ШУЛЫҚ ҚҰТҚАРУШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Өткен аптада ауданымызда ауа-райының қолайсыздығына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Нәтижесінде, көліктер діттеген жеріне жете алмай, жолаушылар құтқарушылардың көмегіне жүгінген еді.
Сондай сындарлы сәтте шулық азаматтар да шет қалмай, қиналғандарға қол ұшын бергені белгілі. Оның ішінде кестесінен кешіккен пойыз жолаушыларына ас-су әзірлеп, қолдау көрсеткен жерлестеріміз де болды. Осыған орай, бүгін төтенше жағдайдың салдарын жоюға және құтқару амалдарына атсалысқан азаматтармен арнайы кездесіп, алғысымызды жеткіздік.
Жұдырықтай жұмылған, сауапты іске бел шеше кіріскен жерлестерімізге арнайы марапаттарын табыс етіп, қысылтаяң шақтағы ауызбіршіліктері үшін ризашылығымызды білдірдік. Олардың арасында құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен теміржолшылар, байланысшылар мен кәсіпкерлер, сондай-ақ, мұғалімдер мен қарапайым азаматтар да бар.
Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі