«Шұғылалы таңның» «Жігерлі жүректері»

Түркістан облыстық «Шұғылалы таң» қайырымдылық қоғамдық қорының құрылғанына осы рамазан айында тура он жыл толыпты. Осы уақыттар ішінде алғашында қала аумағында басталған қордың қызметі біртіндеп қанатын жайып облысқа кеңейіп, әр аудан, әр ауылға дейін ұлғаяды. Жүздеген қайырымдылық шараларын өткізіп келе жатқан қордың бұл жолғы шарасы өте ауқымды. Өмір болған соң тағдыры әртүрлі адамдарға кездесесің. Тірлігіміз бір, қоғам жалпыға бірдей. Кейбіреуі туа бітті жаратылыстық кемістіктен, кейбіреулері жүре келе сынақтар мен тосын қиындықтарға кездесудің салдарынан өмірінде өзгеріс болып, денсаулығы мен болмысында ақаулар пайда болады. Сол себепті мүмкіндіктері шектеулі жандардың күйін кешіп қалады. Ондай топтағы адамдардың кейбіреулері тағдырға мойынсұнып, өмірдің илеуімен, тағдырдың билеуімен кетеді. Ал, енді бір тобы сынаққа сынып қалмай, қиыншылыққа мойымай өмірге құштарлықпен қарап, құлшынысын арттырып, ақаулардан арылып, кемшіліктерді кетіріп, ерлік пен намысқа мініп тосын шешім, шұғыл бұрылыстар жасайды. Осылайша төрт мүшесі сау адамдардың өзі жасай алмайтын тың дүниелерді орындап, үлкен табыс пен зор нәтижеге жетеді.

Мүмкіндігі  шектеулі жандардың жанына тамызық беріп, жүрегінің алауын тұтатуға екі себеп бар екен. Біріншісі, өзінің ішінен қайнап шыққан жанқиярлық пен жалындаған арман жетегімен жеңіске жетеді. Екіншіден, сыртқы себептердің түрткі болып, қолдап қуаттап, дем беріп, шабыт сыйлауының арқасында атқа мініп, асуларды бағындырады. Міне, сондай бір шараның куәсі болып, үйлесім тапқан өмірді, еншісін еңбегімен тауып, елдің қалаулысы болған жандардың тұлғалық сипаттарын танып, өнегелі өмір жолдарына сүйсініп қайттым.

Түркістан облыстық «Шұғылалы таң» қоғамдық қайырымдылық қорының бастамасымен ұйымдастырылып отырған «Жігерлі жүрек» мүмкіндігі шектеулі жандардың ІІІ форумы қасиетті Түркістан қаласындағы  «Congress Hall»-да өтті. Осыған дейін Шымкент қаласында бір рет, Түркістан қаласында бір рет өткен форум өз жұмыстарын жүйеге түсіріп, дәстүрге айналдырыпты. Облыстық әкімдік, қалалық әкімдік қолдаушылық танытқан шараға облыстың әр өңірінен мүмкіндігі шектеулі жандардың өкілдері, ардагерлер, ата-аналар, студенттер мен мектеп оқушылары келіп қатынасып, зал толып отырды. Шымкенттен және Алматыдан арнайы қонақтар қатынасты. Шараны ұйымдастырған – «Шұғылалы таң» қорының құрылтайшысы Орманова Дана Садыққызы. Ал, «Жігерлі жүрек» – жас өнерпаз, әнші, шебер ұйымдастырушы Салих Қалиевтың авторлық бағдарламасы. Дана Орманова мен Салих Қалиев форумының ойдағыдай өтуіне барын салып дайындалғанын көрдік.

Сахна шымылдығы ашылып, шара басталған сәттен көрерменге  театрланған қойылым ұсынылды. Терең мағынаға толы, ғибратты көрініс талайдың көңілін босатып, көзіне жас алдырды. Оған ілесе, мектеп оқушыларының орындап шыққан мың бұралған әсем биі отырғандардың көңілін көтерді. Дарынды өспірімдердің өнеріне қош болып, қол соқтық. Сонан соң облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлы сахнаға шығып құттықтау сөзін айтты. Олар өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарынан оза шауып, қоғамға өз ықпалын көрсетіп жүрген еңбекте, өнерде өзінің артықшылықтарын көрсетіп, көпке өнеге болып жүрген жандарға сыйлықтар ұсынып, грамоталар берді.  Онан кейін Облыстық бас имам Ержан молда сөз алып, бұл форумның өтуінің сан қырлы мәні бар, соның бірі салауатты өмір салты болса, екінші жағынан мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудың өзі имандылықты ту еткен қайырымды қасиет екенін баса айтты. Әсіресе қасиетті рамазан айымен тұспа-тұс келген шараның тұтас қоғам мүшелеріне берер үлгісі мол деді.

Іле-шала халықаралық «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нен арнайы келген «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлына сөз берілді. Мен өз сөзімде компаниямыздың Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының құттықтауын оқып беріп, форумға сәттілік тіледім. Алматыдан арнайы алып барған құттықтау хатын форумның бірден-бір ұйымдастырушысы Дана Садыққызына тапсырып, конверттегі кәдесыйымызды қолына ұстаттым.

Ресми бөлімі аяқталып, форумның екінші бөлімі өз жұмысын бастады. Көпшіліктің алдына шыққан жеті спикер кезегімен сөз алып, өмірлері мен тап қолған тағдырлары туралы баяндап, жүргізуші сұрақтарына қысқа да нұсқа жауап беріп, әсерлі сәттерімен бөлісті. Зал толы көпшілік тапжылмай отырып тыңдап, шешендердің жүрек тербейтін лебіздерін естіп, мотивациялық шабыт алып, олардың ерлік намыстары мен жігерлі жүректеріне таңғалып тамсанды. Сөйлегендердің дені әртүрлі жағдайларға тап болған біреуінің көзі көрмейді, біреуі аяғынан жүре алмай арбаға таңылған, енді біреуінің қозғалысы қолайсыз болатын. Сөйте тұра тап болған жағдайларына қарамастан Құдайдың берген өз қасиетін көре біліп, таланттарын ашқан кісілер еді. Бірі тігінші, бірі қолөнер шебері, бірі әнші, бірі бухгалтер, тағы біреуі кәсіпкер. «Жігерлі жүрек» форумы мүмкіндігі шектеулі жандардың жан сырын көпке жеткізеді. Оларды қоғамға таныстырып өмірге бейімдейді. Көмескі көздерін ашып, тасадағы қырларын танытып табысқа жеткен тағдыр жолдарын таныстырады.

Жеті адам белгіленген уақыт ішінде өз тақырыптарын ортаға салып ой бөлісті, сұрақтарға суырылып шығып жауап берді. Соңында олардың қатарындағы әншілер өнерлерін көпке көрсетіп, форумның мазмұнын аша түсті. Түркістан қаласының Іскер әйелдер қоғамының Төрайымы, кәсіпкер  Гүлмира Салыбекова ханымның еңбегімен демеушілігін айрықша айтуға болады. Ол әр спикерге бағалы сыйлықтарын тарту етіп, жүрек жылуын сездіріп арқаларынан қақты. Кеш барысында әсіресе, «Жігерлі жүректің» авторлық жетекшісі Салих Қалиев бауырымыздың әншілігі де, стиль моделдігі де көпті таңғалдырды. Билік қолдап, халық дем беріп, «Шұғылалы таң» бастамашылық танытқан форум көздеген мақсатымен табысты өтіп, өз мәресіне сәтті жетті.

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

«Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы