаң-сумаң етеді. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген бабалар даналығы әдірам қалды. «Бұдан да жаманымда тойға барғанмын» дейтін тәубәшіл қазақ, қазір тобасын ұмытып, топқа ілесіп тайраңдап жүр. Соның салдарынан бүгінгі қазақ қоғамы қара күйе баттасқан мұржалардай бес батпан кір. Оны аршып алуға мүдделі қауым аз. Көбінің пиғылы билікті төңкеріп тастау. Төңкеріп тастадың делік, сенің күткен бекзада болмысты, кірпияз басшың алдыңнан шыға келеріне сенімің бар ма? Осы күніңе зар болып қалмасыңа кім кепіл? Ағат іске ұрынып, айтаққа бұрылып, билігін төңкеріп, шаңырағын шөңкеріп, борбайлап шауып, бордай үгітілген қаншама мемлекетті білеміз. Одан сабақ алмасақ, ата-баба қарғысын арқалап, мына жалған дүниеден пұшайман болып өтуіміз бек мүмкін. Өз жақсыңды бағаламасаң, ешкім саған өз асылын әкеп бермесі айдан анық.

 

Қазір шетелдегі Əблязовтың пәрмені күшті. Әлеуметтік желінің рахатын көргендердің бірі сол. «Тоқаев уақытша, ол қуыршақ, күні ертең Нұрсұлтанның қызы Дариға келеді билікке. Сөйтіп монархия орнайды. Дариғаны сенатор қып отырғызуының астары қалың деген «болжамдарынан», арандатуынан халық әбден шаршады. Керек десеңіз оның айтқандарына имандай сеніп жүргендер қарасы көп. «Ит үреді, керуен көшеді» дейін десең, оның шабалануы үдеп барады.
Міне Президент сайлауы бітті, өз ойларымызды еркін әрі ашық айтып жатырмыз. Әлем әр қимылымызды мұқият таразылып, қарап отыр…!
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегеннің кебін киіп қалмасақ жарады, ағайын. Ойланайық. Өткеннен сабақ алатын кез әлдеқашан жетті ғой. Ынтымақ-бірлік бар жерде ғана тәуелсіздіктің ғұмыры ұзақ. Бас басына би болған, татулығы жоғалған ұлттың келешегі де бұлыңғыр… Ұрпағына ұлағатты сөз қалдырған бабалар тағылымына бір мәрте бойлап көрелікші?
Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп, батасын алады. Төле бала әуелі әкесіне барыпты. Жасы жүзге тақап отырған әкесі ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда әкесі әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:
— Балам, мынаны сындырып көрші.
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп, сындыра алмайды.
— Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді. Әлібек би:
— Бұдан не түсіндің, балам? — дейді.
Сонда Төле бала:
— Түсіндім, әке бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымақ-бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады» дегеніңіз ғой.
— Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын» дегенінің мәнісі осы, — депті. Неткен көреген, данышпан еді балаларымыз!
Бүгіндері халықты ынтымаққа шақырсаң — биліктің сөзін сөйлейтін кіріптар кейіптесің. Қандаладай талап тастауға бар. Дауға бастасаң — биліктің ата жауындай құрмет биігіне көтерілесің. Қолдап, қолпаштаушылар қасыңнан табыла кетеді. Міне, бүгінгі біздің шыққан биігіміз.
Елдің сөзін сөйлеу, ақиқатты айту — елді көшеге шығару емес. Ашынған ел де бір, ашыққан арыстан да бір. Тарпа бас салуға дайын тұрады. Оның арты жақсылықпен бітсе құба-құп. Арандап қалып, арты дау-дамайға, кісі өліміне ұласса, кім кінәлі? Қолында билігі бар басшы өз ісіне «Мен әділмін. Менің жасап жатқан ісім дұрыс!» деп баға береді. Жалаңдаған полиция да берілген бұйрықты орындаушы ғана. Сонда кінәлі кім болмақ?
Президент сайланды. Ол белгілі жайт еді, қай жағынан болса да. Енді алаөкпе болып шаршаудың, дауласудың керегі қанша..? Бұрынғы сайлаудан бұл сайлаудың өзгеше болғаны айдан анық. Бұған дейінгі Президент сайлауларына халық осынша ашық белсенділік көрсетпегені, біз түгілі, әлем ақпаратын да шулатып жатыр. Демек, Тоқаев Президент деген лауазымды иеленіп, тарих парағына алтын əріппен жазылды..! Менің айтпағым, Алланың алдында, ар алдында əркім өз жауабын беретін күнде келеді..! Ертеңде өмір бар, бүгінмен бітпейді..! Өзі аз қазақ бір-бірімізді жағадан алып біттік.! Ең сорақысы қазақты қазақ аяр емес!

 

ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ АЛМАСАҚ: БАҒЫМЫЗ
НЕ СОРЫМЫЗ…

Сәуле Мешітбайқызы

Кезектен тыс Президент сайлауын әділ өтпедіге санап, халық арасынан атылып митингіге шыққандардың, алысқа бармай-ақ, өзінің қанға бөккен тарихынан сабақ алғаны дұрыс еді. XX ғасырдың басында қайғысыз, қамсыз өмір кешкен қазақ халқының тағдырын Қазан оқиғасы төңкерді. «Елді басқарып отырған қазақтың бай, төрелері қарапайым халықты қанап-тонауда, жарлы-жақыбайды қорлауда!» деген ұран қазақты сеңдей соғылыстырып, дүрліктірді. Төңкерісті көздеген көзсіздер «кеңес үкіметін құрып, жарқын өмір, әділеттік, теңдік орнатамыз» деген жалған ұранмен халықты азғырды. Ел екіге бөлініп, xалық басқарып отырған өзінің би-төрелерін өлтіріп, мүлкін, малын тонады, жазықсыз қан төгілді. Осы тарихи оқиға жайлы Жанәділ Райымбеков есімді балам фейсбукта жақсы ой айтыпты.
«Қанша асыл атылып, қаншасы ашаршылықтан көз жұмды. Қаншама қазақ өзінің тумасынан зәбір көріп, туған жерін тастап, бас сауғалады. Шәкәрім сынды сан мыңдаған саңлақтар сол тұста сатқындықтың құрбаны болды. Дәл сол секілді арандатудың формасы бүгін тағы қайталануда. Мақсат — қарапайым халықты биіне қарсы айдап салу. Олар — жер десе алпыстағы қариясы да атқа қонатын қазақтың ең әлсіз жерінен жабысып, «әділдік, теңдік іздейміз» деген ұранды жамылушылар. Кейінгі жоспар — оның тонын теріс айналдырып, тыныштығына сына қағып, бірлігі кетіп әлсіреген елді қалпақпен ұрып алу. Бір-бірімен алысып, аласапыранға түскен алаштың аузындағы несібесін тегін олжалау. Әрине, кіндік қаны тамып, төсінде аунап өскен елдің өз жері үшін алаңдап, жан ұшыруы заңды. Өз топырағын өзгелердің таптағанын қаламайтын халықтың жанайқайы да орынды. Бірақ жер сатылып кетті деген өсектердің бірі де дәлелденген жоқ. Желіде желмен есіп жүрген қатын өсектің бірі ғана» деп жазыпты.
Айтпағым, балта өз сабын өзі шаппас болар. Өзің сықылды қате-кемшілігі бар жұмыр басты пенденің бірі болған биіңе қарсы айтылған әр сөз елдің оған деген ашу-ызасын оятып, алаңға аттандатады. Әлемдік тәжірибеде ашу үстіндегі елге алаң-бәтуаға келетін емес, бүлік әкелетін орын. Елді билікке қарсы бір ортақ мүдденің басында біріктіру, жалау не арнайы түсті ортақ символ ойлап табу, әлеуметтік желі арқылы елді алаңға қарай арандататын трольдарды жалдау, ескі болса да билікті жамандайтын компраматтарды жинап тарату, алаңға жиналған xалыққа, ішімдік, штакетниктер, псиxотроптық газ баллондарын үлестіру, «коктейль молотова» сияқты жарылғыш заттарды дайындау — майдан жасап, төңкеріліс ұйымдастырудың классикалық үлгісі. 1990 жылы Джим Шарп өзінің «Как свернуть диктатора» деген кітабында осының бәрін ретімен жазған. Мысырдың атақты ғалымы Абу Исxақ Хуейни: «Шеру — ешқандай шешімге әсер етпейтін шара», — деген екен.
Ал өле-өлгенше ел бірлігі, тыныштықты жырлап өткен Бұхар жырау: «Ханын жаулаған қара оңбас», — деген. Бүліксіз болашақ, шерусіз шешім, төңкеріліссіз тыныштық тілеймін алашыма.
