ШЫҰ-ға сын айтатындар көбейді

Қырғыз астанасында өткен ШЫҰ-ның кезекті жиналысы әлемдік саясаттанушылардың назарынан тыс қалған жоқ. «Ресей мен Қытайдың АҚШ бастаған батыс елдеріне қарсы қалқаны» ретінде танитын бұл ұйым, жыл сайын жиналыс өткізіп отырады. Кезекті Бішкек саммиті де сол дәстүрдің жалғасы болды. «Экстремизм, терроризм, сепаратизммен бірлесіп күрес жасау, есірткі тасымалына тосқауыл қою» секілді «дәстүрлі» сөздермен басталған жиналыста әрбір мемлекеттен келген басшылар өз ойларын бүкпесіз ортаға салды.

 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ арасында киберқауіпсіздікті күшейту қажет екенін айтты. Ол ШЫҰ басқа да халықаралық ұйымдармен байланысты күшейтуге шақырды. Тоқаевтың айтуынша, бұл идея Нұрсұлтан Назарбаевтың ШЫҰ-ның жөніндегі талайдан бергі ойы екен. Ал Иран президентінің АҚШ-тың зор еркелігі туралы сөзіне және аймақтағы қауіпсіздік мәселесіндегі «заңсыздықтар» туралы пікіріне Ресей және Қытай басшылары қолдау көрсетті. Саммитте негізінен аймақтағы қауіпсіздік мәселесі және экономикалық ынтымақтастық сияқты мәселелер талқыға түсті. Ауғанстан президенті Ашраф Гани, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Иран президенті Хасан Рухани, Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга бақылаушы ретінде қатысты. Осылайша кезекті саммит «Бішкек декларациясын» қабылдаумен мәресіне жетті.
Құрылғанына 20 жылға таяған ұйымның, қазірге дейінгі қызметі мен геосаясаттағы беделі, ұйымға мүше мемлекеттердің «ішкі көңіл күйі» туралы саясаттанушылар әртүрлі пікір айтып жатыр. Бір қызығы биылғы Бішкектегі өткен ШЫҰ саммиті туралы сыни пікірлер айтушылардың қатары молайғандығы еді. АҚШ басылымдары болса, «сауда соғысынан сыр бере бастаған Си Цзиньпин ШЫҰ-дан қолдау күтетін сияқты. Алайда ұйымға мүше мемлекеттердің барлығының өз ішкі есептері бар. ШЫҰ өзіне мүше мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды түбегейлі реттеп, ынтымақтастық аясын кеңітуде табысқа жете алған жоқ» деп жазады. Олардың сөзіне қарағанда бұл тек қана геосаясаттағы Ресей мен Қытайдың мүдделеріне пайдаланылатын ұйымға айналған. Мұндай пікірді өзге де тәуелсіз саясаткерлер ортаға салған. Қазақстандық тәуелсіз сарапшылар да жыл сайын өткізіліп отырған ШЫҰ саммиттерінің «мемлекет басшыларының сценарийі бойынша бас қосып қайтатын кезекті жиналыстарының бірі ғана» болғандығын жасырмайды.
Бұл ұйымның «нұрлы болашағы бар» маңызды халықаралық ұйым екендігіне сенімі мол елдің бірі — Қытай болса керек. Кезекті Бішкек саммитінің де аса маңызды жиналыстардың бірі болғандығына жоғары баға беріп отырған Қытайлық саясаттанушылардың да өзіндік уәжі жоқ емес. «Хуа Дұң педагогикалық университетінің» жанындағы «Ресей тану орталығының жетекшісі Пың Жау Ли мырза «ШЫҰ АҚШ бастаған батыс елдері назарындағы саяси ұйым емес» екендігін алға тартыпты. «ШЫҰ Еуразия аймағындағы маңызды ұйымдардың бірі. Оның мақсаты — ұйымға мүше елдер арасында тең дәрежелі қарым-қатынасты және өркениеттер сабақтастығын ілгерлетіп, ортақ даму принциптерін сақтау», — дейді. «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында «қайшылықтардың» да бар екендігі рас. Пәкістан мен Үндістан арасындағы шекара мәселесі талайдан келе жатқан ескі дау. Оның да шешімі болатындығына сенеміз. Біз бұл ұйымның экономикалық байланыстары мен өзара инвесция салу, ортақ даму жақтарындағы мүмкіндіктерін де бағалауымыз керек. Сондай-ақ, «Қырғи қабақ» соғысынан кейінгі әлемдегі аса елеулі саяси оқиғалардың орын алғанына қарамастан, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында күрделі қақтығыстардың туылмағандығын айта кеткен жөн. Яғни, бейбітшілік сақталып отыр. Соңғы кезде Орталық Азия аймағындағы кейбір елдерде билік транзиті де сәтімен аяқталды. Сондықтан бұл ұйымның болашағы мен мүмкіншіліктері зор деп айтуға болады», — дейді саясаттанушы.
Қытайлар өздерінің «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын жалғастыруда ШЫҰ-ның қолдауына мұқтаж екендігін жасырмай отыр. «Орталық Азиядағы аса маңызды ел — Қазақстан, «Бір белдеу, бір жол» стратегиясындағы маңызды қақпа. Қазақ елі бұл бастамаға лайықты қолдау көрсетіп отыр. «Қытай, Қырғыз, Өзбек магистралы» өз жұмысын бастайды деп үміттенеміз. Сонымен қатар қазірге дейін жолға қойылған әрі қалыпты жұмыс күйінде тұрған мұнай-газ транзиті жүйесі де ШЫҰ аясында реттеліп отыр. 2018 жылы Қытайдың ШЫҰ елдерімен болған сауда көлемі 259.3 млрд. АҚШ долларына жеткен. Қытай тарапы ШЫҰ елдеріне 2019 жылдың алғашқы тоқсанында 87 млрд. доллар көлемінде инвестиция салған» деп тарқатады қытайлық сарапшылар. Қытайлар аталмыш ұйымның болашағы мен ынтымақтастығы туралы осылай «сендіріп» отырғанымен де, АҚШ басылымдарындағы айтылып жатқан пікірлер бұдан басқа ойды көлденең тартады. Қытай мен Үндістан арасындағы шекарадағы талас-тартыс, Үндістан мен Пәкістан арасындағы шекара дауы секілді маңызды түйіндердің, ШЫҰ шеңберінде шешім таппай отырғандығын айтқан саясаттанушылар, «ШЫҰ-ның әрбір мүшелерінің өз ішкі есептері бар. Ресей де белсене кірісіп отырған жоқ. «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын орыстардың толығымен қолдамайтындығы түсінікті. Ал Қазақстан секілді елдер «екінші Украина» болып қалудан қатты алаңдайды. Мұның өзі ШЫҰ-ның аса сенімді одақтастардан құралған ұйым еместігін толық дәлелдеп отырса керек. Олар «алып көршілерімен» де, батыспен де жақсы қатынас орнатуды көздейді. Алайда мұндай көп векторлы саясатта «шағын елдердің» жолы бола ма, жоқ па, ол алдағы күннің еншісінде» деп баға берген.
Қазіргі таңда болжауы қиын геосаяси ойындарда Қазақстан бастаған Орталық Азия елдері үшін экономикамен қоса, бейбітшіліктің маңызды екендігі белгілі. Бұл кімге де болсын түсінікті жағдай. Ал соңғы кездегі батыс әлемінен оқшауланып бара жатқан Қытай мен Ресей елдерінің «ымырасы», бұл одақтың беделін белгілі деңгейге жеткізе алатындығынан үміт те жоқ емес секілді…

Ерқазы Сейтқали