Шыққан биігінен түспеген
Жұмабай Байжанов жайында
Жұмабай Байжанов 1978 жылы Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы оқу-білім саласы жағынан Бүкілодақтық жарыста ІІІ орынға шығып, марапатталған екен. Облыс, республика бойынша да үздіктер қатарынан көрінген өңір балалардың өндірістік бригадаларын ұйымдастыру мен жазғы демалыстарын өткізу науқанын өте тыңғылықты жүргізгені жоғары бағаланыпты. Ал көппен жасалған осы бір үлкен істің басында сол кезде аудандық білім бөлімін басқарған Жұмабай Байжанов жүрген еді. Бүкіл саналы ғұмырында тек әділдік жолында қызмет еткен Жұмабай Кәрімұлы 80 жасқа толып отыр. Заманында көп істің ұйытқысы болған, кесе-көлденең келетіндерге жаны қас, кемшілік-қателіктерді түзету үшін басын тауға да, тасқа да соққан азамат сол еңбегінің жемісін көрді деп айта аламыз. Бүгінгі күні құрметті зейнет демалысында отырған ақсақал кейінгі буынға ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. Өңіріміздің қоғамдық жұмыстарынан қол үзген жоқ. Енді сол арпалысқа толы, бірақ соның сынынан сүрінбей өткен, ғибратты дәуір кешкен Жұмабай ағамыздың өмірі жайында азкем әңгімелесек.
Жұмабай Байжанов 1936 жылы Ресейдің Қорған облысында дүниеге келген. Әкесі Кәрім Ұлы Отан соғысына аттанғанда, анасы Гүлбану екеуі қазіргі Сарыкөл жерінде тұратын ата-әжелерінің қолына келеді. Балалық шағы Аманжол, Шабақжарған ауылдарында өткен екен. Бірақ сол ауыр жылдары бала болып қызық көрмеген Жұмабай «жалаң аяқ, жалаң бас соқаның соңына жегіліп, жер жыртып, күздің күні қолына орақ алып, мал азығын дайындап алатынбыз» деп есіне алып отырады. «Сұрапыл соғыс жылдарының қиын кезеңіне байланысты өмір жолымды оқудан емес, еңбекпен бастау пешенеме берілді. Бірінші сыныпқа 1945 жылы бардым» деп, кейін өзінің «Әркімнің өзі шығар биігі бар» атты естелік кітабында келтіріп өтіпті. Он жылдықты ойдағыдай аяқтаған Жұмекең 1955 жылы Қостанайда қайта құрылған педагогикалық институттың тарих-филология факультетіне оқуға қабылданады. Студент күнінде қазақтың біртуар азаматы, академик Манаш Қозыбаевтан дәріс алғанын мақтан тұтады.
1960 жылы Әулиекөл ауданында комсомол комитетінің отырысында жастар бөлімінің меңгерушісі, артынша хатшысы болып сайланған Жұмабай Кәрімұлы өзінің іскерлік қабілеттілігін, табандылығын дәлелдеп берді. Сол жылы Құдай қосқан жары Мәрия Ахметбекқызымен шаңырақ құрып, отбасылық өмірі басталды.
Жұмабай ағамыз сонау 60-жылдардың басында аз уақыт Диев орта мектебінде мұғалім, Москалев орта мектебінде директор қызметтерін атқарды. Ісіне мығым, алдына қойған міндеті мен айтқан уәдесін орындамай тынбайтын, алғыр жас маман 1962 жылы Әулиекөл аудандық білім беру бөліміне жетекшілікке келеді. Бұл еліміздегі ана тілімізде оқытылатын білім ошақтарының, олардағы қазақ сыныптарының қысқарып жатқан кезі еді. Осы бір шақ халқымыздың ана тілінен біржола айырылып қалуының алдында тұрған кезеңі еді. Ұлттық мектептерді жабу аудандық кеңес атқару комитетінің арнайы қаулысы бойынша жүзеге асырылады. Ал оның басында жүрген Жұмабай Байжанов секілді арын өзінен жоғары қоя білген азамат ұлтына қиянат жасауға қолы бармады.