Президент сайлауы біткелі жастардың Нұрсұлтан, Алматы қалаларында билікке қарсы бас көтеріп, президент сайлауын заңсыз деп танып, көтеріліп қарсылық жасап жатқаны мені қатты алаңдатады..! Өзі аз қазақтың шеруге шықты деп ұсталып, қамалып, қысым көріп жатқаны да бір қайғы! Әйтсе де үміт басым. Президент Тоқаев та жан-жағына қарайтын болар, халық неге наразы деген ой оған келмес деймісің. Бәрін зерделей келе, халқымен бірге болар, қанша дегенмен тектінің ұрпағы ғой. Тек оған мүмкіндік берейік. Сабырлылығы, иман парасатты, білімі, мəдениеті, абыройы, əлемдік тəжірибесі мол тұлға емес пе? Өзі айтқандай, «айқайшыл, ұраншыл» емес. Бұл ел басқаратын тұлғаға керек қасиет! Әр қалада болып жатқан жастардың қарсылығын хабардар екенін журналистермен кездесуінен анық байқауға болады. Бұрынғыға қарағанда халықты басқару қиынға түсетінін, бұрынғыдай бәріне көне беретін, бәріне сене беретін ұрпақ жоқтығын Тоқаев білмейді дегенге сенбес едім. Ол — оянған халықты көріп, жаңа дəуірдің басталғанын біледі. Демократия да оған таңсық дүние емес. Өйткені батыстың өркениетін бойына сіңірген азаматқа, әртүрлі пікірлер мен кереғар ойлар қызықтырақ. Бір жақты мақтан мен мақтаудан бойын аулақ ұстайтыны байқалады. Оны өзі де бірнеше рет ісімен де, сөзімен де дәлелдеді. Көпшілік халық арасында, қу дүниемен, байлықпен ластанбаған санаулы тұлғалардың бірі деген атағы да бар…
Иә, жастардың шеруге шығуына биліктің де белгілі бір мөлшерде кінәсі болар, ақтаудан аулақпын. Халықпен санаспай, бәлкім, халықтың өз байлығын өзіне жаратпай отырған әбестігі де ашулы жастардың арқасына шаншудай қадалып тұр ма екен? Бірақ оны шешудің жолы шеру емес қой. Айқай-шу жүрген жерде небір арандатушылар, шайтандар жүретінін кім жоққа шығарады?
Қазақтың азат баласы, өз жерінде мазақ болып жүргендей көрінеді кейде маған. Базарға барсаң соқталдай-соқталдай қазақ баласы, жалдамалы жұмыс істеп, құлдық қамытын киіп алған. Көзінде не от, не жалын жоқ. Есіл дерті қу ақша. Ұлттық рухтан ажыраған құр кеуде ғана. Оған бүгінгі идеологияны дұрыс жүргізе алмай отырған биліктің де жазығы бар. Бірақ сонау ғасырлар аңғарынан жеткен гендік қуат-күш, өз соқпағын тауып, қан тамырда тулап, баһадүр бабалардың жолымен жүргізуге тиіс еді ғой. Ол жол — басшыға бағынып, қару-сайман тағынып, жерді жаудан, елді даудан қорғау емес пе еді? Бүгінгі ұрпақ құндылықтардың бәрін ақшамен ғана бағалайтын заманға тап келіп, аңырап отырған жайымыз бар. Бәріне билік кінәлі деген стеротиптен қашан құтылар екенбіз?
Қайран бабалар «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады», «Бірлікті ел бұзылмас», «Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ, Ұйым жоқ болса, күйің жоқ», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», «Байлық — байлық емес, бірлік — байлық» деп өтіпті. Біз осыны қаншалықты түсініп жүрміз. «Бөлінгенді бөрі алар» депті Сырым Датұлы. Кешегі алаш арысы Әлихан Бөкейханов «Бостандыққа апаратын жалғыз жол — ұлттық ынтымақ қана», «Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады» деп насихат қалдырыпты…

