Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі Елбасының мақаласына байланысты ауқымды шараларды бастады

Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі биылғы жылды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласына байланысты ауқымды шаралардан бастады. Облыс әкімі Д. Ахметовтің тікелей қолдауымен облыс бойынша «Ақ бата- асыл мұра» байқаулары әуелі аудандар мен қалалар деңгейінде ұйымдастырылды. Байқаудың ережелері алдын ала жасалып, жергілікті ардагерлер кеңестеріне жіберілді. Салт-дәстүрлеріміздің басында тұрған ұлттық мұрамызды жаңғырта, халықтық қолдау жасау шараларынан мемлекеттік билік өкілдері де тыс қалмады. Аудандық, қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері аға буын өкілдерінің айтқан ұсыныстары мен пікірлеріне мән бере отырып, ұйымдастырушылық және демеушілік жасау жұмыстарына кең қолдау жасады.

Рухани жаңғыру аясындағы осы халықтық шараны өткізудің ұйымдастыру алқасы құрылып, оған Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Сейітұлы Шерубаев бақылау жасап, басшылық жасап отырды. Қазақстанның мәдениет қайраткері, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, жобаның авторы Сағынбек Ақановқа  облыстық «Ақ бата- асыл мұра» байқауының ұлттық салт-дәстүрде өтуіне ақыл-кеңестер беріп, өзара ынтымақ пен бірлік, ұлттық келісім жағдайында ұйымдастырылуына назар аудару тапсырылды.

Шығыста ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта отырып, ұлықтау жұмыстары өңір бойынша халықтық үлкен шараға ұласты. Облыс бойынша өткен аудандық, қалалық байқауларға жиыны 200-ден астам батагөй халық өкілдері қатысты. Жергілікті жерлерде өткен осы байқауларға мемлекет құрушы ұлттың адамдарынан басқа ұлттың өкілдері қатысты. Солардың ішінде Сергиенко Любовь Спиридоновна, Вейкман Иван Угуович сияқты талапкерлер шығыстың батагөй ел ағаларымен бірге облыстық байқауда өз өнерлерін ортаға салды.

1 — наурыз Алғыс айту күніне орай өңірдің абыз кеуде, қазыналы қарттары облыс орталығында жиылды. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйтқы болуымен тұңғыш рет өтіп жатқан «Ақ бата – асыл мұра» атты байқауда бақ сынау болатын мақсаттары. Дуалы ауыз қарттардың дүбірлі додасына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.
Аудандар мен қалалардың іріктеу сайысынан сүрінбей өтіп келген 22 батагөй қарт сахна төріне жайғасқан соң, Қыдыр ата сайыскер қарттар мен көрерменге бата берді, әжелер шашу шашты. Осы сәтте Өскемен қалалық №46 мектептің «Аққу арман» тобы «Құстар» биін сыйлаған еді, Қыдыр ата бүлдіршіндерге кәдесін берді. Ақтангер ақын Абаш Кәкенов жыр төкті. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өтіп жатқан шараның ашылуы осылай басталды.
– Сіздерді бірінші наурыз — Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің облыста 105 ұлт, 20 конфеция өкілдері бейбіт қатар өмір сүруде. 14 Достық үйі, 123 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасына орай, қазір біз жеті үлкен бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Архиеологияны дамыту, тарихты, мәдени мұраны оқытып, үйрету, халқымыздың бай дәстүрлерін сақтау қатарлы бірегей бағдарламар қамтылған. Мұның ішінде әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейтін «Ата мекен» жобасын айрықша атай кету орынды. Рухани жаңғыру барлық этностардың ұлттық мәдениеттері мен тілдерін сақтау, дәстүрлерін жаңғыртуға мол мүмкіндік берген бірегей халықтық жоба. Бүгінгі өткізіп отырған шарамыз — соның дәлелі, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Байқауда бақ сынауға келген сайыскерлер құрамында айтыскер ақындар, ауданға абыройы асқан ақсақалдар, жоғарыда айтқандай өзге ұлт өкілдері де болды. Кеуделеріне қазақтың қатпарлы тарихын тоқыған 22 сөз зергерінің қатарына жаңадан тіл сындырып жүрген өскемендік Любовь Сергиенконы қосқанын берекеміздің белгісі деп білдік. Әйтпесе, бата беру кез келгеннің қолынан келе бермейтін киелі өнер ғой.
– «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер» демекші, облыстың әр түкпірінен келген данагөй қарттарымыз батаның жаңа түрін, жаңа мазмұнын шығарады деген үміттеміз. Қазылар алқасының құрамында да сөз түсінетін азаматтар отыр. Сондықтан әділ өтуіне сенім зор. Тұңғыш рет өтіп жатқан бұл сайыс рухани жаңғырудың жемісі. Ақсақалдардың аузына Алла сөз салсын, – деп тілегін білдірді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.
Әр ауданның үкілі үміті болып келген шешен қариялардың өнеріне облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев бас болып, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, осы жобаның авторы Сағынбек Ақанов, облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев, Семейдегі халықтық ақындар орталығының жетекшісі Дәмеш Омарбаева, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймарданов, облыстық жастар орталығының жетекшісі Арайлым Есімбекова, ардагер Игорь Замятин сынды қазылар алқасының мүшелері баға берді.