1966 жылы Жұмабай Кәрімұлы үшін қызметтегі өсу сатысының жаңа белесі басталды: халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол азаматтың қаншалықты іскер болғанын бізге дейін талай ақсақалдарымыз жазып кетті. Сондай игі тілегін білдіргендердің қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері Сералы Жакетов замандас інісіне жоғары баға берген екен:
«Ол Әулиекөл өңірінде басшы қызметтерде еңбек ете жүріп, жаңадан ұйымдасқан «Целинный», «Раздольный», «Соснов», «Дружба», «Тірсек», «Көктал», «Приозерный» кеңшарларында алдымен сегіз жылдық мектептердің үйлерін салуға, соңынан оларды қажетті құрал-жабдықтармен, оқытушытәрбиешілермен қамтамасыз етуге белсене араласты. Әрине, жаңа мектепті ашып, оған оқушылар мен оқытушыларды орналастыру оңай шаруа емес…
Сондай-ақ, Ж.Байжанов, әсіресе Н.С.Хрущевтің басқару кезеңіндегі кадр мәселесіндегі келеңсіздікті де тілге тиек етеді. Қазақстанның солтүстік облыстарын түбінде Ресейге қосу мақсатымен Тың өлкесі құрылды». Жұмекең алғаш қызметін бастаған кезінде Социалистік Еңбек Ері Қ.Тұрғымбаев, А.Тищенко, М.Иманмағзұмов, И.Шевченко, Республика білім беру ісінің озаты С.Нәбиев қатарлы тұлғалар ақыл-кеңесін беріп, үнемі қолдау көрсетіп отырыпты. 70-жылдары Әулиекөлдегі Ш.Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебінің ғимараты ескіріп, оның орнына зәулім орда бой көтерген екен. Міне, бұл іске Жұмекеңнің қосқан үлесі бар. Ал аудандық аурухананың 240 орындық кешенін салу мәселесі тікелей Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевпен келісіледі екен. Сол аурухана мерзімінде салыныпты. Және медицина қызметкерлеріне арналып 20 сәулетті тұрғын үй бой көтерген екен. Осы науқанның бел ортасында Жұмабай Байжанов жүрген деп еске алыпты кезінде ардагер Қуаныш Шамшиев: «Жылдың төрт мезгілінде ауданның елді мекендерін аралап, әлеуметтік саладағы олқылықтарды өз көзімен көріп, дабыл қағатын. Шаруашылық басшыларын кемшіліктерді жоюға жұмылдырды. Ауданның өміріне жаны ашитын басшыны совхоз директорлары, қоғамдық ұйым жетекшілері қадірлеп, сыйлады».
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Ұстаз — ұлық емес, ұлы қызмет» деп бекер атамаса керек. Сол бір жүгі ауыр, жауапкершілігі батпандай маман болып қалу бір басқа. Ал әрбір шәкірттің жүрегінде ұлағатты ұстаз болып қана қоймай, мектептер мен емдеу мекемелерін салу ісіне араласып, білім беру сапасын арттыру және материалдық-техникалық базалардың жақсаруына қажымай үлес қосқан бесаспап азаматтар көп емес. Өңіріміздегі осындай жанашыр ұстаздар отбасының бірі деп Байжанов жанұясын атауымызға болады. Олай дейтініміз, Жұмекеңнің Құдай қосқан жары Мәрия апамыз да еліміздің білім беру саласының ардагері. Қазір өнегелі әулет бес баладан немере-шөберелер сүйіп отыр.
Жұмабай ағамыз Әулиекөл аудандық партия бақылау комиссиясының төрағасы, аудан әкімшілігінің халықтың көші-қоны бөлімі меңгерушісі бола жүріп, зейнетке шықты. Бірақ тағы үйде отырмады: аудандағы ардагерлер кеңесіне мүше, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ ректоры жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы болды.
Осы жасқа дейін талай жоғары марапаттар алды. Еліміздің білім ісінің озаты, Әулиекөл ауданының құрметті азаматы, көптеген медальдар мен алғыс хаттардың иегері. Бірақ қай салада еңбек етпесін, өзін ең алдымен ұстазбын деп санайды. Ал «қандай үлкен қызметтер атқарсам да, кісілік қалыпты жоғалтқан емеспін» депті өз естелігінде: «Осы қысқа өмірімде ата-тегімнен дарыған адал, арым таза адам болуға тырыстым. Мансапқорлық, тәкаппарлық, өзін басқалардан жоғары ұстау менде болған емес. Барды қанағат тұтып, елге қолдан келгенше қызмет етуден басқаны ойламай жүргенім хақ. Жиғантергенім, арттырғаным жоқ» — деп, өзінің қарапайым тірлік кешіп келе жатқанын, арының биік екенін мақтан тұтатынын келтірген.
Қыдырбек Қиысханұлы