Шу ауданының үш бірдей мектеп оқушылары бокстан Иордания мемлекетінің Амман қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алтыннан, күмістен, қоладан алқа тағынып, елдің абыройын асқақтатты.
Ел намысын қорғаған батырлардың бірі — М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Мадияр Бексұлтанов.
Ол — қола жүлдегер.
Аудандағы ағайын оқушыны ыстық ықыласпен қарсы алды.
Өз кезегінде Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев оқушыны ата-анасымен бірге арнайы қабылдап, байрақты бәсекеде көк Туымызды желбіреткен оқушыға сый-сияпатын ұсынып, алдағы бәсекелеріне қолдау білдіретін жеткізді.
Сондай-ақ, жасөспірім қыздар арасында өткен чемпионатта белбасарлық Бахыт Сейдіш алтын алқаны, Оразалы Батыр ауылының тумасы Нұрсұлу Сүйінәлі күміс жүлдені иеленген болатын.
Бұл туралы аудан басшысы:
— Қос бұрымды қыздарымыздың өңірге аман-есен оралуын күтіп отырмыз. Оларға да лайықты құрмет көрсетеміз. Мемлекеттің абыройын асқақтатар ұландарымыз көп болсын!, — деді Сәкен Қаланұлы.