Шетелдік көліктеренді шеттетілмейді

Күні бүгінге дейін көлікке қажеттілік үшін емес, қазына ретінде қарайтындар да бар. Қалта қалың болса, әрине, қымбат, санаты жоғары көлік мінгенге не жетсін? Дегенмен елімізде ескі көліктердің құнының өзі қымбат. Сондықтан «шрот» айдап шаршаған шопырлар Ресей, Армения, Қырғыз елдерінен әкелген жылы жаңалау көліктерді сенімхат арқылы тізгіндеп жүрді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауы осындай шетелдік көліктерді утильалымсыз 200-250 мың теңгеге рәсімдеп алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигi Николай Сон журналистерге жан-жақты түсіндіріп берді:

– Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру міндетін жүктеген болатын. Қазір бұл үшін мемлекеттік органдар барлық қажетті заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдауда. Экологиялық және Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді. Азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге көлемінде ғана алым төлейтін болады. Заңдастыру кезінде утильалым төленбейді. Кодекстерге түзетулер келесі жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді, сондықтан заңдастыру келесі жылдан бастап жүргізілетін болады.

Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген автокөліктердің тізімі жасалды.

Ал кейінірек әкелінген көліктер заңдастыруға жатпайды және жалпы негізде тіркелетін болады. Сонымен бірге, автокөліктерді заңдастыру үшін полицияға онлайн өтініш беру мүмкіндігі пысықталуда.

Тіркелген көліктерге қарапайым ақ нөмірлер беріледі, полиция қандай да бір шектеулер қоймайды. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың тауары болып табылмайтын автокөліктер кедендік баждарды төлеуі тиіс. Бұл үшін Қаржы министрлігі азаматтарға қолайлы кедендік декларациялау тетіктерін әзірлеуде. Заңдастыруды өткізудің барлық шарттары әзірленгеннен кейін Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданатын болады, – деді ол.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА