Шөміш қағу
Зәуі бір себеппен ауылға барғанбыз. Биыл біздің өңірде жаңбыр жиі. Әйтсе де көк аспанды қаптап, түнеріп келген тоқтының жабағы жүніндей ұйысқан бұлт біткен шоқ жұлдыздай шағын ауылды айналып өтеді екен. Ауыл ақсақалдары табиғаттың осы бір тылсым мінезінің сырын таба алмай айран-асыр.
Ауылды айтасыз, алақандай қаланың өзінде жауын ала-құла жауатынын көзіміз көріп жүр. Орталықта биесауым уақыт қорғасын бұлт түйдектеле түнеріп келіп, шелектеп төге салғанда, шеттегі шағын ауданға тамшы да тамбайды. Келесі күні дәл сондай көрініс. Бірақ керісінше, шеткі аудан батпаққа батып жатса, орталық құп-құрғақ. Елдегі көрініс те құдды осы сияқты. Әйтсе де ақсақалдар себебін іздеп, әуре-сарсаңға түсіп отыр. Кейбіреулерінің айтуына қарағанда, Ақтастың етегіндегі баяғы Жоңғар шапқыншылығынан қалған көне зираттың кейбір қабірі ашылып, сүйектері сыртқа шығып қалса керек. Әне бір жылдары ел адамдары Ақтастың етегінен іргетас құятын тас аламыз деп едәуір жерін қазып тастап еді. Қабірлердің ашылып қалу себебі де сол. Әр нәрсеге мұқият ақсақалдар жауынның жаумауы содан деседі.
– Шөміш қағып көрейік, – деді Есенбай ақсақал.
– Аға, ол қандай ырым? – деді алқақотан отырған жұрттың етегін баса отырған Айдарбек. Ел назары өзіне ауған соң, Есенбай ақсақал бар білгенін қотарып салған.
– Ертедегі қазақ дәстүрі, – деді Есенбай ақсақал, – көктем келіп, Жер-ана бусанып, бәйшешек гүлдеп жатқан уақытта жып-жылы жауынның бір құйып беретіні бар. Шөп пен егінге нағыз керек ылғал. Егін егіліп болған, ендігісі шөптің жайы. Жауын жаумаса, үлкендер «күн күркіресін, көк дүркіресін» деп тілек тілеген. Қолдарына ағаш сапты ожау алып, маңдайшаға тигізіп, «ағарған мол болсын» деген ізгі ниеттерін Жаратқанға жеткізіп жалбарынған.
Жаратқан өз пендесін таршылықта сынамайды. Көп ниеті қабыл болып, Арқаның ақ жауыны апталап құйып беретін оқиғалар көп кездескен. Көпті көрген көнекөздің ұсынысын қабыл алған жұрт бағзы замандағы ырымды орындауға кірісті.
Біз ауылдан аттанып бара жатқанда, теріскейден жылжыған шөкімдей бұлт әуеде жібек орамалдай жайылып, баданадай-баданадай жауын шөліркеген даланың төсіне құйыла бастады. Осы бір ғаламат көрініске таңғалғанымыз бар. Ескінің есті ырымын сақтасақ, ел ырысы да мол болады екен-ау.
Байқал БАЙӘДІЛ, egemen.kz