ШҚО-дағы Маралды ауылында оқушы саны азайып барады

 

Соңғы жылдары Күршім ауданындағы Маралды ауылының мектебінде оқушылар саны азайып барады.

Үш жыл бұрын 126 бала болса, қазір 85 бала қалған. Ал 1993 жылы салынған мектеп ғимараты 600 оқушыны сыйғыза алады.
Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ШҚО-дағы қазба байлықтарын пайдаланушыларға қатысты сыни сипаттағы түрлі ақпаратқа байланысты жергілікті БАҚ өкілдері мемлекеттік органдар мен сарапшылармен кездесу өткізген болатын. Аталған жиында ШҚО Білім басқармасының басшысы Маралды ауылындағы мектепте білім алушылар санының жылдан-жылға азайып бара жатқанын мәлімдеді.
– Соңғы үш жылда Маралды ауылының орта мектебінде балалар санының азаюы байқалады. Айталық, үш жыл бұрын 126 бала болса, өткен оқу жылында 105 бала болған. Қазіргі кезде 85 бала бар. Оның ішінде 68 бала – 1-11 сынып оқушылары, қалғандары – шағын орталықтың тәрбиеленушілері. Балалар саны неге кеміп барады? Өйткені, халықтың ауылдан көшіп кетуі жалғасып жатыр, былай жалғаса берсе ауылда ешкім қалмауы да мүмкін, – дейді ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.
Сала басшысының пікірінше, халық көшуіне әлеуметтік жағдай ықпал етеді. Адамдар үшін өмірдің сапасы маңызды тұрмыс сапасы білімнен бөлек өзге салаларға да байланысты. Өкінішке қарай, қазіргі кезде ауылдағы көшелер мен жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді деуге болады.
– Атап өтерлігі, ауылдағы мектеп 1993 жылы салынған. Ол 400 орынға шақталған. Онда 600 оқушыға дейін білім ала алады. Ауылдың бұл ретте келешегі бар. Сондықтан Маралды тартымды елді мекенге айналуға тиіс. Ауылда балабақша жоқ, тек балаларға арналған ойын алаңы ғана бар. Бүгінгі таңда балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасау туралы міндет қойылып отыр, яғни сапалы білім беру ортасын құру қажет. Бұл – Мемлекет басшысының да, Оқу-ағарту министрлігінің де талабы. Мектепте қазір 49 ауыл тұрғыны еңбек етуде. Оның ішінде 24-і – педагог, өзгелері – қосалқы қызметкерлер. Яғни, мектеп ауылдықтар үшін ең үлкен жұмыс орны болып отыр, — деді басқарма басшысы.