– Құрметті жерлестер, ең әуелі бұл шара тұңғыш рет өтіп отырғандықтан, артық-кем тұсы болса кешіріңіздер. Өңірдегі 240 мыңға жуық ардагерлердің атынан Алғыс айту күніне орай бізді қолдаған облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына зор ризашылығымызды білдіреміз. Ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырған айтулы күнге орай ұйымдастырған бұл шарамыздың келешек ұрпаққа берері мол. Қазақтың әрбір қуанышты сәті батасыз өтпеген. Тіпті, ел қорғауға аттанып бара жатқан батырлардың өзі бата алып аттанған. Сондықтан бұл жобамыз республикалық деңгейде де жалғасады деген ойдамыз, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ақсақалдарға берілген арнайы тақырып бойынша өнер көрсетсе, екінші айналымда егемен елге бата берді. Ал үшінші кезеңде еркін тақырыппен ақ бата берді. Жалпы, бата сөзі киелі екені көзқарақты жұрттың бәріне мәлім. Әр өңірден сараланып келген ақсақалдардың кейбірі аздап батасынан жаңылды демесең, кілең адам жанын тебірентер асыл сөздерді тізбеледі. Дуалы ауыз қарттардың батасы дарысын деген ниеттегі көрерменнің бәрі әр батаға алақан жайып, бет сыйпасып отырды. Бұл бірінші рет өтіп отырған шара болғандықтан сынаудан аулақпыз, десе де, кей ауданның атынан келген ақсақалдардың аузынан «күйеубалалар белді болсын» немесе «қыздарымыз мың жігітті өңгерсін» деген сарында тіркестер кетіп жатты. Ал кейбір ақсақалдардың батасы арнау өлеңге айналып кетіп жатты. Қалай дегенмен де дуалы ауыздан шыққан киелі сөздердің бәріне халық «әумин» десіп отырды. Қазақ дәстүрін, оның ішіндегі киелі өнерін жалғастырған сайыскерлердің алды сексеннің сеңгіріне таяса, арты қылшылдаған қырықтан енді асқан азаматтар болды. Әрине, батаны қазақ жасқа емес, аузының дуасына қарап бергізгенін біледі жұрт.

Ұландық ақсақал өңірдің бас батагөйі атанды

Сонымен, қазыналы қарттар арасындағы бәсекенің 100 мың теңгелік бас бәйгесін үш айналымда да көшелі сөзімен, көркем тіркестерімен көзге түскен ұландық РашитбекМұхамеджанов ақсақал еншіледі. Облыстық додада алдына абыз салмаған ақсақалды бұдан былай жұрт өңірдің бас батагөйі деп атары хақ.

Бас жүлдені жеңіп алған ұландық Рашидбек Мұхаметжанды марапаттау сәті

Бірінші орынның жүлдесі 70.000 теңге жармалық батагөй Мұрат Жармұхаметтің қанжығасында кетті. Екі екінші орынды көкпектілік Шахан Тұрсынханов пен семейлік Қайымхан Бейсенбаев ақсақал әрқайсысы 50 теңгеден 100.000 теңгені бөлісті. Жүлделі үш үшінші орынды 30.000 теңгеден 90.000 мың теңгені Абай ауданынан келген Ақанғали Мақаев, аягөздік ақын Ақаш Көксегенов, тарбағатайлық Серік Бексайынов иеленді. Жүлдегерлерге де, қатысушылардың барлығына 10.000 теңге ақшалай және Шығыс Қазақстан облыстының әкімі Д. Ахметовтің тапсырмасымен дайындалған бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Ақанов – Өскемен қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары