ШОҚАЙДЫҢ ҚАРБЫЗЫ-АЙ

Жамбыл ауданында Ақбастау ауылдық округіне қарасты Шоқай ауылының диқандары егін егуді мықтап қолға алған. Күні кеше ризық-несібесін жерден терген Айдар Хаджимуратов төрағалық ететін «Есей» шаруа қожалығының тындырымды тірлігімен танысып қайтқан болатынбыз.

Осыдан 10 жыл бұрын құрылған қожалық соңғы жылдары қарбыз өсірумен айналысып келеді. Бұдан бөлек, жүгері, қауын, жоңышқаға да ерекше екпін берген.
– Әр жердің табиғаты әртүрлі. Біздің ауыл аумағында көкөніс, бақша дақылдары керемет өседі деп айта алмаймын. Оның үстіне егінсу да тапшы. Сондықтан диқандар жерге, табиғатқа, ағынсуға байланысты егін егеді. Негізі, Шоқай елді мекені қарбыз өсіруге өте қолайлы жер. Біздің ауылдың қарбызын тек ауданның ғана емес, Тараз қаласы мен Талас, Сарысу аудандарының саудагерлері арнайы іздеп келеді. Өнім жаппай піскенде Нұр-Сұлтан, Алматы, сонымен қатар Ресей еліне де жөнелтеміз. Биыл баға өткен жылға қарағанда біршама жоғары. Бұл дала төсін емген диқандар үшін өте тиімді болып тұр.

«Қимылдаған қыр асады» демекші, биыл інім Жандар екеуміз 10 гектарға қарбыз ектік. Бүгінде өнімді шетінен өткерудеміз, – дейді Айдар Хаджимуратов.
Шынында, баптай білсең, жер-ананың жомарттығын аңғаруға болады. Ала жаздай еңбек еткен диқандардың төккен тері текке кетпейтініне көз жеткізесің.

Жамбыл ауданы