ШҚО-да туризмді дамыту бойынша жиналыс өтті
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев туризмді дамыту бойынша жиналыс өткізді. Аймақ басшысы аудан және ауыл әкімдеріне келген демалушыларға қонақжайлық көрсету әдебі және сервистік қызмет сапасын арттыру бойынша жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ аудан әкімдері мен құқық қорғау орган өкілдеріне жағажай мен туристік орындарда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді. Шығыс Қазақстан туристік әлеуеті зор аймақтардың бірі. Шекаралас жатқан Қытай және Ресей елдерінен келетін туристер арасында бірқатар орын қызығушылық тудырып отыр. Тарихы мен әсем табиғаты ұштасқан аймақта халықаралық туризм саласын дамыту үшін жағдай жасалмақ.
Облыс әкімі атап өткендей, аталмыш саланы қолға алуда аудандарда инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру қажет.
«Біз облысқа келген туристерге өз қонақжайлығымызды таныта білуіміз керек. Себебі кішігірім елді мекендерден бастап, аймақтың жалпы дамуына туризм серпіліс береді. Бір келген қонақ келесіде тағы аймағымызға келіп, оның сүйікті орындарының біріне айналатындай жағдай жасауымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, жиналыс барысында балаларға арналған жазғы сауықтыру орындары мен лагерь жұмыстары да талқыланды. Аймақ басшысы балалардың демалыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.