Шүкір шөбінің шипасы
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Аққұм ауылында түрлі емдік шөптер өседі. Сондай емдік шөптің бірі шүкір деп аталады екен. Шүкір шөбіне байланысты ауыл адамдары айтқан әңгіменің бірі мынадай.
Бірнеше жыл бұрын ауыл тұрғыны Айдархан Байниязов қойдың басын үйітпек болады. Қыздырғыш лампаны алып, сіріңкені жағып жатқанда ішінде бензині бар лампа атылады. Айдархан ағаның қолы мен бетін түгел жалын шарпып, күйіп қалады. Дереу ауруханаға жеткізіліп, беті бері қарайды. Бірақ дәрігерлер күйген бетінің терісін кесіп алып тастай береді. Мұны онша жарата қоймаған Айдархан аға өз еркімен ауруханадан шығып, Аққұмға қайтады. Шүкір шөбінің тамырын алдыртып, май жасап, бетіне жағады. Бірнеше күннен кейін күйігі толық жазылып, бетінде дақ та, қотыр да қалмайды.
Біз өсіп тұрған шүкір шөбін көрдік. Қаулай өскен түрлі өсімдіктердің арасынан түйежапырақ тәрізді жалпақ жапырақтар жалпиып жатыр. Ортасынан шығып тұрған қызыл гүлді сабағы бар шөп бірден көзге түсті деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Бұл шөптің нәрі тереңге кеткен тамырында екен.
Ақтөбе темір жол ауруханасының фитотерапевт-дәрігері Мәжит Оспанов шөппен емдеумен айналысады. Ол шүкір шөбі туралы біраз ізденген екен.
– Бұл шөп туралы ғылымда мардымды ештеңе жазылмаған. Ғалымдар мұны татар рауғашының бір түріне жатқызады. Жапырақтары маусымның бас жағында қурап кетеді. Одан кейін оның тамырын табу қиынға соғады, – дейді.
Мәжит Оспанов бірде ауылдық ауруханаға дәрігер жетіспегендіктен уақытша іссапарға жіберіледі. Бірде бір келіншек қайнаған суға күйіп қалып, ауруханаға түседі. Бір апта емдейді, күніге екі-үш рет күйікке медициналық майларды жағып, таңады. Алайда күйігі жазылып болмағанына шыдамаған келіншек ауылына, Аққұмға кетіп қалады. М. Оспанов 3-4 күннен кейін шыдамай Аққұмға барып, науқастың жағдайын көрмек болады. Сөйтсе күйік тез жазылған. Бұған таң қалған Мәжит:
– Күйікке нендей май жаққаныңды айтшы, ешкімге айтпаймын, – дейді. Келіншек шүкір шөбінің тамырын ұнтақтап, жараға сепкенін айтады. Мәжит Оспанов содан бастап шөппен емдеуге, оның ішінде шүкір тамырын пайдалануға бет бұрады.
– Шүкір шөбінен тұнба жасап, әуелі он күн өзім іштім. Өйткені басқа біреуді ауыртып алып, масқара болмауым керек қой. Ағзаға оң әсері бірден байқалды. Содан кейін науқастарға ем ретінде пайдалана бастадым, – дейді дәрігер.
Мәкең шүкір шөбінің емдік қасиеті зор екенін айтады. Тіпті оны асқазан жарасына да қолданыпты. Бір танысы асқазан жарасынан көп зардап көреді. Содан Мәжит ол кісіні ауруханаға жатқызып, шүкір шөбінен жасалған тұнба ішкізе бастайды деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Алғашқы күні-ақ әлгі науқастың жаны жай табады. Тоғыз күннен кейін әлгі науқас тексеруден өтсе, адам сенгісіз. Содан кейін ол адам аурухананы да, курортты да ұмытыпты.
Бір әйел бауыр циррозымен ауырды. Ақтөбенің ауруханасы үміт жоқ деп үйіне қайтарып жіберді. Өмірден үмітін үзбеген әлгі әйел Мәжитке келеді. Мәкең салаубасты теріп әкеліп, шүкір шөбі мен мыңжапырақты қосып, тұнба жасап ішкізеді. Көп ұзамай әлгі әйелдің ішінің ісігі кетіп, айығып шығады.
Өкінішке қарай, шүкір тұнбасы, шүкір шөбінен жасалған дәрі дегенді ести алмай жүрміз. Одан дәрі-дәрмек жасап, медицинада қолдануға мүмкіндік болмай отыр. Ол үшін, біріншіден, авторлық патент керек. Екіншіден, дәрі-дәрмек жасау үшін көп қаражат кетеді. Ғалымдар мен дәрігерлер бірігіп қолға алса, шүкір шөбінен адам денсаулығы үшін қажетті дәрілер жасап шығаруға болатын секілді.
Бердібай КЕМАЛ.
Kazakh-tv.kz.
«Ауырмаңыз!» газетінен алынды.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)