Шығанақ ауылына 60 жыл
МЕРЕЙЛІ МЕРЕЙТОЙ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қазақстанда мал басын 50 миллионға жеткізу туралы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің шешіміне сәйкес, Сарысу ауданындағы Бетпақдаламен шектесіп жатқан төменгі Шу өзенінің бойынан шаруашылықтар құру туралы мәселе бекітілген.
Осыған сәйкес, алдымен «Сарысу», одан кейін «Шығанақ», «Қамқалы» кеңшарлары құрыла бастады. Осы шаруашылықтардан Бетпақдала мен Арқа жайлауына мал шығарылды. Өз уақытында мал басы көбейіп, мал өнімдері жоғарғы көрсеткішке жетті.
Қаратау өңірінен бастап, Шу бойы, Бетпақдала, Сарысу өзені, Арқа жайлауында осы шаруашылықтарды көркейтуге ат салысқан аудан қайраткерлерінің, еңбек майталмандарының, аға буын өкілдерінің жүріп өткен жолы, еселі еңбектерінің ізі қалды.
Қазіргі таңда бұл өңірде осы аға буын өкілдерінің жасампаз ұрпақтары тұрып жатыр.
Жұма күні басталған Шығанақ ауылының 60 жылдық мерейтойы кеше салтанатты жағдайда аталып өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жақсыбек Дәулетбаев, Жаңатас қалалық алқа билер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, алыс-жақынан келген қонақтар, еліміздің түкіп-түкпірінен келіп бас қосқан ауыл түлектері және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі.
«Бұл төменгі Шу бойы киелі өңір. Шығанақ ауылының жанындағы «Қуаралда» киелі қобызда ұлттық саз дәстүрін орнықтырған, ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының денесі жерленген. Тәуелсіздік алған жылдары үш кеңшар бір ауылдық округке біріктірілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықты елмен бірге еңсерген өңір қазіргі таңда дамудың жолына түскен. Әлеуметтік нысандар жөнделіп, жаңа нысандар салынып, жарық, ауыз су, байланыс, жол мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Имандылық үйлері бой көтеріп, түрлі спорттық нысандар пайдалануға берілді. Кәсіпкерлік қанат жайып, өріс малға толып келеді. Қамқалының тұз кеніннен шыққан тұз өнімдері еліміздің түкпір-түкпірінде сатылуда. Ауыл жұртшылығы шалқар шабытпен мерейтойды атап өтуде. Шығанақтықтар өзінің ұйымшылдығын, ынтымақ- бірлігін, жасампаздығын көрсетіп отыр.
«Ауылына қарап азаматын таны» деген.. Осы ауылдың түлектері, ауылдан шыққан айтулы азаматтар мерейтойға тарту ретінде түрлі нысандарды салып, пайдалануға беріп отыр. Осының бәрі шалғай өңірдегі еңсесін тіктеген елдің жарқын болашаққа деген сеніммен басқан нық қадамының көрінісі», — деген аудан басшысы жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, осы игілікті шараны ұйымшылдықпен өткізуге ат салысқан барлық азаматтарға, қонақтарға, барша ауыл тұрғындарына алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып берді.
Бұдан кейін, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жақсыбек Дәулетбаев, Жаңатас қалалық алқа билер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдіреді.
Ауданның дамуына елеулі үлес қосқан, қосып келе жатқан бір топ ауыл азаматтары «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін», медалімен, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «Аманат» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы ауылдың ең үлкен қариясы Ахметжан ата мен ауылдың жасы үлкен анасы Зиякүл әжеге қазақы дәстүрмен сый-сияпат жасады.
Бұдан кейін Қамқалы ауылдық округінің әкімі Мақсат Төлеутай ауылдың мерейтойын өткізуге белсене ат салысқан азаматтарға Алғыс хаттармен, мерекелік сыйлықтар табыс етті.
Сондай-ақ, шара барысында аудандық мәслихаттың осы округтен сайланған депутаты Талғат Наханов бастаған ұйымдастыру алқасының мүшелері де сахна төріне көтеріліп, мерейтойдың өтуіне қолдау білдірген аудан басшыларына, ел ағаларына алғыстарын білдіріп, құрмет көрсетті.
Шығанақ кеңшарының ең алғашқы директоры, ауданымыздың ардақты азаматы болған Қасым Ысқақовтың баласы Тұрар және қыздары сөз алып, өзінің естеліктерімен бөлісті.
Еліміз аман болып, ауылымыз дами берсін, бейбіт өмірдің бесігінде тербеліп жүрейік деген ниетпен ауылдың 60 жасқа толған 1964 жылғы түлектері «бейбітшілік символы» 60 ақ көгершінді әуелете аспанға ұшырды.
Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.