ШҚО-да 100 мың гектар жер кімдерге берілген?
sn.kz. жазған хабарға жүгінсек, қоғам белсендісі Айдын Егеубаевтың қозғау салуымен Жер комиссиясы тексеру жүргізіп, соның барысында ШҚОда 100 мың гектарға жуық жердің қытаймен бірлескен компанияларға берілгенін анықтапты. Комиссияның бірқатар мүшесі расымен де қытайлық компаниялардың қазақстандық кәсіпкерлермен бірігіп, Үржар ауданынан ірі көлемде жер алғанын мәлімдеді. Тексеру нәтижесін өзінің «Фэйсбуктегі» парақшасында жария еткен комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан:
«Оның айтуынша, Қытай азаматтары қазақстандық кәсіпорындармен бірлесіп, ортақ компаниялар ашып алған. Мұндай бизнестегі үлес 51 пайызы қазақстандық, 49 пайызы қытайлық етіп бөлінсе жетіп жатыр. Яғни қытайлық акционерлер осындай пайыздық үлеспен Қазақстаннан жалға жер ала алады. Бұл еліміздің ешқандай заңына қайшы емес. Мәселен, аталған фирмалардың 45 пайызы қытайлықтарға тиесілі екені расталды. Екіншіден, олар жерді жалға алып, Қазақстан бюджетінен миллиондаған дотацияны (шамамен 500 млн. теңге) тағы алған. Бірақ жалға алынған жерлердің 75-100 пайыз шамасында игерілмеген. Ендеше, олар Қазақстан бюджетінен алған миллиондаған теңгені қайда жіберді? Бұл мәселемен қазіргі таңда прокуратура айналысып жатыр. Тексеру барысында белгілі болғандай, ШҚО Үржар ауданының әкімдігі «Бәтуа», «Ырғын» және «Мәнфағат» деп аталатын үш ЖШС-ға 91 432 гектар жерді 49 жылға жалға берген. «Бәтуа» компаниясының құрылтайшылары — «Дәремет» ЖШС ( қазақстандық компания, үлесі — 55%) мен «УэйзГрупп» ЖШС (қытайлық компания, үлесі — 45 %). Олар 29 816 гектар ауылшаруашылық жерін 2011 жылы жалға алып, дәнді дақылдар өсірумен айналыспақ болған. Егін өнімділігін арттыру мақсатында «Бәтуа» ЖШС-не 2012-2015 жылдары аралығында бюджеттен 82,6 миллион теңге субсидия бөлінген. Ал 2014-2015 жылдар аралығында қосымша 420 миллион теңгені аталған компания басшылары мемлекеттен тағы да алыпты. Қазіргі таңда прокуратура аталған субсидияның қаншалықты заңды бөлінгенін тексеріп жатыр. Сонымен қатар, 2015 жылы жүргізілген тексеру барысында жоғарыда аталған үш компанияның да жерді пайдаланбай отырғанын анықтаған.
Атап айтқанда, «Бәтуа» ЖШС 39 816,7 гектардың 75,7 пайызын, «Ырғын» ЖШС 8 712,8 гектардың 75,2 пайызын, «Мәнфағат» ЖШС 48 903 гектардың 100 пайызын», — деген ақпарды алға тартса, жоғарыдағы А.Егеубаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда дәл осындай жүйемен жер иеленіп отырған 9 компания бар көрінеді.
Ермек САХАРИЕВ