ШОМАН ШӘРІПБАЕВҚА ЕСКЕРТКІШ — БЮСТ АШЫЛДЫ
Сейсенбі күні аудан орталығындағы «Жаз–ата» саябағында Социалистік Еңбек Ері, ауданымызға қарасты «Хантау» совхозының аға шопаны болған Шоман Шәріпбаевқа ауылдың көрікті жеріне мүсін (бюст) қойылуына байланысты ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған аудан тұрғындары көп жиналды. Олардың басым бөлігі кезінде бірге қызмет атқарған атаапалар мен аға шопанның ұрпақтары еді.
Ескерткіш-бюстті аудан әкімі Әлихан Балқыбеков пен Шоман атаның қарындасы Клара Шәріпбаева ашты. Сол сәтте биік тұғырға қондырылған Еңбек Ерінің жарқын жүзі көрінді. Қуанышқа орай шашу шашылып, халық өзінің сүйікті ұлымен қайта қауышқандай болды. Бұдан кейін ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылды.
Алғашқы құттықтау сөзді сөйлеген аудан әкімі Әлихан Балқыбеков:
–Қай заманда, қандай қоғамда болсын ер азаматтың халық алдында беделге, атақабыройға, құрметке бөленуі оның ел үшін атқарған адал еңбектеріне байланысты. Міне бүгін көптен бері ойда жүрген игі іс орындалды. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР Жоғарғы Советінің депутаты Шоман Шәріпбаев ауданымызға қарасты «Хантау» совхозының аға шопаны болып, үш Ленин және Октябрь революциясы ордендерімен марапатталып, еңбекпен ер жетіп, ел құрметіне бөленген жан.
«Өткенсіз болашақ жоқ» дегендей, бұл ескерткішке деген көзқарас Шоман Шәріпбаевқа ғана емес, сол кездерде білек сыбанып, еңбек көрігін қыздырған барша жерлестерімізге жасалған құрмет деп білемін.
Шоман Шәріпбаевтың қой санын көбейтуге қосқан үлесі жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері деген аса құрметті атақ берілген кезінде жұлдызы жарқырай түсті. Ол бесжылдықтың әр жылында орта есеппен әр жүз саулықтан 162 қозы алса, он бірінші бес жылдықтың алғашқы жылында әр жүз саулықтан 165 қозы алуды қамтамасыз еткен. Міне осылайша бастау алған ұлағатты да өркенді іс өрісін тауып, ел алдындағы өлшеусіз еңбегі, халық пен мемлекет тарапынан жоғары бағаландыдеді аудан басшысы Әлихан Әбіләшұлы.
Мұнан соң КлараШәріпбаева ағасының елге сіңірген еңбегін ескеріп, құрмет көрсетіп, ескерткішті орнатуға атсалысқан Мойынқұм ауданының басшылығына алғысын айтты. Ал биназарлық сазгерақын Болатбек Әбішев өз тілегін өлең жолдарымен жеткізді. Ал мүсін авторы – ауданымыздағы О.Жандосов атындағы орта мектебінің мұғалімі, ұлттық дизаин академиясының академигі Қамшыбек Оңласыновтың еңбегі зор.
Жиын соңында ауданның бас имамы Рысбай Еспенбетов «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші Еңбек Ерлерінің рухына арнап, құран бағыштады.
Бұдан кейін жиналған көпшілік жерлестерітуралы естеліктер айтып, тарқасты.
Шоман Шәріпбаев 1937 жылы Көктерек ауданы, Коминтерн ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Баймырзаев Шәріпбай мен анасы Жылқыбаева Гүләйім колхозда жұмысшы болып, еңбек еткен. Ал Шоман ата Мойынқұмдай ұлан-ғайыр паң даланың төсіне ақтылы қой өргізіп, табиғаттың өзінен дәріс алып, қағаз бен қаламға жүгінбей-ақ, қысқа да нұсқа сөздердің иесі атанған, қос жұлдызды Жазылбек Қуанышбаевтың шәкірті болған. Бұл жөнінде ол өзінің «Хантау қойнауында» атты кітабында «Жазылбек Қуанышбаевтың озат тәжірибесін оқып-үйрену маған үлкен көмегін көрсетті. «Мал бақсаң өрісін тап», «Шелді мал – төлді мал», «Шопан күн сайын күрескер, жыл сайын дәулеткер» деп Жазекең айтатын даналық сөздер жадымда жатталып қалды» деп ұстазын еске алады.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
«Мойынқұм таңы».