Шигеаки Хинохара: «Ханымдар, көп ұйықтап, диетада отыра бермеңіздер!»
105 жасқа келген жапон дәрігері Шигеаки Хинохара: «Ханымдар, көп ұйықтап, диетада отыра бермеңіздер!»
Ұзақ жасау үшін не істеу керек?
Шығыс – әлемдік даналықтың алтын бесігі. Мен үшін Жапон елі әрқашан ерекше. Ал дәрігер Хинохарамен таныстығым тіптен керемет әсер қалдырған еді. Ол ақырғы деміне дейін емханада жұмыс істеді. 105 жасқа келіп дүниеден өтті. Біздің ғасырда ол сияқты данагөйлер өте сирек.
Оның өмірді жеңілдететін ережелері өте оңай. Хинохара дәрігердің өмір сүру туралы дағдыларын оқысаң, таң қаласың.
Бақытты өмірдің құпиясы
1. Көңіл көтер
Қуаныш — тамақ пен ұйқыдан артық. «Адам күш-қуатты тамақ пен ұйқыдан алмайды. Көңілі көтерілгенде қуаты еселенеді. Есіңде ме, бала күніңде тамақты ұмытып, ұйқыны ойламастан күні-түні ойнай беруге пейілді болушы едің ғой? Ересектер де сондай. Адам тәнін шектеп, тамақ пен ұйқыны қатаң ұстануы шарт емес» дейді Хинохара дәрігер.
2. Дұрыс тамақтану
Жапондардың өмір жасының ұзақтығы – тамақты аз ішетіндігінен. Таңертең бір шыныаяқ кофе, сүт немесе апельсин шырынына зәйтүн майын қосып ішеді. Таңғы асы осындай-ақ. Түскі асты өткізіп жіберуге болады. Немесе азғантай етіп жеу керек. Пайдалы іспен шұғылдансаң, тамақтың түк керегі жоқ. Кешкі асқа көкөніс, күріш қосылған балық же. Ет жеуді азайту керек. Аптасына 100 грамнан екі рет ет жесең, сол жеткілікті.
3. Алдын ала жоспарла
Қойын дәптеріңе келешектегі істерді тізіп жаза бер. Ойдың бәрі орындалады. Келешекті ойлаған кезде артыңа қарайламайсың. Болмашыға бола қайғырмайсың.
4. Біліміңді таратып жүр
Шигеаки Хинохара жылына 150 лекция оқитын. Әр лекциясы – бір жарым сағатқа ұласатын. Бір жарым сағат бойы тік қалпында, бір отырмастан сабақ түсіндіреді екен.
5. Дәрігер бәрін емдей алмайды
«Егер дәрігер түсініксіз талдау жасат, ота жасау керек деген кезде одан өз балаңа, етене жақын туыстарыңа да осы ақылды айтар ма едің деп сұра?» дейді Хинохара дәрігер. Медицина коммерциалы болғалы оның пайдасынан зияны көп. Адамға басы артық қайғының не керегі бар? Егер емдей алмаса, турасын айтсын. Кейде дәрігердің емінен гөрі сүйікті әніңді тыңдау, үйдегі жануарыңды баққаның көбірек пайдалы.
6. Өзіңді аяма
Тәніңді жаттықтыру үшін міндетті түрде спортзалдан табылу шарт емес. Жаяу серуенде. Велосипед теп. Жеделсатыдан гөрі баспалдақпен көтерілген жақсы. Түк істемегеннен гөрі әлдеқайда пайдалы. Диван – адам баласының дұшпаны. Есті адам белсенді демалысты таңдасын. 105 келген Хинохара екі баспалдақты аттап жүретін. Аяғының бұлшықетін солай шынықтыратын.
7. Оқы!
Саған ғана шабыт сыйлайтын кітабыңды тауып ал. Өмірлік мақсатыңды анықтауға септессін. Хинохара Роберт Браунингтің «Аббат Фоглер» кітабын оқыңдар деп ақыл айтады. «Өмірде және өнерде алынбас қамалдарға ұмтылу керек. Шеңбер сызғың келсе, өмір-бақи сызып бітірместей орасан зор болсын. Бізге сол шеңбердің бір шеті ғана көрінеді. Қалғаны біздің өмірімізден де, көңіл сарайымыздан тысқары қалады».
8. Уайым – үкім емес!
Біздің замандағы ауруханаларда көңілді көтеретін дүние көбірек болуы тиіс: музыка, би, жануарлар. Көркем терапия дәріден артық емдейді. Назарыңды дертіңнен басқа бір қызықты нәрсеге аудар. Сонда ауру туралы әп-сәтте ұмытасың.
9. Құндылықтарды қайта бағала
Байлыққа құмартқан адам өмірдегі басты құндылықтарды ұмытады – махаббат, қамқорлық, мейірім. Хинохара: «Естеріңде болсын: сенің сын сағатың қашан туатынын білмейсің. Дәулетті өзіңмен бірге көрге әкете алмайсың».
10. Ғылым өнер сияқты
Ғылыми формуламен, қанатты сөздермен адамға көмектесе алмайсың. Дерт адам жанымен тығыз байланысты. Адамдар әр түрлі. Сондықтан ем жолы да әр адамға сай жекелей жасалуы тиіс.
11. Кездейсоқ жағдайға дайын бол
Адам тәні сан алуан ғажапты жасай алады. Шигеаки Хинохара соғыс кезінде тұтқынға түсіп, тек өзіне сеніп аман қалғанын айтады. Адамның өз тәніне деген зор махаббат мен құрмет кез келген қинау мен қорлаудан алып шығады.
12. Ұстазыңды тап
Үлгі ететін, өнеге алатын адамыңды тап. Бар күшіңді жұмсап, оны басып озуға тырыс. Хинохараның қаһарманы әкесі болған. Кейіннен басқа да тұлғаларға қарап үлгі алған. «Қиын жағдайға түскен кезде, мен үлгі ететін адамдар осы жағдайда қайтер еді деп ойлаймын».
13. Ұзақ өмір сүру – бұл ғажап
Өмірдің әр сәтін, әр минутын бағала. Әр күнің өткен күннен артық. Өзгелер туралы ұмытпа. Жасың 60 асқан соң шамаң жеткеннің бәріне көмектесе бер. Ақысына ештеңе сұрама. Тірі жүргеннің өзі – сен үшін зор бақыт.
Шигеаки Хинохара 105 жасқа келіп, 2017 жылдың 18 шілдесінде дүние салды. Ақырғы демі таусылғанша ол Токиодағы Әулие Лука атындағы Халықаралық емхананың президенті болып қызмет атқарды. Соған дейін ем жүргізді. Қойын дәптері бес ай келешекті қамтып жоспарланып қойыпты.
Ұзақ жасау, толыққанды өмір сүру туралы әңгіме оқу қызық емес, ал мұндай ақылды іске асыру тіптен қиын. Бәлкім, бұл бақыттыларға ғана бұйыратын бақ шығар.
Диана Линн
Shynar Ábildá фб парақшасынан
Аударған Шынар Әбілдә