ШІРКІН, ДҮНИЕНІҢ ҚЫЗЫҒЫ ГАЗЕТ ҚОЙ…ДЕЙТІН БЕРГЕНТАЙ НҰРМАХАНОВ АҒАМЫЗ ТУРАЛЫ
Түу соноу Жаңатас қаласында тұратын қаламгер ағамыз, түбі еңбекқор журналист Бергентай Нұрмаханов мына жалпақ жалғанда газет оқудың рахатын сезбейтін адамдарды… аяйды. Шіркін, дүниенің қызығы газет қой деп көкірегі қарс айырылады.
Жетпіс бестің желкен керген журналистің жарты ғасырдан бері аудандық “Сарысу”, Жамбыл облыстық “Ақжол”, сонымен қатар “Егемен Қазақстан” және басқа да республикалық танымал газеттердің әр санын оқымай қалған күні жоқ.
Ауылда тұратын ағамыз әлі күнге дейін жазудан да қол үзген емес. Келмеске кеткен қаламақыны ұмытқалы көп жыл болды, соған қарамастан…
Сөйте тұра қоғам мен мемлекет, адам мен ұлттық құндылықтар жайында жиі жазады.
Тіптен әлеуметтік желіде “Жүректегі жазбалары” мен “Ауыл айтқыштарының әңгімелері” қызықты туындының өзі әрі жалғасы үздіксіз көркем шығармаларының шоқтығы десек те болады. Талант та егде тартқанда таңғалдырғаны сонша ана Маралтай Райымбекұлындай дүлдүл ақын інілері де оның ақындық қырына қайран қалып жүр.
Болмысы бекзат, аса сабырлы Бергентай ағамның атақ-даңққа құмарлығы жоқ секілді. Тіпті Журналистер Одағының “Құрметті журналист” атағында да шатағы жоқ, облыста өтіп жататын жиындарға да жиі шақырылмайды, оған өкпелемейді. Рахат, ел той тойлап, мәнсіз шапқылап жүргенде ол жазуын жазып жатады. Кешігіп келетін газет-журналдарды көз жазбай оқиды.
Тек өткен жылы ма, аудан атқамінерлері оған “Сарысу ауданының құрметті азаматы” деген куәлік тапсырып, ағаларының еңбегін бағалап, алдынан өткен.
Елде тұратын танымал жазушы Пернебай Дүйсенбин жуырда 80 жасқа толған күні Бекең де ойланып қалған. Әй, мен де 75
-ке келеді екенмін ғой. Той ма?!
Жоға, шапқылап неғылайын. Бала-шаға, немере мен шөберелерімнің құттықтауынан артық не бар, өзі?!
Іні-шәкірттерімнің ақ тілектері де қымбат емес пе?
Сүйікті газеттеріме мақала жазайын, дейді.
Қарт Қаратау, әулиелі Әулиеата, нулы өлке Шу, мөлдір Талас, көне Тараз, кенді Жаңатас жауhарлары мен маржандары жайында ой-толғаныстары тулайды, толқын толқынды қуалайды.
Байтақ қазақ жұртының құндылықтары мен ұлттық ұстындары-жүректегі жазбаларының қазынасы болғанда қандай!
Жазыңыз аға, жазарыңыз таусылмасын!
Сағынтқан, күткен газеттеріңіз бен оқырмандарыңыз Сізге риза.
Елде газет оқуды рахат дүниеге бағалаған , талай кітаптарымен жастарға ұстаз әрі үлгі болған Нұрмахановтай адал қазақтар бар болсын!
Қоғамды рухани, мәдени жағынан қорғап, ілгерілетіп жүрген зерек Бергентайлар ауылда тұрады.
Сонысымен да елдің абыройлы азаматтарының рухы биік!
Жаратылысы бөлек. Зиялы да зейінді тұлғалардың төрінен орын алған. Ойы қашанда жүйрік. Бой жағынан да (2 метрге жуық) биік ағамыз осындай қымбат жан. Қадірлі қоғам қайраткері.
Төл мерекеңіз құтты болсын, ақ пейілді, ардақты аға!
Ел шежіресіндей ғибратқа толы ғұмырыңызда қуаныштарыңыз бен сүйіншілейтін жылдарыңыз ұзағынан болсын!
Өмір деген-жол үсті. Жасай беріңіз!
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.