ШУЛЫҚ ЕКІ ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ
Бүгін Бірлік ауылдық округінің екі бірдей тұрғыны баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Жерлестеріміздің қуанышымен бөлісіп, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ауыл ақсақалдарымен бірге жаңа баспанаға құтты болсын айтты.
Аталған екі тұрғын үй де “Қазақмыс” корпорациясының демеушілігімен алынғанын айта кеткен жөн. Кәсіпорын өкілдеріне аудан әкімдігінің ұсынысына бірден қолдау білдіріп, баспанаға мұқтаж екі отбасының үйлі болуына сеп болғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Салтанатты шараға кәсіпорын өкілдері арнайы келіп, үй иелеріне символикалық кілтті тапсырды. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да қазақы дәстүрге сай демеушілердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Тағы бір айта кетерлігі, “Қазақмыс” корпорациясы тарапынан дәл осындай демеушілік жұмыстар өз жалғасын табуда. Ендігі кезекте Көкқайнар ауылындағы екі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, 4 ауылдық округте спорт алаңшалары салынуда. Сондай-ақ, Көкқайнар ауылында күрес залы бой көтеретін болады. Бұдан өзге де бірқатар жұмыстардың дәл осы кәсіпорын қаржысына жасалып жатқанын айта кету керек. Алдағы жылы да демеушілік жұмыстар жалғасып, аудан игілігі үшін ауқымды тірліктер атқарылатын болады.