 

ҚОРҚАМЫН КЕЙІНГІ ЖАС ШЕНДІЛЕРДЕН…

Ұлы Абайдың «…Қорқамын кейінгі жас балалардан» дегені секілді, менің де өз қорқынышым бар… Билікке қарасаң, кеудесі көк тіреген кей жастардың «Ысқырығы жер жарады, айдағаны бес ешкі». Тәкәппар, менмендігі қандай? Топшыл. Рушыл. Ертеңгі дәу шенеуніктің, бүгінгі кескін кейпі осылай қалыптасып келеді. Бәрі болмаса да, біразының таным-түсінігі осы шамалас. Ізгіліктен жұрдай, көркем мінезден дырдай пәтшағардың, қол астындағы жұртына мейірімі қаншалықты оянарын бір Алла ғана біледі. Егер олар тап осы қалыптарымен билік баспалдағында өрлей берсе, бүгінгі билікпен сағына көрісеміз бе деген қаупім де бар… Ел ертеңі жастар деп жатамыз, олай болса бүгінгі жастар ертеңгі биліктің егелері. Оларға білімнен бұрын көбірек тәрбие беруге асығуымыз керек. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың ««Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден» дегені бекер емес.
Кейде мен бүгінгі ата көрген, ана сыйлаған, таршылық пен жоқшылықтың дәмін татқан биліктегі аға буынға құрметпен қараймын. Кім кемшіліктен ада дейсіз. Қателіксіз пенде баласы бола ма? «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» демекші, олардың жаманынан жиреніп, жақсысынан үйреніп, ағалық, аталық кеңестерінен нәр алғанға не жетсін, шіркін!
Халық оянып жатыр деп айқайлаймыз. Сонда халықтың біраз бөлігі билікке қарсы көтерілсе, тұрақтылыққа қауіп төндірсе, бүйтіп ел ішін алатайдай бүлдіргенше ұйықтай бергені жақсы еді ғой демеске шараң жоқ. Кешегі Міржақыптың «Оян, қазағы» біле білгенге ғылым — білімге шақыру еді ғой. Онда біздің бүгінгі оянған, білім, ғылымды меңгерген жұртымыздың көксегені не? Иә, бүгінгі биліктің де кемшін тұстары жетіп артылады. Тізбелей берсең таң атырасың. Жетістіктері де жоқ деп айтуға дәтің бармайды. Тұманданған көз, кектенген жүрек, тек осал тұстарды, жеткіліксіз нәрселерді ғана көруге жаратылған. Ұлы Абай: «Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп бекер айтпаған. Осы үш қасиеті бар адамнан, қоғамға залал, билікке қауіп төнбек емес. Біз кешегі соғыстан кейінгі жоқшылықты, таршылықты көрген, зобалаң нәубеттің неше атасын еңсерген ұрпақтың соңғы тұяғы шығармыз бәлкім. Сондықтан да шүкіршілміз. Сондықтан да барға қанағат етуге бейім тұрамыз.
«Қоғам неге тынышсыз? Адамдар неге мазасыз?» деген сауалға жауап табу қиындап барады. Ұрандатып көшеге шығу сәнге айналды. Дүркін-дүркін аналардың бас көтеріп, Парламент пен Ақордаға «шабуылдауы» жақсылық нышаны деуге келмес. Ісі заңды ма, заңсыз ба, қарап жатқан халық жоқ. Билікке өкпелі ме, оның дәруі — митинг секілді. Болмаса әлеуметтік желі арқылы қаралап, билікке топырақ шашуға бейім. Бұл бәлкім тойынғанның белгісі болар. Әйтпесе, дәл қазіргі қазақ қоғамында аштан өліп, көштен қалып жатқан адам жоқ. Елдің бұлай қақ жарылуының мәнісі неде? Біреуі билікті қолдап, екіншісі билікті қорлап жатқаны қалай? Бұған ең алдымен сыртқы күштердің әсері күшті-ау негізі. Елден қашқан экс-шенеуніктер де отқа май құйып әлек. Әйтеуір мақсаттары бүгінгі билікті төңкеріп тастау. Оның кейінгі зардабы қандай болады, ол үшін кім жауапты бұған бас қатырып жатқан жан көрмедім. Топырақтан қазақ жасай алмай жатқан кезімізде, ұлан байтақ даламызға, жан-жақтан анталаған, ниеті жаман көздердің талауына түсіп қалмайық, ағайын. Тарихымызда «елім-айлап» еңіреп сайын даласынан үдіре көшкенде айтылған қаралы ән бар. Естігенде сай-сүйегің сырқырайды. Ара-тұра сол азалы әнді бала-шағамызбен отырып, тыңдасақ деймін… Шындығын айтайық, билік тізгінін ұстап отырған кей шенеуніктердің парақорлық пен жемқорлыққа әуестігі де қарапайым халықты ығыр етті. Оның арты халықтың билікке деген сеніміздігін, жиіркенішін туғызуда. Билік басына келіп жатқан жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең бірінші жұмысын дендеп бара жатқан жемқорлықпен күресуден бастаса дегім келеді.

