ШҚО мектептерінде ата-аналардан ақша жинауға жол бермес үшін түрлі шаралар атқарылуда
Шығыс Қазақстан облысының білім ордаларында ата-аналардан ақша жиналмас үшін түрлі шаралар атқарылып жатыр.
Бүгін ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде «Білім беру мекемелеріндегі заңсыз ақша жинаудың алдын алу шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Облыстық Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның айтуынша, өңірдегі балабақшалар мен мектептерде сыбайлас жемқорлыққа жол бермес үшін кешенді жоспар әзірленіп, тиісті шаралар қолға алынған.
«Жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Ең әуелгісі – түсіндіру. Сонда білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне, ата-аналарға заңның тармақтары айтылып, оны бұзған жағдайда қандай жауапкершілік көзделгені жеткізіледі. 2024 жылдың басынан Өскемен қаласында, Ұлан, Зайсан, Шемонаиха, Алтай және Самар аудандарында білім беру ұйымдарының басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндіру бойынша семинарлар өткізілді. 21 мамырдан бері Өскемен қалалық Білім бөлімінің ұйымдастыруымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башевтың қатысуымен балабақшалар, мектептер мен колледждердің директорларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы саладағы Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер түсіндірілді», — деді ол.
Кешенді жоспар шеңберінде Өскемендегі Ы.Алтынсарин атындағы №39 орта мектепте, Ш.Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейде заңсыз ақша жинаудың алдын алу туралы ата-аналар мен мұғалімдерге жиналыс өткізілді. Оқу орындарының сайттарында заңсыз ақша жинауға тыйым салатын бұйрық жарияланды. Жалпы жыл сайын қыркүйек айында осы бұйрық жаңартылып, мұғалімдер мен ата-аналарға көрсетіледі. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Адал ұрпақ» ерікті клубтары мен «Саналы ұрпақ» студенттік клубтарының жұмысы ұйымдастырылған.
«Білім туралы» ҚР Заңының 63-бабы 1-тармағына сәйкес білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілерге бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін білім беру қызметтері еш ақысыз көрсетіледі. Осы Заңның 63-бабы 2-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарына және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанындағы орта білім беру ұйымдарына білім алушылар мен тәрбиеленушілерге ақылы негізде білім беру қызметтерін көрсетуге, оқушылар мен мұғалімдерден ақша жинауға қатаң сыйым салынған. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021-2023 жылдар аралығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте Шығыс Қазақстан облысы бойынша білім беру саласы қызметкерлеріне қатысты 17 қылмыстық іс қаралған. 2024 жылдың басынан білім ордаларында ата-аналардан ақша жинау фактілері тіркелмеді», — деді ШҚО Білім басқармасы ұйымдастыру жұмысы және адам ресурстарын басқару бөлімінің бас маман-заңгері Досым Қалдыбаев.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық фактілеріне куә болған мұғалімдер немесе ата-аналар 8(7232)-700-800 нөміріне хабарласа алады.