Шыдамның да шегі бар
ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВТІҢ ОЙ ТОЛҒАМДАРЫНАН:
Жалпы «ұлтшыл» деген сөзден үрку керек пе? «Халықшыл», «отаншыл» деген сөздер жақсы болғанда «ұлтшыл» неге жаман болуға тиіс? Мұны құбыжық етіп көрсеткен – империялық саясат. Осыдан қорқып келген біз ұлтшыл деуге аузымыз бармай ұлтжанды деп жүрміз… Мен білгенде бұл формада айтылатын қазақта екі-үш қана сөз бар: байжанды, қатынжанды, итжанды. Үшеуі де ұнамсыз сөздер. Ұлт деген қасиетті ұғымды өйтіп қорлауға болмайды. Мен шар тартқан шағымда «бірдеңежанды» атанғанша, жасымда көп бейнетпен алған «ұлтшыл» деген атағымды сақтап қалғым келеді.
***
Басқа елге кіріптар, бодан болғаның ештеңе емес-ау. Бәрінен де сені құл еткені үшін, сол отаршылдарға өмір бойы қарыздар болып, рақмет айтқан жаман екен!
***
Қазақта әр жүз, әр ұлыстың өзіне тән бодандық, құлдық тарихы бар. Біреуі сәл ертерек, екіншісі сәл кейінірек… Қазір айтсаң күлкі: «Ақ патшаға біз бұрын қарағанбыз» деп, құлдық стажымыздың ұзақтығымен мақтанған кезіміз де болды-ау!
***
Кешегі кеңестік дәуірді ойласам, менің көз алдыма әлдебір доңғалақсыз вагонды қара жердің қыртысын көшіре, рельссіз сүйреп бара жатқан жанкештілер елестейді. Содан кейінгі бір сурет – түбі тесік тайқазан. Әлгіге тапқан-таянғаныңды әкеліп құя бересің, құя бересің, бірақ өмірі бір толмайды. Аянышты-ақ!
***
Соңғы жүзжылдықта өзгеріс, төңкеріс атаулы біздің елге сырттан келіп таңылды. Өйткені Қазақстан – Ресей керуеніне тіркелген бұйдалы тайлақтың бірі болатын. «Ит сорлысы көшбасшыға ереді» дегендей, біз империя көшіне ілесіп, қайда бармадық, қай тарапта сандалмадық?!
***
Заман азып, заң тозайын дегенде, халық та өзінің ежелгі ерлік, жауынгерлік салтынан айырылып қалады екен ғой. Мұндайда кешегі батырдан – барымташы, барымташыдан – ұры, ұрыдан – қары туады. Ал қарыдан бәрі туады…
***
Испанның ұлы жазушысы Сервантес «Жалған ақша жасағандар секілді, жалған тарих жазушыларды да дарға асу керек!» деген екен. Оның бетін ары қылсын, егер ол кісінің айтқаны бұлжымай іске асатын болса, біздің тарихшы ғалымдар мен жазушылардың қатары қатты сиреп қалар еді.
***
Біреулер ойлап жүргендей, тарих дегеніміз сабадағы саумал емес – үстіне не құйса да божып тұра беретін. Тарих – өзін-өзі тазартып тұратын телегей теңіз іспетті. Ол өз табиғатына жат дүниені ешқашан қабылдамайды. Сырттан келіп қосылған кір-қоқыс, жапырақ-жаңқаны толқынмен шайып, жағалауға шығарып тастайды.
***
Әдетте сот залында куәлардың «шындықты, тек қана шындықты айтам» деп ант ұстайтыны бар ғой. Біздің қалам ұстап жүрген қауым да халық алдында да солай Құран ұстап, ант берсе артық болмас еді.
***
Шыдамның да шегі бар. Жат ортада жүрген аз ұлт өкілдері белгілі шекке дейін ғана өзін сақтай алады. Қырық күншілік шөлде түйе жануар өркеш майын сорып күн көреді деген сөз бар. Осы тұрғыдан келгенде, қалың қара тасқынның астында қалған Қытайдағы қазақтардың да «өркеш майы» сарқылу алдында.
***
Өз басым ұлттық топырақтан тыс, бүкіл әлемге ортақ әдебиет болады дегенге сенбеймін. Ұлы Абай төрт болыс тобықтыға қарап отырып, бүкіл қазақты таныды. Ақынның қазаққа арнаған сөздерін дүйім дүние тамсана оқыды. Ұлы жырау Жамбыл «Тыңда, Қастек, Қаскелең!» деген екен. Екі ауылдың арасы – ұзаса 40 шақырым. Ал Жәкеңнің үнін жер шары түгел естіді.
***
Қазіргі қазақ тілінің жағдайын ойлағанда, менің көз алдыма көп жылдар көрінген жайдақтап жауыр қылған, құйрық-жалы сұйылған, әбден қанжілік боп, төрт аяғынан бірдей тұралаған тұлпар елестейді.
***
Қазір радио мен теледидарда тіл безейтін қазақтарды тыңдай отырып, таң қаласың. Кілең шүлдірлек, быдықтар мен тұтықтар, кекештер қайдан қаптап кеткен?!
***
Бір кезде ұлы билердің көкірегінде дамылдап, көрігінде шыңдалған осынау ғажайып тілде суырылып сөйлейтін бірде-бір шешен қалмады деген не сұмдық?
***
Бұл күнде дүниежүзінде үкіметі мен парламенті мемлекет тілінде сөйлемей, өзге тілде сайрайтын бір ғана ел бар. Ол – біздің Қазақстан.
***
Марксшілдердің «тіл – қатынас құралы» дейтін қағидасының астарында харамдық бар. Тіл – қатынас құралы ғана болса, оны кез келген басқа тілмен алмастыра салу қиынға түспейді. Бірақ шындығы солай ма? Тіл – жай қатынас құралы ғана емес, әр ұлттың бастан кешкен тарихы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, діл-иманы, бір сөзбен айтқанда, жаны емес пе?! Тілді алмастыру – жаныңды, иманыңды алмастырумен бірдей.
***
Базар билеген заманда саудаға түспейтін дүние жоқ. Қажет боп бара жатса, малды да, мұнайды да, көмір мен темірді де, алтын-күміс, асыл тастарды да, бәрін де бұлдап өткізуге болады. Тек, дүниенің бар байлығын ұсынса да, саудаға салуға болмайтын бір киелі нәрсе бар. Ол – Қазақ елінің тәуелсіздігі.