Шетелде емделуге 68 млрд. теңге кетіп жатыр
Туризм саласы — экономиканы дамыту көздерінің бірі. Бұл саланы дамыту үшін елімізде барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының туристік саласын дамыту тұжырымдамасының аясында Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстық 5 аймақтық кластерлер анықталды. Астана және Алматы қалалары бизнес-туризмнің даму орталықтарына жатқызылып, Шығыс Қазақстан — экологиялық туризмді, ал Алматы қаласы — тау туризмін дамыту орталығы, Оңтүстік Қазақстан — мәдени туризмді дамыту орталығы, ал Батыс Қазақстан аумағы мәдени, «жағажай» демалыс туризмін дамыту өңірі ретінде қарастырылды. Қазақстанның басқа аймақтарында негізінен ішкі туризмді дамыту көзделген. ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында туризм дамыту мәселесіне арнайы назар бөлінген. Бағдарламада қойылған мақсаттарға сәйкес, мемлекет іскер топтармен бірігіп, еліміздің барлық облыстарында туристік инфрақұрылымды белсенді қалыптастыруда. Қазіргі таңда қалалық туризм, белсенді және санаторийдегі демалыс, тарихи-мәдени туризм, сондай-ақ экотуризм, медициналық туризм сынды жаңа туристік бағыттар бойынша жұмыстар қолға алынуда.
Қазақстанда 9 мыңнан аса археологиялық және тарихи мұралар, 118 ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, олардың арасында 11 мемлекеттік ұлттық табиғи парк ашылған. Қазақстанды бүкіл дүниежүзіне танытуда туризм саласының да қосар үлесі аз болмаса керек. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, туризм — экономиканың бүйірін толтыратын табысты сала. Мәселен, әлемдік тәжірибеде табыс көзі жағынан туризм мұнай мен газдан кейінгі орынды иемденеді. Туризм кез келген елдің экономикасында үш тиімді ықпалмен әсер етеді. Олар шетелдік валюта ағынын көбейтеді, тұрғындарды еңбекпен қамтиды, мемлекет инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметі бойынша, бір турист барған жерінде 1 мың АҚШ долларын тастап кетеді екен. Бұл — ешбір өсімсіз, қайтарымсыз, толығымен елде қалатын ақша. Сонымен қатар бір туристің ақшасы 9 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Өйткені турист қаржысының 30 пайызын қонақүйде, 20 пайызын көлікте, 35 пайызын қоғамдық тамақтандыру орнында және 15 пайызын басқа да қызмет көрсету (музей, көрме т.б.) орындарында қалдыратын көрінеді. Туризмді дамытудағы табыс оның мемлекеттік деңгейде қалай қабылданатынына тікелей байланысты болатыны сондықтан.
Медициналық туризм дегеніміз не?
Статистиканы сөйлетсек, бүгінгі таңда еліміз денсаулық сақтау саласын дамытуға ІЖӨ-нің 2,7 пайызын ғана жұмсайды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы ең кемі 5 пайыз болуын талап етеді. Бүгінгі міндетті медициналық-әлеуметтік сақтандыруды енгізудің бір себебі — қаржыландыруды сол әлемдік межеге жеткізу-тін. Міндетті медициналық-әлеуметтік сақтандыру қоры жұмысын бастаған былтырғы шілде-қазан айларында жалпы сомасы 18,6 млрд теңге түсім түсті.
Бұл 1 жылда 60 млрд көлемінде ақша жиналады деген сөз. Денсаулық сақтау саласының бюджеті үшін бұл түсім болғанмен, қоғам қалтасы үшін — шығын. Себебі міндетті медициналық сақтандыруға ақша төлегендердің бәрі бірдей өз елімізде емделмейді. Оның үстіне базбір науқас түрлеріне тек шетелдерде ғана шипа табылатыны кәміл. Егер еліміздегі медициналық көмектің сапасы жоғары болса, сыртқы медициналық туризмге кеткен қаражат (ол жылына 68 млрд теңгені немесе 200 млн АҚШ долларын құрайды) өзімізде қалып, елден алатын алым азаяр еді. Сарапшылардың бағалауынша, медициналық туризмнің әлемдік нарығы 2022 жылға қарай $143,8 миллиардқа жетпек. Осы нарықтан әр ел өз үлесін алуда. Мәселен, медициналық туризмнің дәстүрлі көшбасшылары Германия жылына 70 мыңдай, Израиль 30 мыңға жуық емделушіні қабылдаса, бұл нарыққа кейін қосылған Үндістан медициналық туризмнен 1 жылда 3 млрд, Таиланд 2 млрд доллар табыс тапқан екен. Отандастарымыздың шетелдерді жиі жағаттауының сырына келсек, оны баға мен көрсетілген қызмет сапасының сәйкессіздігінен іздеген жөн сияқты. Медициналық туристер арасындағы ең сұранысқа ие қызмет түрі — толық базалық тексеріс (checkup) елімізде 70 мың теңгеден басталса, Үндістанда 100-300$, Оңтүстік Кореяда 1500-5000 $ шамасында екен. Ал еліміздегі ұлттық орталықтар болмаса, көп медициналық мекемелердің қызмет сапасы көңіл көншітпейтіні жасырын емес.
Екінші себеп — мамандардың біліктілігі. Шүкір, еліміздің кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, трансплантология салалары әлемдік қауымдастық алдында мойындалып үлгерді. Десек те, ел медицинасының қауқары жетпейтін жағдайлар әлі де бар. Бұған аймақтардағы дәрігерлік кадрлардың кәсіби білігінің әлі де кемшіндігін айтуға тура келеді. Өкінішке орай, Қазақстан қоғамы шетелде ем қабылдауды әлеуметтік мәртебе иә зор абырой санайтын санадан әлі арылған жоқ. Әйтпесе, ел медицинасы тұралап қалған жоқ. Медициналық холдингтің 7 бірдей клиникасына JCI сертификаты еш сараптаусыз беріле салған жоқ. Медициналық туризмнен орасан зор табыс тауып отырған елдердің осы аккредиттеуден өткен клиникалары санаулы. Соған қарамастан, Қазақстан медицинасының туристік әлеуеті әлсіз. Неге? Біріншіден, Қазақстанның медициналық қызметті экспорттаушы ел ретіндегі насихаты ақсап жатыр. Турист тарту үшін аталған нарықта бәсекелестікті арттыру қажет. Өзіміздің табиғи-туристік әлеуетімізді де медициналық мақсатқа жұмылдыру аса маңызды.
Мысалы, осы мақсатқа орай Қатон-Қарағайдағы панты емін, Бурабайдың ауасы мен Сарыағаштың суын, Алакөлді және басқа да толып жатқан емдік, шипалық қасиеті бар табиғи орындардан жоғары стандарттарға сай емдеу-сауықтыру орындарын ашса құба-құп болар еді. Өйткені мұндай сауықтыру-демалыс курорттары мемлекет қазынасына қомақты қаржы құятын табыс көзі бола алады. Өйткені салықты курорт қана емес, оның айналасында жұмыс істейтіндердің бәрі — тасушылар, фермерлер, тамақтану орындары т.б. төлейді. Әлемдік тәжірибе туризмнің экономиканың 50 пайыздан астамының дамуына мүмкіндік жасайтынына көз жеткізеді. Ендеше, ойланайық, ағайын.
Дайындаған — Ермек Сахариев