 

 

ТҮЙІН:

«БЕТЕГЕ КЕТСЕ — БЕЛ ҚАЛАР, БЕКТЕР КЕТСЕ — ЕЛ ҚАЛАР…»

Ел таңдауын жасады. Екі айға созылған кезектен тыс Президент сайлауы да мәресіне жетті. Халықтың басым бөлігі Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдады. Шындық осы! «Бүйректен сирақ шығарып, сайлау заңсыз өтті деп, халықты алаңға шақыру — елдікті ойлаған көсемнің білгірлігі дегенге сенбеймін. Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпайтының секілді, биліктегі кейбір тоғышарлардың арам пиғылы үшін, барлығына топырақ шашу қалай болар екен? Халық — Қосанов үшін емес, өзгеріс болсын деп дауыс берді. Ол әркімнің өз таңдауы! Өзінің сайлануға құқын қорғауға шықты. Бұл қазіргі жүйеге көрсетілген халықтың қарсылығы!!! Қосанов сияқтылар болған, бола да береді, өздерін əшкерелейді. Бірақ Әблязовты қолдап, оның арандатуына сеніп, әділдік іздеп көшеге шығу — алаш баласына жараспайтын қылық!…
Менің білетінім, 10 маусым күні билік митингке шыға беретін халықты диалогқа шақырды. Демек, билік бәрінен хабардар. Сайлау қорытындысына арналған баспасөз жиынында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «тағы да айта кетейін, сайлаудың алдында мен құқық қорғау органдарына шерулер кезінде мейлінше ұстамдылық таныту туралы тапсырма бердім. Олар ұстамды болды. Болашақта да сондай болады», — деді. Әрине Президент соңғы уақыттағы бейбіт шеруге шыққан халықты топырлатып қамап жатқанынан хабарсыз болар. Халықты ашындыра берудің арты — қасіретке апарып соғатынын кез келген шенеунік ескеруі тиіс. Ертең бәрі кеш болып қалмауы үшін… Сондай-ақ, Мемлекет басшысы наразылықтар басылмай тұрған осы жағдайда диалог қажет екенін атап өтті. «Наразылықтарға келсек, бізге диалог формасын ұсынуымыз керек. Қоғамның түрлі орталарының өкілдері енетін қоғамдық сенім комитеті құрылатынын айттым, сол жерде пікір алмаса аламыз. Менің ұстанымым — елде әрқилы, бір-біріне қарама-қайшы пікірлер бола алады, бірақ біз бір ұлт болып қала береміз. Пікірлер алуан болғанымен, ұлт біреу», — деп нақтылағаны ұнады.
Талас-тартысқа себеп болса да, түрлі сыни пікірлер қарша жауса да Қасым-Жомарт Тоқаев ел басқару тізгінін өз қолына алды. Инногурация болып, халқына ант берді. Ата қазақ «ант — су іштің бе, антыңа берік бол!» дейді. Ондай жауапкершілікті сезінетін азамат секілді Тоқаев. «Алла жолыңды оңғарсын, елдің қарғысын емес, алғысын арқала» дегім келеді. Иә, ауыздыға сөз бермей тайпалған жорғадай көсілгенімізбен, ел басқару ісі оңай емесін есімізден бір сәт те шығармайық, ағайын! Әр күнің лыпып тұрған алмас кездіктің жүзінде отырғандай болатын билік басына көтерілу — ол да бір сын! Ол сынға ұлтына адал, халқына қорған болатын ер ғана шыдайды….
«Бетеге кетсе — бел қалар, бектер кетсе — ел қалар, берекең кетсе — нең қалар?!» деген қазақтың қанатты сөзін әр қазақ ұрпағына мұра етіп қалдыруы керек. Ынтымақ кеткен жерден — ырыс, бірлік кеткен жерден — береке кетеді. Ен даланы еркін жайлаған еліміз бостандық жолында басын бәйгеге байлаған, әйтсе де олар ешқашан бас еркіндігін баянды елдіктен жоғары қоймаған. Мемлекет жоқ жерде бостандықтың да болмайтынын жақсы білген. Сондықтан бәрінен мемлекет мүддесін биік санаған. Тәуелсіздікті құрметтеу, мемлекетті қастерлеу, өз Отаныңды қалтықсыз сүю екендігін ұрпақ санасына құйып отырмасақ, бүгінгі алмағайып заманда, байтақ далаңның күл болуы, ұлыңның құл, қызыңның күң болуы қазір-ақ!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған