Шығыс Қазақстанда «Халық заңгері» акциясы өтті
Шығыс Қазақстан облысында «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.
«Халық заңгері» республикалық акциясы бүкіл ел аумағында өткізілді. Шығыс Қазақстанда аталмыш акция түгел қалалар мен аудан орталықтарында қолға алынды. Ал Өскемен тұрғындарына екі мекенжай бойынша тегін заңгерлік көмек көрсетілді. Оның бірі – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің әкімшілік ғимараты.
Бұл жерде заң аясында кеңес алғысы келген халық қарасы аз болған жоқ. Әрбір адамды кіреберістен қарсы алып тұрған мамандар мәселесін тыңдап, ары қарай нақты көмек көрсете алатын қызметкерге жолдап отырды. Тұрғындар сот, құқық қорғау, қадағалау органдарының қызметкерлерінің, адвокаттар, сот орындаушылары, нотариустар және облыс әкімдігінің, басқармалардың, қала, аудан әкімдіктері бөлімдері өкілдерінің кеңесін алды.
«Акцияның облыста өткізілуіне ШҚО әкімдігі, облыстық Әділет және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменттері мұрындық болып отыр. Мұндағы мақсат – тұрғындарға тегін заң көмегін көрсету, халықтың заңгерлік сауаттылығын арттыру. Азаматтар әр түрлі мәселелермен келді. Олар түрлі мемлекеттік органдарға жете алмай жүргендіктерін, бүгін бір жерден толыққанды ақпарат ала алғандықтар айтуда. Одан кейін басқа уақытта заңгерге барғандар қомақты ақша төлеп жатады. Ал бұл жерде барлық көмек еш ақысыз көрсетілді. Сондықтан жыл сайын өткізілетін осы акцияның маңызы зор», — дейді Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Серік Жеңісов.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башевтың айтуынша, жемқорлық фактілеріне жол бермеуде және халықтың заң аясындағы білімін арттыруда «Халық заңгері» акциясының берері мол.
«Бұл акция сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізудің жұмыс жоспарына енгізілген.Әрбір келген азаматқа қажетті ақпарат берілді. Негізі көп жағдайда жемқорлық фактілерінің тіркелуіне – халықтың өз құқығын дұрыс білмеуі себеп болады. Сондықтан осындай шараларды жиі қолға алып тұрған дұрыс», — дейді ол.
Берік есімді азамат жер мәселесіне қатысты білмегенін сұрауға келген. Құзырлы басқарма өкілдері оның әр сұрағына толыққанды жауап берді. Ал Асқар есімді қала тұрғыны шетелден сатып алған көлігін тіркеу мерзімі туралы қажетті ақпаратты ала алды. Заңгер мен нотариустың көмегіне жүгінген азаматтар да көп болды.
Айта кетейік, ел бойынша 2016-2023 жылдар аралығында «Халық заңгері» акциясына 8000-нан астам үздік сарапшылар мен шешім қабылдайтын мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 165 000-нан астам адам кеңес алды.