Шығыс Қазақстанда туристік маусым ашылды

Шығыс Қазақстан облысында туристік маусым Ұлан ауданында ашылды. Елдің әр түкпірінен келген туристер ондағы биіктігі 900 метр болатын Қызылтас тауына бір мезетте көтерілді

 

 

Ұлан ауданында ұйымдастырылғвн фестивальге барлығы 400-ге жуық адам қатысты. Жиналғандарға тауға шыққаннан бөлек, тарихи экскурсия, джип-тур, атпен серуендеу, садақ ату, жәрмеңке және әуе шарымен серуендеу ұйымдастырылды.
«Қатысушылар саны бұдан да көп болар еді. Елдегі су тасқыны жағдайына байланысты өтетін мерзімі шегерілді. Содан болар, басында 700 адам келеді деп топшылаған шараға келушілер саны 400-ге дейін кеміді. Дегенмен осы сынды турлар өткізу арқылы Шығыстың туризмін дамытуға болады. Осы жаққа арнайы келген кей адамдар тікұшаққа билет алып, Өскемендегі қонақүйлерде тұрақтады. Өскеменнен бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Семей қалаларынан келді», – деді шараны ұйымдастырушылардың бірі, кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров.

 

 

Құтқарушылар алдын ала учаскелерді бөліп, көпшілік жүретін жерлерге белгі орнатқан. Жұрт сол арқылы тауға шықты. Бүркітші Бақытбек Манайұлы қазақы болмысты көрсетіп, құсын Қасым Қайсенов кентінен арнайы әкелген. Туристер оны айналшықтап, суретке түсуге асықты.