ШУДА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Шу ауданына қарасты Д.Қонаев ауылында көптен күткен қуаныш болды. Олай дейтініміз көркіне көз тоятын, ауылдың ажарын аша түскен Мәдениет үйі салтанатты жағдайда пайдалануға берілді. Мәдени ошақтың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев арнайы қатысып, қонаевтықтардың қуанышымен құттықтады.

Сонымен қатар осы ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Қайранов та жерлестеріне жүрекжарды тілегін жеткізді.

Конституция күні қарсаңында ел игілігіне берілген бұл нысан ауыл тұрғындарының көптен бергі арманы болатын.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген нысанға 352 млн. теңге жұмсалды. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары жыл ішінде жүргізіліп, ауыл қарияларының қадағалауымен белгіленген мерзімде беріліп отыр.

180 орындық жаңа мәдени ошақтың құрылысын «Астана энерго-мастер» ЖШС сапалы түрде табыстаған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылған.
-Баршаңызды жаңа ғимараттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге облыс әкімі Нұржан Молдиярұлының ыстық сәлемі мен құттықтауын жеткізгелі келдім. Жалпы алғанда аймақта 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі осы Мәдениет үйі. Айбынымызды асқақтатар Ата Заң күніне орай ашылған мәдени ошақ құтты болсын!

Игіліктеріңізге жарасын! Болашақ өнер саңлақтарының алғашқы сахнасы болсын! –деді Еркін Құлынбайұлы өзінің құттықтауында.
Қонаев ауылы тұрғындардың саны бойынша аудан орталығы саналатын Төле би ауылынан кейінгі үлкен ауыл. Мұнда 6 мыңға жуық халық мекен етіп, ауылдағы 1169 аулада 18 ұлттың өкілі тату-тәтті тірлік кешуде. Тұрғындардың дені егін егумен, мал шаруашылығымен, сауда-саттықпен өзге де кәсіп түрлерімен айналысады.
Қонаев ауылдық Мәдениет үйіне 17 штаттық бірлік беру жоспарланған. Оның ішінде меңгеруші, мәдени ұйымдастырушы, дыбыс режиссері, үйірме жетекшілері, шаруашылық меңгерушісі мен техникалық қызметкерлер бар. Сонымен бірге осы ғимарат ішінен ауылдық кітапханаға арнап 2 бөлме берілуде. Заманауи үлгіге сай жарақталған Мәдениет үйі қонаевтықтарға қызмет етпек.
Салтанатты шарада мердігер компания Қонаев ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Айнұр Мұратқызына символикалық кілтті табыс етіп, Еркін Үйсімбаев пен Шу ауданының Құрметті азаматы Жұмахан Оспанов жаңа нысанның лентасын көпшіліктің алқауымен қиды.
-Биыл аты аңызға айналған ардақты тұлға Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Біртуар перзенттің атымен аталған ауылда ашылған Мәдениет үйі торқалы тойға тамаша тарту деп ойлаймын. Ауылымыздың ынтымағы жарасқан, ырысы тасқан топырақ. Осыдан бір-екі жыл бұрын ғана «Үлгілі ауыл» атанып, қомақты жүлдеге қол жеткізгеніміз бар. Ауылдастарымды бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын. Берекелі тірлігі баянды болсын,-дейді Жұмахан Оспанов Мәдениет үйінің ашылу салтанатында.

ШУ АУДАНЫ